Экономиканың екпінді звеносы
Шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы аймақ экономикасын нығайтуды жалғастырып жатыр. Бір жыл ішінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 2,4 пайызға өсіп, 101,6 мыңға жетті. Шетелдік компаниялардың аймаққа деген қызығушылығы да артып келе жатқанын атап өту маңызды.
2024 жылы 12 жаңа филиал тіркеліп, олардың жалпы саны 50-ге жетті. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 232 мың адамға жетіп, облыстағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 43 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Өнімдер мен қызметтердің көлемі 3 трлн теңгеге жетті. ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі шамамен 21 пайызды құрайды.
Кәсіпкерлік субъектілерін бөлшек салық мөлшерлемесін 4-тен 2 пайызға дейін төмендету арқылы қолдаудың арқасында салық төлеушілер саны 20 есеге (3,3 мың салық төлеуші) өсті. Ал, олардан түсетін салық түсімдері 250 есеге (9,6 млрд теңге) артты. Жалпы ШОБ-тан бюджетке түсетін салық түсімдері 22,7 пайызға (368 млрд теңге) ұлғайды.
Бұл сандардың артында қолайлы бизнес-ахуал құру және кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бойынша атқарылған үлкен жұмыс тұр.
2024 жылдан бастап Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы бастау алды. Оны іске асыруға облыстық бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлінді. 2023 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Бұл 49,4 млрд теңге кредит сомасына 1,3 мың жаңа ШОБ жобасы мен өткен жылдардан ауысқан 1,7 мың жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді.
Бизнес үшін ең тиімді және сұранысқа ие құрал субсидиялау құралы болып табылады. Оны 868 компания пайдаланды. Әрине, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау басым міндет болып табылады. Сонымен бірге, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін экономика секторлары да маңызды болып қала береді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында Теміртауда (15 Емхана) және Қарағандыда жаңа емханалар салынуда, медициналық орталықтар (Flebokaraganda, GalaКлиника, Jysan medo) жаңартылуда, «QAZGUU School» жаңа бизнес мектебі ашылды, білім беру және балалар орталықтары («Алтын бесік», «Ақ-Бота») қызметін кеңейтуде. «Норма» және «Оптима» заманауи сауда форматтарының құрылысы жүргізілуде, Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында демалыс аймақтары салынуда. Жергілікті азықтүлік өнімдерін өндірушілерге (KazAgro 2050, Milk&meat company, Greenhouse Product, ВАВИЛОН сауда желісі) және тағы басқа да қолдау көрсетілуде.
Кәсіпкерлердің кредиттік ресурстарға қолжетімділігін кеңейту және қамтамасыз ету мақсатында кепілдік беру құралы іске асырылып жатыр. Ол бойынша 396 жоба қаржыландырылды.
Кәсіпкерлікті дамытудың «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы бойынша жеңілдікпен кредиттеу жалғасуда. 2024 жылы туризм саласындағы жобаларға кредит беру шарттары кеңейтілді. Кредит сомасы 100 млн теңгеге дейін. Мерзімі – 7 жылға дейін өсті. Есепті жылы бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1,4 млрд теңгені құрады. 42 жоба қаржыландырылды. Жобалар нан-тоқаш өнімдері, құрылыс материалдары, матрастар, жиһаз, киім, полиграфиялық өнімдер өндірісін кеңейтуге бағытталған. Нәтижесінде 52 жаңа жұмыс орны құрылды. Өңір экономикасына 1,3 млрд теңге бюджеттік инвестиция салынды.
Инженерлік инфрақұрылымды жүргізу тетігі бизнес үшін елеулі қолдау болып табылады. Үйлестіру кеңесі Бұқар жырау ауданындағы («Ushtobe Qus» ЖШС) және Теміртау қаласындағы («ҚазМетКокс» ЖШС) 129,4 млн теңге сомасына маңызды нысандарға ИКИ жеткізу жөніндегі 2 жобаны мақұлдады.
Қарағанды облысындағы әлеуметтік кәсіпкерлік жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Олар үшін жеңілдікті субсидиялауды, гранттарды және консультациялық көмекті қоса алғанда, арнайы жағдайлар жасалуда.
2024 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік қызметтер, білім беру және медициналық қызмет бағыттары бойынша 21 кәсіпкер енгізілді. Мұндай кең спектр халықтың осал топтарын қолдаудан бастап, аймақтағы өмір сапасын жақсартуға дейінгі әлеуметтік мәселелерді қамтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік кәсіпкерлер қоғам үшін маңызды жобаларды сәтті дамыта алды. 2024 жылы бизнесті бастау және дамыту гранттарына 10 әлеуметтік кәсіпкер және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 2 финалисті ие болды.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің жарқын мысалы етіп Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылындағы «Супер Ботақан» балабақшасын алуға болады. Ол «Монтессори топтарын ашу» жобасы бойынша грант алды. Осы сияқты «Қолданыстағы тігін өндірісін кеңейту» жобасы бойынша «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Балқаш оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС да кәсібін жүргізіп отыр.
Сауда саласы облыстың жалпы өңірлік өнімінің 15,4 пайызын қамтамасыз ете отырып, экономикалық өсуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі сауда көлемі 4,7 трлн теңгеден асты, бұл 2023 жылға қарағанда 19,1 пайыз өсімді құрайды, оның ішінде бөлшек тауар айналымының көлемі 3,4 пайызға (1,7 трлн теңге) және көтерме 29,5 пайызға (3,0 трлн.теңге) өсті.
Жаңа сауда және қызмет көрсету нысандарының құрылысы жалғасты, 1 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 18,6 млрд теңге сомасына 117 жоба іске асырылды. Оның ішінде «Teez» маркетплейсі, «Hyundai Qaragandy» дилерлік орталығы, «Оптима» супермаркеті сияқты Жалпыұлттық пулдың инвестициялық жобалары іске қосылды.
Электрондық сауда қарқынды дамып келеді, ол бизнесті дамыту үшін үлкен әлеуетке ие және жаңа мүмкіндіктер жолын ашады. Онлайн сату бойынша облыс жылына 40 млрд теңгеге жуық сатуды қамтамасыз етеді. Сатып алушылар үшін тапсырыстарды алудың және төлемдерді жүргізудің ыңғайлы инфрақұрылымы құрылуда. Электрондық сауданы дамытудағы жаңа тауаша «Teez» жаңа қазақстандық маркетплейсінің ашылуы болды, оның бірегейлігі тауарларды 1 күнде жеткізуінде.
Қарағанды облысы табиғи көрікті жерлері мен тарихи мұраларының арқасында ішкі және кірмелік туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Облысқа барлығы 306,3 мың турист келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,9 пайызға көп. Негізінен бұл еліміздің тұрғындары. Ішкі туризм 7,1 пайызға өсті (290,3 мың адам). Шетелдік қонақтардың да қызығушылығы артып келеді. Олардың саны 24,8 пайызға (16 мың адам) өсті. Туристік белсенділіктің өсуі шет елдердің қызығушылығының артуымен тікелей байланысты. 2024 жылы біздің облысқа Үндістан, Қытай, Нидерланды, Корея, Ресей, Иран және Польша елшіліктерінің өкілдері келді. Бұл біздің облыстың халықаралық деңгейде танылғанын көрсетеді.
2024 жылы туризм саласында 1,8 млрд теңге инвестиция сомасына 11 жоба іске асырылды. Теміртау қаласында «ИZBA» демалыс базасы, Қарқаралы ауданында «Орман» қонақ үйі, Осакаров ауданының Молодежный кентінде қонақ үй ашылды. Қарағандыда – «Bereke», «Турист», «Comfort», «AISH HOTEL» қонақ үй кешендері мен хостелдері, Балқашта – 4 демалыс аймағы ашылды. Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижелерін беруде. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18,4 млрд теңгені құрады.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында демалыс үйлерін салуға және 4 санитарлық-гигиеналық торапты ұстауға 6 жоба субсидияланды. (Қарағанды – 1, Бұқар жырау ауданы – 2, Саран қ.– 1). Алғаш рет Балқаш қаласының кәсіпкері Ж.Абишевке «Сказка» демалыс аймағын салу құнының 10 пайыз мөлшерінде шығындардың бір бөлігін өтеу ұсынылды.
Туризмді дәріптеу мақсатында 2024 жылғы наурызда Пекин қаласында өткен Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылуы шеңберінде Туризмді дамыту және инвестициялар жөніндегі форумда біздің өңірдің туристік көрікті жерлерін таныстырдық. Сәуірде KITF 2024 «Туризм және саяхат» қазақстандық халықаралық көрмесіне, шілдеде «Balhash Tour Fest» фестиваліне қатыстық. Қазанда Абай ауданы, Теміртау және Қарағанды қалаларының көрікті жерлері мен мәдени-тарихи орындары бойынша экскурсиялық бағдарламамен ақпараттық тур өткіздік.
Қарағанды облысының https://visitkaragandyregion.kz/ туристік порталы туристер мен бизнес үшін пайдалы құрал. Ресурс көрікті жерлер, қызметтер мен маршруттар, іс-шаралар туралы өзекті деректерді ұсынады. Ішкі туризмді ілгерілетуге өз жұмысын биыл бастаған «Visit Qaraganda» жаңа туристік ақпараттық орталығы ықпал ететін болады.
ШОБ-ты қолдаудың қолданыстағы шаралары бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде облыс өңірлеріне, оның ішінде шалғайдағы өңірлерге көшпелі кездесулер, брифингтер ұйымдастырылды. Біздің алаңда сараптамалық кеңестер, Кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер, туризм жөніндегі кеңестер өткізілді.
Қыркүйек айында бизнес алдында жыл сайынғы Бірыңғай есеп беру күні өткізілді. Онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау, салық заңнамасын, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, медициналық қызметтер көрсету және мемлекеттік статистика саласындағы мәселелер айтылды.
11, 2 мың адам «Қарызсыз қоғам» жаңа жобасы бойынша қаржылық сауаттылықтарын арттырды. Жобаға қатысушылар заң және қаржы мәселелері бойынша, оның ішінде ШОБ-ты мемлекеттік қолдау шаралары бойынша білікті консультациялар алды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.\
Шағын және орта бизнес өңірлік экономиканың тұрақты өсуінде шешуші рөл атқарады. Жұмыс орындарына, инвестицияларға және халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болады.
Ирина ЛЮБАРСКАЯ,
Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы