Жаңалықтар

Экожүйені қалпына келтіру маңызды

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Ережеге сәйкес орман, су ресурстарын, жануарлар дүниесін қорғау, табиғат қорғау іс-шараларын жүргізу, жобаларға экологиялық сараптама жүргізу және II, III санаттағы нысандар үшін қоршаған ортаға теріс әсер етуге рұқсат беру, жер қойнауын пайдалану саласындағы бақылау жұмыстарын жүргізеді.

Сурет басқармадан

Өңірдегі ауа бассейнінің ластану деңгейі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Qarmet» АҚ СД, «Qarmet» АҚ СД, «Central Asia Cement» АҚ, «Өркен» ЖШС (Кентөбе), «Қазмарганец РУ («Қазхром ТҰК» АҚ филиалы), ХМЗ АҚ «ТЭМК», «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС (ЖЭО-1, ЖЭО-3), «Bapy Mining» ЖШС, «Қарцемент» АҚ, «Kazakhmys Energy» ЖШС Балқаш ЖЭО, «ГРЭС Топар» ЖШС, «Kazakhmys Smelting» ЖШС (БМЗ) сияқты 13 ірі кәсіпорын бойынша анықталады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар рұқсат етілген лимит 639 мың тонна болған кезде 2024 жылдың 9 айында іс жүзінде 352 мың тонна көлемінде немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға аз шығарынды көлемі өндірілген. 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес атмосфераға шығарындыларды азайту, су ресурстары мен қалдықтарды басқаруды жақсарту, көгалдандыру және қоршаған ортаны бақылау бойынша 50 іс-шара ұсынылған.

Негізгі жобалар – Қарағанды мен Теміртауды газдандыру, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехын салу, «Qarmet» АҚ негізгі өндірістерін газға ауыстыру, сұрыптау желісі бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу және жасыл алаңды ұлғайту. Бүгінгі таңда екі ірі қала бойынша газдандыру белсенді жүргізілуде. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 7621 жеке тұрғын үйге газ тарату желілері тартылып, 3 573-і қосылды (Қарағанды қаласы – 6 018 үй, Теміртау қаласы – 1603 үй).

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес облыстың ірі кәсіпорындары эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) орнату бойынша жұмыс жүргізуде. МАЖ 10 кәсіпорында орнатылған: «Nova Novatis Ltd» ЧК, «Kazakhmys Energy» ЖШС, «Топар» бас тарату энергостанциясы» ЖШС, «Qarmet» АҚ УД, «Qarmet» АҚ СД, «Қарағанды Энергоцентр» ЖЭО-1 ЖШС, «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» АҚ, «Kazakhmys Smelting» ЖШС, «Қарцемент» АҚ, рудник «Саяқ» филиал ЖШС «Қазақмыс» корпорациясы «Балқаштүстімет» ӨБ. Қалған «Қарағанды Су» ЖШС, «Шахтинс­теплоэнерго» ЖШС сынды екі кәсіпорында орнату 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл шаралар өңірдегі экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

«Экожүйені қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, Бертіс шығанағы ауданындағы экологиялық жағдайды зерттеу» ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысты әзірлеу аяқталды. Тоқырауын өзенін санациялау бойынша жобаны әзірлеу аяқталып, жұмысты іске асыру басталды. Көму көлемін азайту және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайту – маңызды мәселе. 2024 жылы облыс бойынша түзілген қатты-тұрмыстық қалдықтар 370,6 мың тоннаны құрады. Оның 209,5 мың тоннасы қайта өңделді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері үшін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының шеңберінде 2817 контейнер сатып алынып, 356 контейнерлік алаң жабдықталуда. 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес осы мақсаттарға контейнерлер мен контейнерлік алаңдарды орнатуға жыл сайын қаражат бөлу жоспарлануда.

Облыс қалдықтарды қайта өңдеу технологияларын енгізу үшін «Жасыл даму» бағдарламасы арқылы инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Жобалардың бірі – «Қарағанды Ресайклинг» ЖШС қалдықтарын сұрыптауды жаңғырту, сондай-ақ, «MGM Construction» ЖШС полимерлі қалдықтарды қайта өңдеу. Инвесторларды тарту және жобаларды іске асыру жұмыстары ойдағыдай жалғасуда.

Орман өсіру және орман жаңарту, табиғат қорғау заңнамасын бақылауды күшейту, сондай-ақ, өртке қарсы шараларға арналған қаржы бөлініп, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық жабдықталуы 100% деңгейінде қамтамасыз етілді. Орман қоры аумағында орман өрттерінің алдын алу және онымен күресу мақсатында Қарағанды облысының мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің алдын алу және онымен күресу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Осылайша орман өрттерінің саны азайғаны байқалады.

Қарағанды облысының «Табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалану басқармасы» мемлекеттік мекемесі балық ресурстарын сақтау және тұрақты пайдалану, сондай-ақ, өздігінен көбейетін популяциялар құру мақсатында, мемлекеттік тапсырыс аясында Балқаш көлі, Федоров су қоймасы және Нұра өзеніне балық жіберу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 737 510 түп сазан шабақтары суға жіберілді. Екі рет жануарлар дүниесін пайдаланушылар арасында аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін конкурс өткізілді. Конкурста 14 аңшылық аумақ ұсынылды. Электрондық сауда нәтижесінде аңшылық аумақтарды бекіту бойынша 5 аумақ 16 млн. 801 мың 477 теңгеге сатылды.

2024 жылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы жылы 1741 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 579 экологиялық қорытынды, 134 қоршаған ортаға теріс әсер етуге рұқсат қағазы, 1028 жануарлар дүниесін пайдалану бойынша рұқсат берілді (түрлері бойынша: аңшылық – 912, балық аулау – 515, жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбие, эстетикалық мақсаттарда және эпизоотияны алдын алу мақсатында пайдалану – 1, жануарларды көбейту мақсатында пайдалану – 0). Сондай-ақ, 52 орман шаруашылығы билет берілді.

Облыста 217 гидротехникалық құрылыс (ГТҚ) бар. Сондай-ақ, 33 тірек объектісі, олардың ішінде, 24 магистральды канал және 9 сорғы станциясы бар. Жыл сайынғы көктемгі тасқын кезеңдерін қауіпсіз өткізу мақсатында тасқыннан кейін аудандық және қалалық төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық және қалалық мамандар, Нұра-Сарысу, Балқаш-Алакөл, Ертіс бассейндік инспекцияларының өкілдерімен бірге комиссиялық тексерулер жүргізілді, сондай-ақ тұрақты түрде техникалық тексерулер мен сараптамалар жүргізілді.

Су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 9 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынды (фронтальды тиегіш, бұрғылау қондырғысы, қайық, кроссовер автокөлігі, дрон, эхолот, геодезиялық спутниктік қабылдағыш).

Былтыр 8 капиталды жөндеу жобасының (Мұхтар, Ақтұмсық, Таңатбай алаңы, Қарасаз, Жастілек, Ақжар, Тихоновка, Тоғыз­құдық) жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. 6 су шаруашылығы объектісіне (Ошағанды, Ботақара кірісі, Босаға, Тимирязев су айдындары, су қоймасы №2, №4 Новоузенск) техникалық тексеру жүргізілді. 2 су шаруашылығы объектісінің (Федоров су қоймасы, Манака кірісі) көпфакторлы тексерісі жүргізіліп, қауіпсіздік декларациялары әзірленді және құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылды. 3 су шаруашылығы объектісінде (Топар бөгеті, Құлайғыр ауылы, Қоянды-2 бөгеті) қорғау валдарын салу бойынша механикаландырылған жұмыстар жүргізілді. Топар бөгетінің Құлайғыр ауылы маңындағы су айдынының түбін тазарту бойынша жер батпақты экскаватор қолданылып, механикаландырылған жұмыстар жүргізілді.

Жазғы-күзгі кезеңде инженерлік жұмыстар жоспары бойынша 177 ұйымдастырушылық-техникалық шаралар өткізілді. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінен 15 арнайы су тұтыну рұқсаты алынды.

Табиғи ресурстарды қорғау, қоршаған ортаның сапасын жақсарту және экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу, адам қызметінің табиғатқа теріс әсерін азайту, болашақ ұрпақтар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл сайын экожүйені қорғау және қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Орманды сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану, жануарлар дүниесін қорғау және қоршаған ортаға теріс әсер етуді азайту – бұл басқарманың негізгі міндеттері. Өткен жылдың есебіне сүйене отырып, жүргізілген шаралар облыстың экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталғанын көруге болады. Осы бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғасып, табиғат байлықтарын келешек ұрпақ үшін сақтауға үлес қосады. Экологиялық ахуалды жақсарту – біздің ортақ мақсатымыз, әрі бұл жолда барлығымыздың күш-жігеріміз қажет.

Бахтияр САНБАЕВ,
Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button