Ел ертеңіне таңдау
Сайлаудың нәтижесі дауыс санында емес. Оның шынайы мәні – халықтың қолдауында, азаматтардың сенімінде. Сондықтан да, жаңа саяси кезеңдегі алғашқы Құрылтай сайлауының салмағы жоғары. Себебі бұл жолы қоғам тек депутаттарды емес, жаңа өкілді органның жұмыс істеу мәдениетін де қалыптастырады.

Құрылтайдың алғашқы құрамы елдегі заң шығару үдерісінің келесі кезеңіне негіз болады. Сайлаушы үшін «қай партияға дауыс беремін?» деген сұрақпен қатар, «менің таңдауым қандай ұстанымды қолдайды?» деген мәселе де маңызды. Партиялардың бағдарламасына назар аудару осыдан басталады. Сайлауалды кезеңде саяси партиялар өздерінің басымдықтарын таныстырып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын ұсынды. Бірі әлеуметтік саясатқа, бірі экономикалық дамуға, енді бірі өңірлердің мәселесіне, кәсіпкерлікке, білім мен денсаулық сақтауға басымдық береді. Мұндай айырмашылықтардың арасынан сайлаушы өзінің өміріне, тұрғылықты өңіріне және елдің болашағына қатысты маңызды деп санайтын мәселелерге жауап іздей алады. Алайда, бағдарламаға ғана қарап, шешім шығару жеткіліксіз. Кез келген саяси бастаманы жүзеге асыратын тұлға. Сол себепті партиялық тізімдегі тұлғалардың кәсіби тәжірибесі, қоғаммен жұмыс істеу қабілеті, көтеріп жүрген мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс.
Құрылтайдың алғашқы депутаттарына жүктелетін жауапкершілік ерекше. Олар жаңа органның алғашқы жұмыс қағидаларын қалыптастырады. Халықпен кері байланыс орната ма, азаматтардың ұсынысын заң шығару жұмысына жеткізе ала ма, сайлау кезінде айтылған мәселелерді кейін де күн тәртібінде ұстай ма, мұның бәрі Құрылтайға деген қоғамдық сенімге әсер етеді.
Сайлаудың тағы бір маңызды қыры – өкілдік мәселесі. Құрылтай құрамында қоғамның әртүрлі топтарының мүддесі ескерілуі қажет. Елдегі мәселенің барлығы бірдей бір ортаның көзқарасымен шешілмейді. Жастардың, әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, өңір тұрғындарының және түрлі әлеуметтік топтардың өз мәселесі бар. Олардың үнінің заң шығару алаңында естілуі – өкілдіктің негізгі мәнінің бірі. Бұл сайлауды тек саяси партиялар арасындағы бәсеке ретінде қабылдау дұрыс емес. Оның астарында қоғамның өз талаптарын білдіру мүмкіндігі жатыр. Қай мәселе өзекті, қандай өзгеріс қажет, биліктен не күтеді – азаматтың таңдауы осының бәріне өзінше жауап береді. Әсіресе, жастардың сайлауға қатысуы қажет. Себебі бүгін қабылданатын заңдар мен шешімдер ертеңгі еңбек нарығына, білім алу мүмкіндігіне, кәсіп бастауға, әлеуметтік саясатқа және жалпы өмір сапасына әсер етеді. Демек, саясаттан алшақ болу арқылы жастар өз болашағын қалыптастыратын процестен де шет қалуы мүмкін.
Сайлау – бір күндік науқан болғанымен, оның нәтижесі ұзақ уақытқа әсер етеді. Дауыс берер алдында партиялардың бағдарламасымен танысып, ұсыныстарын салыстырып, кандидаттардың қоғамдық және кәсіби тәжірибесіне назар аударған жөн.
23 тамызда сол таңдауды нақты білдіретін күн келеді. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сайлау учаскесіне барып, өз ұстанымыңызды білдіру елдің саяси өміріне қатысудың ең тікелей жолы. Сайлауға қатысып, өз таңдауыңызды жасаңыз. Құрылтайдың ертеңгі келбеті – бүгінгі азаматтың таңдауына тікелей байланысты.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


