Жаңалықтар

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»

… Журналист көп. Есте қалатыны некен-саяқ. Жазу мәнері ғана емес, ісі мен әрекетіне қарай бағаланатын бұл мамандыққа әркімнің-ақ таласы бар болғанымен, бұрқыратып жазғанның бәрін «мықты, қаламы қарымды» дей алмаймыз. Оның үстіне, қазір айтар ойы болмаса да, әдемі сөзбен әрлеп, әлеуметтік желі арқылы жазғанын жарқыратып көрсетіп, танымал болып жүргендері қаншама. Бұл – болашағы бұлыңғыр, бүгінгінің ғана шаруасы. Алмас қылыштай кесіп айтып, өткір сөздерімен қоғамдық көзқарасты қалыптастырып, талайды артынан ерте білетіндері де бар. Олардың әр жазғаны Ахмет Байтұрсынұлы «…ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» демекші, уақыт өтсе де, өзектілігін жоймақ емес. Әуелгі көргенде жарқ-жұрқ етіп, көзді баурамаса да, сынадай еніп, сіресіп қалған көзқарасыңды бір сәтте өзгертіп, нақты деректерді келтіре отырып, жазғанда, айызың қанып оқып, бір ерекше күйге түсесің. Сөздің құдіретін де осы кезде түсінесің. Әсіресе, ол жаратылысы әйел журналист болса, жоғарыда аталған қасиеттерге нәзіктік қосылып, қаламынан шыққан дүние атаулының бәрі, тіпті, ерекше әрлене түспей ме?! Әр проблеманы, не кейіпкерінің жанын нақ түсінетін сезімталдығы тағы бар. Бүгінгі айтпағымыз – журналист Назипа Асқар жайында. Жетпістің бесеуіне келсе де, қаламын қолынан тастамаған ардагер журналист «Қаламгер екенімді ұмытуға уақыт жоқ…» дейді өзі. Себебі, айтарының, жазарының бары өз алдына, ат арылтып іздеп келіп, мақала жаздыратындары тағы бар.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адамның атында орасан ақпарат бар. Ол – тағдырдың формуласы, өмір бағдарламасы. Баласына ат қойған ата-ана сол арқылы ұрпағының мақсатын айқындап, даму бағытын сызып береді дейді. Тіпті, адам есімінің айтылуындағы дыбыстық толқынның өзі баланың мінез-құлқына, рухани қасиеттеріне тікелей қатысы бар. Журналист Назипа Асқардың да дәл осы есімді иемденуі кездейсоқ емес. Көзі ашық, көкірегі ояу әкесі – Қожа он жыл бойы сарылып күткен қызы дүниеге келгенде болашағының қандайлығын сезген де болар, бәлкім!?

«Ал, әйел бауырлар! Жолдарың ашық… өткен замандарың қарғалған заман екені анық… Сілкініңдер! Ұмытылыңдар! Рақатсыз, берекесіз, қатын өсек деген атақтан басқа түк бермеген, ошақтың үш бұты күйбеңінен жоғарырақ ойлап, қанаттарыңды қағыңдар!» – деп жазды қазақтан шыққан тұңғыш әйел журналист әрі аудармашы Нәзипа Құлжанова.

«Жарқ-жұрқ еткен өмірмен емес, елге қылған қызметпен қуанған дұрыс. Мақтаныш ететінім де – осы! Дегенмен, мазалайтын дүние көп. Адам оқуды ұмытқанда, өзі де тоқтайды. Оқы, үйрен. Ал, журналист ретінде ақпаратқа қанық болу үшін тіл үйрену керек. Тіл білгеннің білетіні көп!», – дейді Назипа Асқар.

Өзгенің мықты екенін түсіну үшін өзің де осал болмауың қажет. Дәл осы сөзбен-ақ Назипа Асқардың қайсар мінезін бағалау­ға болады. Себебі, кезінде Нәзипа Құлжанованы Алаш арыстарының өзі құрметтеп, бас иген, сөзіне тоқтаған болса, Назипа Асқар арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы мен қаламына қанат бітірген рухты журналист, марқұм Мақсым Омарбеков жұмыс істеген бұрынғы «Коммунизм таңы – Заря коммунизма», қазіргі «Қарқаралы» газетінде бірнеше жыл қатарынан редактор болған. Тіпті, дәл осындай мықтылардың өздері газетке редактор ретінде шақыртып алғанын айтады көзкөргендер. Серік Ақсұңқарұлы туралы айтқанда, Назипа Асқар ерекше шабыттана түседі. Аузынан шыққан әр сөзінің өзі тұнып тұрған өлең екенін танығандардың бірі де осы – Назипа Қожақызы. Олар да «қыз­сың» деген жоқ. Мықты редактор, қарымды журналист, шебер ұйымдастырушы ретінде қарады, басшы ретінде сөзіне тоқтады. Бұл – мықтыны мықтының мойындауы.

Біреуі – ХХ ғасырда, екіншісі ХХІ ғасырда өмір сүрді демесең, қазақтан шыққан екі журналист әйелдің екеуінің де атқарғаны – бір миссия.

Ардагер журналистің өзі жайлы сұрай қалсаң, әңгіменің ауанын басқаға бұрады. Алаш арыстарын көңілі толқымай айта алмайды. Себебі, олардың атын ауызға алғанның халық жауы атанатын заманда өмір сүрген қаршадай қыздың құлағы олардың атына қанып өскен. Кеңеске қызмет етсе де, ар-намысын жоғары қойған әкесі Қожа аңсап күткен қызының атын Назипа қоюы да осыдан. Балалықпен «ешкімде жоқ есімді неге қойдың, маған ұнамайды!» деп талай жылап келгенде, маңдайынан сүйіп, «Кейін білесің, балам!» деумен шектелетін әкесінің не айтқысы келгенін сол кезде түсінбесе де, қазір жақсы біледі Назипа Қожақызы. Неліктен түсіндіріп айта алмағанын да жақсы түсінді ержете келе. Әкесінің үмітін ақтады.

Журналистің әр жазбасын оқи отырып, ой түймеу мүмкін емес. Оның жазғандары бүгінгі ғана емес, ертеңгі үшін де екенін байқайсың. Кездейсоқ ештеңе болмайтынын түйсінесің.

Есімін Назипа қойған әкенің үміті ақталды. Айтпақшы, «Коммунизм таңы – Заря коммунизма» газетінің атауын «Қарқаралы» деп өзгертіп, баспасөз мазмұнын тың жобалармен байытып, газеттегі коммерцияны практикаға алғаш енгізген де осы Назипа Қожақызы. Бұл бастама 1990 жылы редакторлардың республикалық семинарында таратылып, елдегі біраз газеттер тәжірибесіне енгізді.

Назипа Қожақызының журналистика саласына сіңірген еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Баға беру – болашақтың еншісінде.

Назипа Асқар 2000 жылы Нәзипа Құлжанова атындағы Журналистер одағы сыйлығының иегері атанды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button