Ел қалқаны қаһарлы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір көп нəрсе өзгерді. Яғни, ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту, Қазақстанның жəне бүкіл Орталық Азия аймағының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мəселелері басты назарда болуы керек» деді.
Әскер – қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі. Ішкі қауіпсіздікті сөз еткенде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлердің өмірін ойлайсыз. Әрине әркімге əскери өмір қызық. Дегенмен, сарбаздардың күнделікті тірлігі, тамағы мен тəртібі, қала берді жауынгерлік ептілігі мен əскери ортадағы абыройы маңызды. Бейбіт күннің қарусыз майданында елге қызмет етіп жүрген ерлердің еңбегі еленгені абзал. Осы орайда №33, №34 түзету мекемелеріндеде сотталғандарды күзету және қашып кетпеуіне жол бермеу мақсатында жасақталған «Ұлттық ұланның» №4-ші батальонымен танысқан едік.

– 4-ші атқыштар батальонына Павлодар облысынан келдім. 5 ай уақыт өтті. Жауынгерлер үшін тұтқындардың қашуына жол бермеу – басты міндет. Қоғамдық тәртіпке ерекше мән береміз, – дейді қарауылда тұрған қатардағы Ерлан Алдиярұлы.
Аталған түзету мекемесіндегі сарбаздар ауысыммен, мұнаралар арқылы мекемелерді бақылау қызметін атқарады. Бір тәулікке түсіп, 1-2 сағат сайын ауысып тұрады. Сотталғандардың қашуы орын алған жағдайда сақшылар қарауыл бастығына баянат жасайды. Сотталған тоқтамаған жағдайда ескерту ретінде жоғарыға оқ атады.

– Бүгінде батальонда 120-ға жуық сарбаз бар. 250-ге жуық офицер келісімшарт бойынша қызмет етеді. Сарбаздардың күн тәртібі таңғы сағат 6.00-ден басталады. Жеке құрам тұрғызылған соң, таңғы жаттығуға кіріседі. Мемлекеттік-құқықтық дайындық және жауынгерлік сабақтары өткеннен кейін сарбаздар қызметке түседі. Бос уақытта гитара, домбырада өлең айтып, шахмат, нарды ойнайды, – дейді батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айдос Жақыпов.
Командир орынбасарының айтуынша, сарбаздар әскердегі жауынгерлік өмірге өзгеше көзқараста. Олардың басым бөлігінің Отанға, елге, жерге құрметі артып, мамандық таңдауда ойлары өзгерген. Статистикаға сүйенсек, әрбір 13-ші әскери қызметші келісімшарт бойынша қызметте қалуды таңдайды. Осылайша 2023 жылы 41 сарбаздың 5-еуі батальонда қызмет атқаруға қалған.

– 4-ші атқыштар батальоны 1956 жылы құрылған. №33, №34 мекемелерде сотталғандарды күзету және қашып кетпеуіне жол бермеу мақсатында жасақталған батальон 10 бөлімшеден тұрады. 4-ші атқыштар және 3 бақылаушылар взводы, сонымен қатар, қамтамасыз ету бөлімшесі және кинология взводында барлығы 329 қызметкер бар. Келісімшарт бойынша барлық әскери қызметшілер бізде бар-жоғы 8 ай жұмыс істейді. Сарбаздар 1 жылға келеді. Басында 40 күннен аса оқу пунктінде дайындалады. Күнделікті жауынгерлік дайындық бойынша сабақтар өткізіледі. Тек әскери өмірмен шектемеуге тырысамыз, – дейді 4-ші атқыштар батальонының командирі Нұржігіт Мақтабай.
Демалыс күндері сарбаздар бұқаралық-спорттық іс-шараларға қатысады. Взводтар Қарағандының орталық саябақтарына, кинотеатрларға барады. Жалпы сейілдемеде өздерінің керек-жарақтарын алады.

– Əскерге кетіп өкінішті жағдайға душар болған жас сарбаздар қатары сейілмей тұрғаны жасырын емес. Десек те бұл жерде тек сол əскери мекеме мен ондағы жауынгерлерді кінəлау артық. Бұл – жалпықоғамдық мəселе. Сарбаздарға отбасылық жағдайлары жиі əсер етеді. Сондықтан, Мемлекет басшысы тарапынан қаулы заңдастырылды. Əскер қатарына алынған əр азаматтың несиесі тоқтатылып, əскерден соң жоғары оқу орындарына тегін түсуі жолға қойылды. Сарбаздар ата-анасымен жиі хабарласып отырады. «WhatsApp» желісі арқылы ашылған арнайы топта əр ата-ана балалары жайлы біліп отырады, – дейді Нұржігіт Жандарұлы.
Байқағанымыздай 4-ші атқыштар батальонында сарбаздардың қауіпсіздігі басты жолға қойылған. Офицерлер күніне 3 рет сарбаздардың денесін тексереді. Барлық жерде камералар орнатылған, олардағы жазбалар 60 күн сақталады. Взводта азықтүлік мəселесі жоқ.
Сарбаздар күн тәртібінде әдеттегідей таңғы бұйрықпен ояна сала, сапқа тұрады. Қарауыл қызметіндегі жауынгерлер Отан алдындағы борышын өтеп, әскери өмірдің барлық талабын орындайды. Жауынгердің жамбасы тек кешкі сағат 22.00-де төсекке тиеді. Тəртіп солай.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»