Екпе енжарлықты көтермейді
Биыл Ұлттық егу күнтізбесіне өзгерістер енгізілді. Оның қатарына елдегі онкологиялық аурулардың өсуін ескере отырып, жатыр мойны ісігіне алып келетін адам папиллома вирусына қарсы екпе қосылды. Ресми деректер бойынша қатерлі ісіктердің құрылымында жатыр мойны обыры 25 жастан 44 жасқа дейінгі әйелдерде екінші орында тұр. Жыл сайын әлемде жатыр мойны обырының 600 мыңға жуық жағдайы анықталып, оның себебімен 300 мың өлім тіркеледі. Мұндай деректерді өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингке қатысқан сала мамандары келтірді.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, 600-ден астамы қайтыс болады. Статистика қатерлі ісіктің бұл түрінің күніне 5 әйелде анықталып, екі әйелдің қайтыс болатынын көрсетеді.
– Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстанда биылғы күзден бастап 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізу жоспарлануда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9 бен 14 жас аралығындағы қыздарға вакцинациялауды ұсынады. Осы жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді және вакцинаны ерте жаста енгізгенде тиімді болады. Вакцинация 2 дозадан тұрады. Екіншісін араға алты ай өткізіп салады. Екпе ата-аналардың немесе қамқоршылардың келісімімен дәрігердің қарауынан кейін қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда жүргізіледі, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Адам папиллома вирусы – түрлі мүшелердің терісі мен шырышты қабығын қабындыратын вирус. Кейбір жағдайларда инфекция папилломалардың пайда болуына әкеледі. Вирустың 16 түрі жоғары онкогендік қауіпті. Олар шырышты қабық арқылы таралады және жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, аталған вирус – әлемде ең көп таралған инфекцияның бірі. Оны жұқтыру ықтималдығы 80%. Оны жұқтырған адамнан вирус терімен, шырышты қабаттарымен немесе дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы беріледі. Адамнан адамға папиллома вирусы тұрмыстық байланыс – қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға – сауналарға, моншаларға, спортзалдарға, дәретханаларға, бассейндерге барған кезде мұқият болу керек. Сонымен қатар, жыныстық жолмен және босану кезінде балаға жұғуы мүмкін.
– Адам папилломавирусына қарсы вакциналар 2006 жылдан бері қолжетімді. Вакцина пайда болғаннан бері бүкіл әлемде 100 миллионнан астам адам егілді. Бүгінгі таңда АПВ вакцинациясы әлемнің 135 елінде қыздарға, ал кейбір мемлекеттерде ұлдарға жоспарлы түрде салынады. Аталған вакцинация 2019 жылдан бастап Арменияда, Грузия, Молдова, Түркіменстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда енгізілді. Қазақстан аумағында тіркелген 6, 11, 16 және 18 типті АПВ-дан қорғауды қамтитын АҚШ өндірісінің «Гардасил» төрт валентті вакцинасы қолданылатын болады. АПВ вакциналарында тірі вирустар немесе вирустың ДНҚ-сы жоқ. АПВ вакциналарында әдетте вакциналар мен басқа препараттарда кездесетін вирус тәрізді бөлшектер бар. 0,5 мл мөлшеріндегі вакцинаның әр дозасы жеке шприцте болады, иыққа салынады, – деді Гүлжан Жақтайқызы.
Спикер АПВ вакциналары тіркелген вакциналардың ішіндегі қауіпсіз және ең тексерілгені екенін атады.
Вакцинациядан кейін екпенің орны ауырсынып, қызару немесе ісіну, бас ауруы немесе температураның шамалы көтерілуі сияқты қалыпты реакциялар болуы мүмкін. Олар әдетте бірнеше сағаттан бір күнге дейін созылады.
– АПВ вакциналары бала туу қабілетіне әсер етпейді, – деді спикер. – Керісінше, олар әйелдің денсаулығы мен бала туу мүмкіндігін сақтауға көмектеседі. 2006 жылы АПВ-ге қарсы алғашқы вакцина тіркелгенге дейін жүргізілген клиникалық сынақтар, сондай-ақ, қауіпсіздік мониторингі және оны енгізгеннен кейінгі зерттеулер осыны растады. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі тәуелсіз бағалау жүргізіп, АПВ вакциналары қауіпсіз және тиімді деген қорытындыға келді. Мәселен, АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң, 13-26 жастағы әйелдер арасында вирустың таралуы 81%-ға төмендеген.
Брифингке қатысқан Қарағанды қаласының №3 ауруханасының онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Қанағат Жұмақаева жатыр мойны облысы өте қауіпті ісік екенін атап өтті.
– Жоғарыда айтылған статистикалық деректер ойлантуы керек. Алты айды 140 адамды есепке алдық. Қазір әйелдердің барлығы жұмысбасты, отбасында, қоғамдық жұмыстарда белсенді. Бұл дертпен нағыз қоғамға, отбасына керек шағында, 22-45 жаста ауырады. Онкологиялық аурулар жанға батпайды, көрінбейді, білінбей өседі. Бізге келгенде 2, 3 сатысында тіркеледі. Қатерді дертті емдеуде қомақты қаражат кетеді, науқас та қиналады. Сондықтан, дәрігер ретінде ата-аналардан екпеден бас тартпауын сұраймын, – деді Қанағат Жұмақаева.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz