Медицина

Екпеден қауіптенуге негіз жоқ

Жыл басынан кешегі күнге дейін аймақта қызылша жұқтырды деген күдікпен 447 жағдай тіркелді. Оның тең жартысы, яғни, 226 жағдайы расталды. Былтырдан, эпидемиологиялық жағдай күрделенген сәттен бері ауырғандарды қосқанда барлығы 1031 адам қызылша жұқтырған.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ұс­ынған деректерге сүйенсек, қызылша жұқ­тыру жағдайлары вакцинацияланбаған адамдар арасында жалғасуда. Ауыр­ғандардың 87%-ы – екпе алмағандар.

– Жас құрылымында 14 жасқа дейінгі балалар басым. Олардың үлес салмағы – 69%. Олардың жартысынан көбі 5 жасқа дейінгі балалар. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациямен қамтудағы олқылықтарға байланысты оны жұқтыр­ғандар облыстың барлық өңірінде тіркелуде. Қызылшаның жұқпалылығы өте жоғары екенін барлық дәрігерлер айтып, халыққа ескертіп жатыр. Онымен ауырмаған, бұрын екпе алмаған адамдардың ауру вирусын жұқтыру ықтималдығы жоғары. Бұл аурудан қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. Қызылша бойынша қалыптасқан қолайсыз эпидемиология­лық жағдайға байланысты қазіргі уақытта облыста инфекцияның және оның асқынуларының одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік беретін қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілуде, – дейді аталған департамент басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Басқарма төрағасы Манар Смағұл да қызылшаға қарсы вакцинадан қауіптенуге негіз жоқ екенін алға тартады.

– Қызылша барлық өңірде тіркелуде. Әсіресе, балалар арасында жиі. Егер, балаңыз екпе алмаған, яғни, онда қызылшаның антиденелері болмаса, оның ауру жұқтыру ықтималдығы – 100 пайыз. Қызылшаның ең ауыр салдарының бірі – панэнцефалит. Ол кезде медицина да көмектесе алмайды. Ол сирек кездеседі, бірақ, оның сіздің балаңызда кездеспеуіне кім кепіл? Тағы бір қауіп – менингоэнцефалит, бұл – вирусты пневмония. Мұндай асқынулар болмауы үшін қызылшаға қарсы вакцина алу керек. 99 пайыз жағдайда қызылшаны вакцинамен емдеуге болады. Бекітілген Ұлттық егу күнтізбесі аясында жыл сайын 40 мың бала екпе алады. Мұның алдыңғы жылдарында да, биыл да екпеге реакциялар тіркелген жоқ. Керісінше, екпе алғандар арасында ауырғандар саны азайғаны байқалады, – дейді Манар Асырқызы.

«Serum Institute of India» компания­сы шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина Қазақстанда 1 және 6 жас аралығындағы балаларды вакцинациялаудың Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жоспарлы вакцинациялау үшін 10 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді.

Вакцина өндірісін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған. Құжат өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Вакцина Қазақстаннан бөлек әлемнің 170 еліне  жеткізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық комитеті келтірген дерек бойынша елімізде аталған вакцинаға қатысты реакциялар тіркелмеген. Өндірушінің нұсқаулығында сипатталғандай, әдетте вакциналардың көпшілігін енгізу кезінде пайда болатын дене температурасының қысқа мерзімді көтерілуі, қызару, вакцина енгізілген жерде ісіну ретінде күтілетін реакциялар байқалады.

Барлық вакциналар міндетті түрде препарат тіркелгенге дейін де, оны қолдану басталғаннан кейін де қауіпсіздікке арнайы зерттеулерден өтеді. Вакциналардың құрамына кіретін барлық заттар туралы мәліметтер олардың нұсқаулығында қамтылған. Вакциналардың құрамы туралы ақпарат кез келген адамға қолжетімді.

Елімізге сырттан жеткізілетін вакцинаның әрбір сериясы мен партиясы  қауіпсіздік пен сапа бағалауынан  өтеді. Бұл тиімді және қауіпсіз вакциналарды пайдалануға рұқсат беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Вакцинацияның басты мақсаты – халықты вакциналары бар жұқпалы аурулардан қорғау. Бұл денсаулық жағдайына байланысты екпе алмайтын, сондай-ақ, жасы бойынша вакцинацияға жатпайтын халық тобын қорғауда да маңызды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button