Басты тақырып

Ел театрлары – Жезқазған сахнасында

     Жезқазған қаласында Ж.Хаджиев атындағы республикалық театрлар фестивалінің тұсауы кесілді. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылып, С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 45 жылдығына арналды.

Фестивальге Павлодар, Астана, Алматы, Арқалық қалаларының театр ұжымдары қатысты. Сонымен қатар, Қарағанды облысының бірнеше театрлары атсалысты. Сегіз труппа екі күн бойы көрермендер назарына спектакльдер ұсынды. Оның ішінде, Жанат Хаджиев дайындаған қойылымдар да сахналанды. Актерлердің орындау шеберліктерін еліміздің белгілі режиссерлері мен артистері бағалады. Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов болды.

Фестивальдің ашылу салтанатында қонақтар алдына облыс әкімі Ерлан Қошанов алғы сөзбен шықты.

Мен Серке Қожамқұлов атындағы театр басшылығы осындай театрлар фестивалін өткізу дәстүрін қайта жандандырғанына қуаныштымын, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл шараны жыл сайын өткізетіндей етуіміз керек деп ойлаймын және де оның шекарасын кеңейту қажет. Оған, тек, қазақстандық театрлардың ұжымдарын жинап қана қоймай, шетелдік артистерді де шақырған абзал. Себебі, Асанәлі Әшімов айтқандай, «Актерлер ешқашан қартаймайды және өлмейді. Олар әрдайым көрермендердің жүрегінде қалады». Біз осы өнерге жастарды жақындастыруымыз керек.

Фестиваль «Ай тұтылған түн» спектаклімен ашылды. Бұл пьеса Ақжігіт пен Зүбаржат атты қос ғашықтың махаббат тарихын баяндайды.

Алғаш рет Жезқазған театры өз есігін 1972 жылы 24 желтоқсанда ашқан болатын. Сол кезде көрермендер назарына М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» туындысы ұсынылды. 1981 жылы мекемеге театр өнерінің майталманы, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың есімі берілді.

С.Қожамқұлов атындағы театр – республикадағы бірнеше беделді театр фестивальдерінің жеңімпазы. Театрда 200-ден астам қойылымдар әзірленген. Өзінің 45 жылдық тарихында ұжым еліміздің көптеген облыстарында гастрольдерде болған. 5 мыңнан астам спектакльдер қойған. 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде театрдың қасбеті, шатыры, жертөлесі, фойесі мен жылыту және су беру жүйесі бюджеттік қаражат есебінен 56 млн. теңгеге жөнделген. Сонымен қатар, 40 жылдық мерейтойы қарсаңында театрдың мұражайы да жөндеуден өткізілді.

♦ ♦ ♦

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласының орталық ауруханасының негізінде желтоқсан айында «Аура Мед» балаларға арналған нейрооңалту орталығы ашылады.

Жаңа орталық 40 орынға шақталған. Онда физиотерапия, емдік денешынықтыру кабинеттері, сонымен қатар, орталық жүйке жүйесі және тірек-қозғалу аппараты бұзылған балаларға арналған терапия бөлімі жұмыс істейтін болады.

Жылына бұл орталықта Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Арқалық және Жәйремнен келген мыңға жуық бала емделіп, оңалтудан өтеді деп жоспарлануда. Орталық Жезқазған қаласының ауруханасы базасында орналасқан.

Жобаның құны – 60 млн. теңге. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласында 2018 жылы ересектерге арналған нейрооңалту орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.

Жоба Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Ерлан Қошановтың көңілінен шықты. Облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына осы секілді тәжірибені облыстың басқа да аудандарында енгізу туралы ұсыныс жасады.

– МЖС жобаларын кеңейту керек. Мүмкін, осы компанияның басшылары облысымыздың басқа да қалаларында филиалдарын ашқысы келетін шығар. Мысалы, Балқашта, – деп атап өтті Ерлан Қошанов. – Бұл өте маңызды және қажетті іс.

Айта кету керек, Жезқазған аймағының дамуының үш жылдық жоспарында денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 875,4 млн. теңгені құрайтын 6 жоба қарастырылған.

Мемлкеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласының орталық ауруханасында тамызда құны 150 млн. теңгені құрайтын МРТ заманауи аппараты бар диагностикалық орталығы ашылған болатын.

Перинатальдық орталыққа жалпы сомасы 90,9 млн. құрайтын медициналық жабдық орнатылды.

Сонымен қатар, қаланың барлық мектептерінде қазіргі таңда медициналық кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button