Екпеден қашты – ауру тапты
Қарағанды әлі күнге дейін «қызыл» аймақта. Ауырғандар саны азаяр емес. Арнайы құрылған ауруханалар лық толы. Біз барған Қарағанды қаласындағы №1 ауруханада да науқастардың саны артқан.
– Біздің №1 аурухана 5 ақпаннан бастап коронавируспен ауырғандарды қабылдайтын инфекциялық госпиталь ретінде қайта құрылды. Мұнда 250 төсек орын бар. Қазіргі уақытта науқастардың саны өсуіне байланысты қосымша 15 төсек сайлауымызға тура келді. Бұл аурухана – бірінші дәрежелі стационар. Октябрь ауданымен бірге Бұқар жырау мен Қарқаралы ауданына қызмет көрсетеміз. Науқастардың бәрі ковидпен ауырғандар. КТ-дан өткіземіз. ПТР тест алып, барлық тексерісті жүргіземіз. Біздің стационарда олар барлық емді алып, жазылып шығады, – дейді №1 аурухана директорының орынбасары Дмитрий Матюшко.
Стационарда арнайы жабдықталған жан сақтау бөлімі бар, онда ауыр халдегі 17 науқас жатыр. Көбінің 90 пайызға дейін өкпелері қабынған. Сонымен қатар, жүрегі, қант диабетімен ауыратындар да осында. Аяғы ауыр әйелдер мен бала туғаннан кейін дертке шалдыққандар да бар ішінде. Олардың бәрі осы ковидтің симптомымен түскендер. Арасында гемодиализ алатын екі адам да бар екен.
– Ауыр халде жатқандардың арасында вакцина алғандар жоқ. Орташа деңгейде ауырғандардың ішінде бар. Бізде қазір 265 науқас бар. Оның 11 пайызы вакцина алғандар. Бұл инфекция жұқтырғандардың 4 пайызы ғана. Өздеріңіз көріп отырғандай 96 пайызы вакцина алмағандар. Әлеуметтік желіде білгішсініп, елге ақыл айтушы науқастарды емдеп көрмеген, қалай емдеу керегін де білмейтін, медициналық білімі жоқ блогер, заңгер тағы да басқа мамандық иелері қаптап кетті. Сонымен қоймай өздері құрастырып, вакцинаға қарсы ойларын жазып жатыр. Оған қарапайым халық сенуде. Олардың жазғандарының бәрі қате. Мысалы, антиваксердің бірі «қалада вирус алғаннан кейін сонша адам өлді» немес «бірнеше адам екпеден кейін ауырып қалыпты» деген қауесет таратады. Осыдан барып, жасы ұлғайған кісілер, жастар да осы сөзге иланады. Сенгеннен кейін халық арасында өсек тарайды. Негізінде нақты ақпаратты тек білікті мамандар айтуы керек. Және де халық осы мамандардың айтқанына құлақасуы тиіс.
Жақында «вакцина алды» деген жалған паспортпен келген екі емделушіні әшкереледік. Олар өздерін алдағанымен қоймай, басқаларға да қауіп төндіреді емес пе? Сонымен бірге бір отбасы «үйдегі бәріміз «вакцина алды» деген паспорт сатып алдық» деп ашығын айтты. Өйткені, ем алуға келгенде өтірік бәрібір шығады. Тексеріп көргенде вакцина алған деген тіркеу Қарағанды облысында емес басқа облыста болып шықты. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген осы болса керек.
Ауруханадағы дәрігер, медбике, санитарлардың бәрі де осы науқастармен тығыз жұмыс істейді. Иә, мұнда қазір 200-дей адам еңбек етеді. Олардың 90 пайызы вакцина алды. Қалғандары медқарсылымы барлар. Осы уақыт ішінде дәрігерлер арасында тек қана 2 адам ауырып қалды. Әрине, олардың қай жерде бұл вирусты жұқтырғаны белгісіз. Оны ешкім дәлелдей де алмайды. Бұл жерде айтайын дегенім екі қызметкер де вакцина алмаған, – дейді Дмитрий Матюшко.
Біздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі екендігімізді білген ем алып жатқан науқастар өз жанайқайларын: «Елдің бәрі сенбейді. Коронавирус бар. Жеткізіңіздерші. Әзірге, шетелге шығып демалуды, той-томалақ өткізуді, халық көп жиналған жерге баруды қоя тұрсыншы. Вакцина алып, өзіңізді ғана емес жаныңыздағыларды да сақтаңызшы», – деп жеткізуге тырысты.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.