Ел ағасы
Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов – 70 жаста
Тағдыр соқпағында да, қызмет жолымда да жақсы адамға жанастырған Жаратушыға шексіз ризамын. Әркімнің жақсы атанып, ізгілікке ұмтылмағы – жанындағы жақсылардың шарапатынан. Өз басым абзал аға, аяулы әпке, жайсаң бауырлар жақсылығын көп көрдім және оларды үлгі тұттым. Бүгін осындай жақсы аға, жасампаз тұлға туралы сөз қозғамақпын…

Халықтың талғамынан жоғары ештеңе жоқ. Сол талғам таразысын еркін еңсеріп, елге жағу үшін адам баласына көп қасиет керек-ақ.
Терең білім, биік парасат, айнымас адалдық, тайқымас табандылық, шынайы қарапайымдылық, мемлекетшіл рух, ұлттық құндылықтарға деген құрмет… Осынша асыл қасиет бойыңнан табылып жатса, елің еміреніп, халқың қадірлеп тұрады. Хакім Абайдың «Толық адам» қағидасы да осы қасиеттерді бойына тұндырған тұлғалар туралы болса керек-ті.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, қайраткер тұлға Құдайберген Бексұлтанұлы – тұла бойын мейлінше асыл қасиетке тұғыр еткен азамат!
Құдайберген ағаны көптен білемін. Абзал ағаның теміржолдан басталған өмір жолы өнегеге толы. Еңбек жолын қарапайым теміржолшы болып бастап, ұстаздық жолдан өтті. Бүгінгі шыққан биік, бағындырған асуы – оған табандылық пен тынбай ізденудің арқасында келген нығмет.
Осыдан үш жыл бұрынғы сайлауда Құдайберген ағаның «AMANAT» партиясы атынан саяси додаға түсіп, бірмандатты бәсекеде жеңіске жеткенін жақсы білесіздер. Сол бәсекеде партия аппаратына салмақ салмай, көмбеден маңдайы жарқырап келген тұлпар тұрпатты үміткеріміз болғанын біз де мақтан еттік. Еліміздің саяси өміріндегі тарихи реформадан кейін ашық сипатта өткен сол сайлауда облыс халқының Құдайберген Бексұлтанұлына деген шексіз құрметі мен тілеуқор ниетіне куә болдық.
Бағының жанғаны Арының тазалығынан екеніне еш дау жоқ!
Бірнеше шақырылым бойы Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы болып, аманатқа адалдық танытты. Туған жеріне ту тігіп, нұрлы Нұра ауданының екі тізгін, бір шылбырын ұстаған кезінде де астықты өңірдің абыройын асырып, даму көрсеткіштерін көш басына шығарған қайраткерлігін қалай ұмытайық?!
Қазіргі қызметінде де жерлестерін жерге қаратқан кезі болған жоқ. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде заң шығару жүйесінде батыл байлам, ұтымды ұстаным, берекелі белсенділік танытып, сайлаушылар мүддесін бірінші орынға қойып келеді.
Өз басым ерекше құрмет тұтамын. Сырбаз мінез, кемел кісілігін, қарапайым қалпы мен боямасыз болмысын үлгі тұтамын.
Аға десем – ағалыққа, ұстаз десем – ұстаздыққа жарайтын жарқын адам! Көркем мінезі, ымырашыл ұстанымы ерекше қызықтырады.
Ардақты аға, қажырлы қайраткер, сұңғыла саясаткер Құдайберген Бексұлтанұлы бүгін мерейлі 70 жасқа толып отыр. Бұл – жай ғана мерейжас емес, Азамат асуы, тұлға белесі. Елге адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен тұғырлы тұлғаның бағындырған биігі!
Аға!
Жетпіс жас мерейтойыңыз құтты болсын! Алар асуыңыз да, адами абыройыңыз да асқақ болып, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз баянды баққа жеткізсін!
Мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін!
Қарағанды қадірлеп, Алаш елі алақанынан түсірмесін! Елді сүйген жүрегіңізге дақ түспесін!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық
филиалының төрағасы



