Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан заңнамалық реформалар, әлеуметтік және білім беру саласындағы маңызды өзгерістер депутат назарында. Облысқа жұмыс сапарымен арнайы ат басын тіреген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов, Асхат Аймағамбетов, Үнзила Шапақ өңірдегі зиялы қауыммен жүздесіп, бірқатар нысандарды аралады.

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінен басталған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары өңірдегі әлеуметтік мәселелерді алға тарта отырып, сала мамандарымен ашық пікір алмасты. Кездесулерде заңнамалық реформалардың мәні, әлеуметтік қолдау тетіктері мен адам өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер кеңінен сөз болды.
Мәселен, балаларды бес жастан бастап мемлекет қолдайтын жинақтау жүйесіне тарту – болашақ ұрпақтың білім алуына, тұрғын үй жағдайын жақсартуына және қаржылық тұрақтылығын ерте жастан қалыптастыруына жол ашатын стратегиялық маңызы бар бастама екенін депутаттар баса белгіледі. Теңгерімді тетік ата-аналардың жүгін жеңілдетіп қана қоймай, әрбір баланың келешегіне бағытталған нақты әрі ұзақмерзімді инвестиция ретінде бағаланады. Осылайша, аталған бастама бір реттік әлеуметтік қолдаумен шектелмей, ұлт болашағын жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған парасатты қадам ретінде айқындалады. Баланың алғашқы қадамдарынан бастап, оның ертеңіне инвестиция салу – жауапты мемлекеттің, ал, сол мүмкіндікті тиімді пайдалану – саналы қоғамның айшықты белгісі. Уақыт өте келе, аталған жинақтау жүйесі тек жеке отбасының емес, тұтас елдің адами капиталына серпін беріп, тұрақты даму мен әлеуметтік әділеттіліктің берік іргетасына айналмақ.
– Сарыарқаның қасиетті топырағына табан тіреу – біз үшін зор мәртебе. Осындай қарашаңырақта аға буынның тәжірибесі, орта буынның жауапкершілігі мен жастардың үміті тоғысқаны қуантады. Ел ішіндегі бірлік пен татулық – ең басты құндылық. Ғылым мен саналы қоғамның тығыз байланысы – ел дамуының берік негізі. Осындай мәнді кездесулер алдағы ортақ жұмыстарға серпін береді деп сенемін, – деп атап өтті халық қалаулысы Құдайберген Бексұлтанов.
Әлбетте, спикердің парасатты пікірі ұрпақ сабақтастығы мен білімге негізделген қоғам құру идеясы – уақыт талабы ғана емес, елдік мұраттың өзегі екені анық аңғарылды. Мұндай мәнді жүздесулер пікір алмасумен шектелмей, ортақ жауапкершілікті терең сезінуге, бір мақсатқа ұйысқан нақты істерге жол ашады. Демек, татулық пен тағылымды ой тоғысқан басқосу алдағы игі бастамалардың берік баспалдағына айналары сөзсіз.
Өңірге жұмыс сапары аясында депутаттар аутизм спектрі бұзылыстары мен басқа да менталдық ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсететін «Қамқорлық» орталығының қызметімен де жете танысты. Орталық үш жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тегін кешенді көмек көрсетіп, олардың бейімделуіне, жан-жақты дамуына және қоғамға әлеуметтенуіне бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жарық әрі жайлы, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген орталықта логопедтер, дефектологтар, психологтар және емдік дене шынықтыру мамандары кәсіби негізде еңбек етеді.
Мұнда балаларға АВА-терапия, арт-терапия, робототерапия және роботтехника бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, сенсорлық бөлме, музыка кабинеті, қыш шеберханасы, ағаш және тігін шеберханалары жұмыс істейді. «Қамқорлық» орталығы – ерекше балалар мен олардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсететін маңызды әлеуметтік жоба.
Жұмыс сапары барысында депутаттар облыстық жедел жәрдем станциясында болып, фельдшерлермен, дәрігерлермен және жүргізушілермен жүздесті. Кездесу ашық форматта өтті. Депутаттар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа заңның мән-мағынасын, сондай-ақ, зорлық-зомбылық тәуекелдеріне байланысты сақтандыру енгізу жөніндегі бастамаларын жеткізді. Сондай-ақ, 2026 жылға арналған бюджетте жедел жәрдем қызметіне қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғаны қоса айтылды. Бұл – саладағы нақты қажеттіліктердің ескерілгенінің айғағы.
– Жедел жәрдем – адам өмірі үшін күрестің алдыңғы шебі. Сондықтан, бұл саладағы мәселелерді созбалауға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, түйткілдерді жүйелі түрде шешу бағытында жұмысымызды жалғастырамыз, – деп пікір қосты халық қалаулылары.
Облыстық жедел жәрдем станциясындағы кездесу, медицина қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметтің жаңа парағын ашқандай игі әсер қалдырды. Өміршең заңдар, қосымша қаржы және бірлескен күш-жігер арқылы алдағы жылдарда жедел жәрдем қызметі одан әрі нығайып, әрбір науқастың өмірі үшін сенімді қалқан бола түседі.
– Бұқар жырау ауданына жұмыс сапарым барысында ТОО «Polymet Solutions Corporation» кәсіпорнының жұмысымен таныстым. Кәсіпорын химия өнеркәсібіне негізделген және бүгінде 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда қызметкерлер үшін лайықты еңбек жағдайы жасалған, қауіпсіздік талаптары сақталған, өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталған. Өнімдері ішкі нарықта ғана емес, шетелге де экспортталады. Бұл – отандық өндірістің әлеуеті жоғары екенін, өңір экономикасының дамуына нақты үлес қосып отырғанын көрсетеді. Осындай кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі – өңір экономикасының нығаюы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және елдің өндірістік әлеуетінің артуы, – дейді Құдайберген Бексұлтанов.
Иә, халық қалаулыларының Сарыарқа төріндегі атаулы сапары мазмұнды кездесулермен ғана емес, нақты нәтижелерге бағытталған ұстанымымен де ерекшеленді. Ашық диалог алаңында айтылған әрбір ұсыныс, көтерілген әрбір мәселе – халықтың үні мен ел мүддесінің тоғысқан тұсы. Ғылым ордасындағы пікір алмасудан бастап, әлеуметтік нысандар мен жедел жәрдем қызметіндегі жағдайға дейінгі аралықта ортақ жауапкершілік пен жүйелі шешімге деген дайындық айқын аңғарылды. Мұндай кездесулер билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, өңір дамуына серпін беретін нақты қадамдардың бастауы екендігі даусыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



