Жаңалықтар

Ел азаматы еді

1992 жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Жоғары Аттестациялық комиссиясының алғашқы төрағасы – академик Сейіт Қасқабасов мені ЖАК-тың гуманитарлық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындағанда, Комиссиядағы Жамбыл Тобаяқовпен таныстым. Жәкең бір көргеннен мені өзіне тартып алды, көптен бері танитын адамдай ғылыми зерттеулердің кез келген тақырыптары бойынша пікір алысып, сөйлесіп, әңгімелесіп кеттік. Сондықтан да, Жәкеңді елгезек, ақжарқын, адал көңілі үшін ерекше жақсы көретінмін.

Өзінің қарапайымдылығы­мен, сыпайылығымен, кішіпейілдігімен ерекшеленіп тұратын. Сөзі мен ісінің, уәдесі мен оны орындауының арасында алшақтық болмайтын, уәдесін міндетсінбей орындайтын.

Жамбыл Ошақбайұлының бойынан біз әрқашан азаматтықтың, әдеміліктің, ұлтжандылықтың жарқын нышанын көруші едік. Адамды лауазымына, ұлтына, руына бөліп алаламайтын, кімнің болса да жақсылығының жанында жүріп, қайғысына ортақтасуға тырысып бағатын. Сол баламінез, аңқылдақ ағамыз қазір арамызда жоқ, мына жалған дүниеден өткеніне жиырма жыл толып отыр.

Жәкең мені көптеген қоғамдық ұйымдарға, белгілі ғалымдармен, ақын-жазушылармен кездесуге, конференцияларға, бір сөзбен айтқанда, ылғи да бірге алып жүруші еді. Әттең, өмірден ерте кетіп қалды – бар-жоғы бес-ақ мүшел жаста.

Жәкеңді 1996 жылы 60 жасқа толғанда, еліміздің Мемлекеттік Аттестациялық комитеті төрағасы – академик Әбдіқаппар Әшімов ұжым атынан жұртшылық құрметіндегі ел азаматы, дарынды педагог-ғалым, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі деңгейіне жетуімен шын жүректен құттықтап еді. Бұл шараға Жәкеңнің ұстазы ретінде ғұлама ғалым, академик, Халық қаһарманы Шапық Шөкин, қанаттас достары, академиктер Мейірхан Әбділдин, Құлжабай Қасымов, Назарбай Білиев, профессорлар Совет Исатаев, Досым Сүлеев, Шаһбаз Ершин және басқалар қатысып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірген болатын.

Жәкеңнің терең білімді ғалым ретіндегі Қазақстандағы плазма физикасына, атмосфералық құбылыстарға, физиканың оптика салаларына арнап жазған құнды зерттеулері республикамызда ғана емес, шетелде де жоғары бағаланды.

Ғылыми және әдістемелік еңбектері Польшада, Германияда, Ресейде жарық көрді, халықаралық симпозиумдарда жасалған баяндамалары жоғары бағаланды. Жүзден аса еңбектерінің ішінде «Астарлы аспан», «Электр және магнитизм», «Орысша-қазақша физика терминдерінің сөздігі», «Лекционный эксперимент», басқа да кітаптары кеңінен танымал еді. Жас педагогтар, ғалымдар оның осы еңбектерін күнделікті ұстаздық қызметінде бүгінге дейін пайдаланып келеді.

Сонымен бірге, Жәкеңнің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Аттестациялық комитетінің алғашқы ұйымдастыру жұмысына белсене қатысып, оның физика-математика, техника ғылымдарының тұңғыш бөлім меңгерушісі, Алқа мүшесі ретінде атқарған белсенді қызметін атамай кетуге болмайды. Сонымен қатар, Жамбыл Ошақбайұлы Алматы, Қарағанды шаһарларының жоғары оқу орындарында проректор ретінде ұстаздық ету, әрі жас кадрларды тәрбиелеу, дайындау ісінде де өте жоғары ғылыми-педагогикалық парызын атқарды.

Жәкең әдебиеттен, өнерден, жалпы мәдениеттен хабары мол жан еді. Ол көптеген ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа білетін. Қадыр, Тұманбай сынды ақындар оның студенттік албырт шағынан бергі достары еді. Солармен және өзінің аталас інісі, қазақтың тұңғыш ғарышкер ұшқышы Тоқтар Әубәкіровпен ол Алматы Энергетика институтында кездесулер ұйымдастырған болатын. 1993 жылдың жаз айында біз Жәкеңмен қазақ жұртшылығы арасында «Қарашорда Сеңкібай, Әлтекеде Жидебай, Тобықтыда Құнанбай» деген қанатты сөздегі Сеңкібай – Би атаның Қарқаралы өңіріндегі өткізілген асына осынау әулие бабамыздың ұрпақтары ретінде қатысқанбыз. Жамбылдың анасы Нұрила Сеңкібайдан тараған Салтыбай қажының немересі еді. Осы жиында Жәкең тебіреніп сөйлеп, өлең оқыған жайы бар-тұғын.

Жамбылдың жары, сүйікті Айман жеңгей – егіздің сыңары (Айман-Шолпан), әрі көрнекті драматург Шахмет Хұсайыновтың туған жиені болатын. Ал, ақын Әбділда Тәжібаев Жәкеңнің бажасы еді (Шахаңның туған қарындасы Еркесары – Әбекеңнің жұбайы). Әбділда ақынның үйінде Жәкең досы Тұманбаймен талай жырға толы, сырға толы кештер өткізген. Айман жеңгей екеуі үш алтын асықтай қыз баланы (Әсия, Әлия, Дәния) тәрбиелеп өсіріп жеткізді. Олар қазіргі таңда әр салада еңбек етуде. Немересі Мағжан Тобаяқов Американың Нью-Йорк шаһарында магистратураны тәмамдауда.

Адам өткенге қарап өседі, бүгінгіге қарап бой түзейді, болашақты болжап күн кешеді. Алдыңғы аға толқын сиреп бара жатқан тұста осындай ағаларды, елеулі тұлғаларды естен шығармай қастерлеп отыру – міндетіміз. Халқына бүкіл жаратылысымен аянбай еңбек етіп, ақыл-ой парасатымен, асқаралы қасиетімен танылған Жамбыл Тобаяқов сияқты азаматтарымыздың тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз…

Марат ЖҮКІБАЙ,

профессор.

Суретте: солдан оңға қарай – ҚР ЖАК-тың алғашқы бөлім меңгерушілері – М.ЖҮКІБАЕВ, Ж.ТОБАЯҚОВ, Р.ТӨЛЕБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button