Ел үшін маңызды күн ән-күймен айшықталды
Еліміздің ертеңі сараланып, мемлекетіміздің даму бағыты айқындалатын тарихи сәтте қарағандылықтардың қарқыны танылуда. Әсіресе, білім мен ғылымның қара шаңырағы – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ұжымы мен студенттері үлкен дайындықпен келген.

Университеттің бас корпусында орналасқан №99 референдум учаскесіндегі ахуал өзгелерден оқшау. Мұнда табалдырықтан аттағаннан-ақ ел мен жер тақырыбындағы асқақ әндер шырқалып, мың бұралған бишілер келушілерді мерекелік көңіл күймен қарсы алуда. Саяси шараның сәнін кіргізіп, ұлттың ұйысуы мен болашаққа деген сенімінің көрінісі іспеттес.
Осы бір тарихи мезетте аталған учаскеге келіп, өз таңдауын жасағандардың қатарында Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, университет ректоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков те бар.

Дауыс беру кабинасынан шыққан соң Нұрлан Орынбасарұлы бүгінгі реформаның құқықтық әрі саяси маңызына тоқталды.
– Біз бүгін үлкен жол айрығында тұрмыз. 1995 жылы қабылданған Конституциямыз – біздің қанатымызды жаңа ғана қағып, бой түзей бастаған кезеңіміздің құжаты еді. Ал, бүгін іргесі бекіп, әлеуеті артқан, толық қалыптасқан мемлекет ретінде жаңа белеске қадам басып отырмыз. Бірнеше ай бойы комиссия мүшелерімен бірге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі халықтың ықыласынан олардың бұл өзгерістерді өз болашағымен тікелей байланыстырып отырғанын анық көруге болады, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Ректордың айтуынша, жаңа заңның басты жаңалығы – адам және адами капиталдың мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде бекітілуі. Бұл – мемлекеттің әрбір азамат алдындағы жауапкершілігінің жаңа деңгейі.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



