Бас тақырып

«Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолы Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін күшейтпек

Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде көлік-логистика саласын, оның ішінде, теміржол инфрақұрылымын кеңейту мен жаңғыртудың маңызын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, автокөлік жолдарымен қатар теміржол желілерін дамыту тасымал жүйелерінің өзара байланысын күшейтіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады.

Сурет автордан

Мемлекет басшысы соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Былтыр «Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, Алматыны айналып өтетін теміржол құрылысы аяқталды. Бұл жобалар еліміздің «Шығыс-Батыс» бағытындағы жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырып, Қазақстанды халықаралық көлік дәліздеріндегі маңызды буынға айналдырды. Биыл «Қызылжар-Мойынты» және «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы басталып, «Алтынкөл-Жетіген» мен «Жезқазған-Сексеуіл» бағыттарындағы теміржол учаскелері жаңғыртылмақ.

– Автокөлік жолдарымен қатар теміржол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған теміржол желісі «Шығыс-Батыс» бағытының жүк өткізу қабілетін едәуір арттырып, транзиттік тасымалдың жаңа кезеңін бастайды. Сонымен қатар, Президент Үкіметке «Бақты-Аягөз» және «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақытылы іске асыруды тапсырды. Бұл бастамалар еліміздің теміржол жүйесінің толыққанды қаңқасын қалыптастырып, өңірлердің экономикалық байланысын нығайтпақ. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші жолы «Мойынты-Достық» және Алашанькоу бағыттарындағы транзиттік өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Жоба толық аяқталғаннан кейін жүк пойыздарының қозғалысы жеделдеп, контейнерлік пойыздардың жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл телімді электрлендіру жоспарланып отыр, бұл көлік-логистика жүйесінің экологиялық және экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған жоба Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 166 шақырымды қамтитын жаңа бағытта соңғы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін 127 шақырымдық «Балқаш-Мойынты» учаскесі пайдалануға берілген. Құрылыс аясында 5 ірі, 87 шағын және орта көпір, 288 су өткізу құбыры, 14 автожол өткелі, сондай-ақ энергетика мен байланыс нысандары салынды.

Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан «Достық» жүк тасымал стансасы бүгінде еліміздің шығыстағы ең ірі логистикалық тораптарының біріне айналды. 1991 жылы ашылған станса қазіргі таңда Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік ағынның 70 пайызына жуығын қабылдап, өңдеп, жөнелтіп отыр. Өткен жылы мұнда 23 миллион 120 мың тонна жүк тасымалданса, биылғы жоспар 26 миллион 800 мың тоннаны құрайды. Сегіз айдың ішінде, жүк айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119 пайызға артқан.

Теміржолды дамыту – елдің экономикалық дербестігін нығайтып, геосаяси маңызын арттыратын негізгі бағыттың бірі. «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолы Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін күшейтіп, көлік-логистика жүйесінің жаңа тынысын ашпақ. Бұл жоба – сапалы инфрақұрылым арқылы ел экономикасын алға бастайтын, болашаққа бағытталған маңызды қадам.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button