МедицинаРесми

Екпе – қауіптен қорғаныш

Қызылшаға қарсы екпені аймақта 44 068 адам алуы тиіс. Бұл – балалар мен бұрын екпе алмаған, ауырмаған ересектер. Медициналық қызметкерлер де осы қатарға кіреді. Бүгінгі таңда қызылшаға қарсы жаппай қосымша иммундау шараларымен халықтың 60%-ы қамтылды.

коллажды жасаған Елдар ҚАБА

Санитариялық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінде хабарлағандай, кешегі күнгі дерек бойынша 6 айдан 11 айға дейінгі – 4 195, 2 жастан 4 жасқа дейінгі – 29 707 бала қызылшаға қарсы екпе алған. Сонымен бірге, 7 077 адам толықтыра иммундаудан өтті. Толықтыра иммундау шаралары бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпені толығымен алмаған 18 жасқа толмағандарға қатысты. Аталған жас санатына жататындар ауруға бейім болғандықтан, қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында қосымша иммундау шаралары қолға алынды. 6 айлық балаларға қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанша дейін жүргізілетін болады.

– 31 қаңтардағы дерек бойынша, осы уақытқа дейін облыста 1 063 жағдай зертханалық түрде расталды. Жас жағына келер болсақ, инфекция жұқтырғандар арасында 14 жасқа дейінгі балалар көп. Бұл – жалпы ауырғандардың 68%-ы. Оның ішінде, жартысынан көбі, 65%-ы – 1-4 жастағы балалар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген дерегі бойынша науқаспен байланыста болған екпе алмаған 10 адамның тоғызы ауру жұқтырады, – дейді аталған департамент басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.

Жұқпалы аурулармен күресте іске асы­рылатын медициналық іс-шаралардың ішінде вакцинация басты орында. Вакцинация бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды. Кез келген инфекцияға қарсы вакцинация шығындары осы ауруды емдеуге кететін шығындардан шамамен 10 есе аз.

Елде вакцинация ауыр түрде, асқынулар мен өлімге алып келетін ауруларға қарсы жасалады. Вакцинация аясында бірінші кезекте балаларды тиісті қорғанышпен қамтамасыз ету маңызды. Сол себепті де вакцинациялауға жататын ауыр деген дерт тізбесін ел Үкіметі арнайы бекітеді. Елдегі Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.

Жыл сайын елде инфекциялық ауруларға қарсы 5 млн-ға жуық адам екпе алады. Оның ішінде, 1,3 млн. бала егіледі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button