Бас тақырып

Экономика отандық өндіріспен еңселі

2024 жылы Қазақстанның экономикалық күн тәртібі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында баяндалған өршіл мақсаттар мен міндеттер шеңберінде өрістеп келеді. Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басым бағыттар экономикалық өсудің, әлеуметтік саясаттың, инфрақұрылымдық жобалардың және орнықты дамудың әртүрлі салалы аспектілерін қамтиды. Халықтың табысын арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес секторларды дамытуға баса назар аударылғанын атап өткен маңызды. Бұл бүгін, әсіресе, жаһандық өзгерістер жағдайында өзекті бола түсуде. Тоқталайық…

Диаграмма мен инфографиканы дайындаған Е.КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Бағыт мен бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттарын атады.

«Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан, мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтем­ақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен, қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдау­ға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһан назарындағы трендтер

Қазіргі әлемдік экономика барлық елдерге әсер ететін бірқатар жаһандық сын-қатерлерге тап болды. Оның қатарында COVID-19 пандемиясының салдары, геосаяси тұрақсыздық, инфляцияның өсуі және «жасыл» трансформацияға ұмтылу бар. Мұндай жағдайда бірқатар елдер «жаңа өмірге» бейімделуге ұмтылып, өздерінің экономикалық стратегияларын қайта қарастырады.

Бірнешеуіне тоқталайық. Бірінші, әлем­дік экономика қарқынының бәсеңде­уі. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша 2024 жылы әлемдік экономикалық өсім былтыр 3%-ға жетіп жығылғаннан кейін 2,7%-ға дейін баяулайды. Негізгі себеп дамыған елдердегі жоғары пайыздық мөлшерлеме және дамушы нарықтарға инвестиция көлемінің күрт төмендеуі. АҚШ, Қытай және ЕуроОдақ жаһандық өсудің негізгі локомотивтері болып қала береді. Екінші, инфляция және жоғары пайыздық мөлшерлеме. АҚШ-та инфляция 2022 жылы 8%-ға, ал ЕО-да 10%-ға жетті, бұл жаһандық орталық банктерді пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр етті. Нәтижесінде қарыз қаражаты қымбаттады, бұл инвестициялық белсенділік пен жаһандық сұранысқа теріс әсер етті. Қазақстан да осы трендтің әсер ету аймағында болды: 2023 жылы елдегі инфляция 12%-ды құрады, бұл ақша-кредит саясатының қатаңдауына әкелді. Үшінші, әртараптандыру және жасыл экономика. Әлемдік экономиканың тұрақтылығы «жасыл» технологияларға көшуге байланысты. Бұл климаттың өзгеруімен күресуге және энергетикалық қауіпсіздікке деген ұмтылысқа байланысты. ЕО, Қытай және АҚШ елдері баламалы энергия көздеріне, сондай-ақ, көмірқышқыл газын азайту технологияларына белсенді инвестиция салуда. Қазақстан көмірсутектердің қомақты қорына ие бола отырып, «жасыл» энергетиканы дамыта отырып, шикізат экспортына тәуелділікті төмендетуге ұмтылады. Елде күн және жел электр станциялары белсенді түрде салынуда.

Және төртіншісі – технология­лық тайталас. Мұны дамыту – қазіргі экономиканың негізгі факторларының бірі. Елдер жасанды интеллект (AI), кванттық есептеу және финтех сияқты салаларда көшбасшылық үшін жарысады. 2023 жылы жасанды жадыға инвестициялардың әлемдік көлемі 1 100 млрд доллардан асты және одан әрі өсу күтілуде. Қазақстан цифрландыруға ұмтыла отырып, сонымен қатар, цифрлық активтердің жұмыс істеуі үшін платформалар ұсына бастады және финтех-экожүйені белсенді дамытуда.

Қазақстан – әлемдік экономикада

Орталық Азиядағы ең ірі ел қисапсыз бай ресурстарға ие бола отырып, жаһандық жеткізу тізбегінде маңызды рөл атқарады. 2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстан уран мен мұнай өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кірген. Ел, сонымен қатар, бидай экспорты бойынша 6-шы орында және мыс пен темір сияқты металдардың негізгі жеткізушісі мәртебесіне ие болды. Жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан өңдеу өнеркәсібін дамыта отырып және шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарта отырып, өз экономикасын барынша әртараптандыруға ұмтылады. Соңғы жылдары Қазақстан машина жасау, химия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты шикізаттық емес секторларды белсенді дамытуда. 2023 жылдың алғашқы 9 айында шикізаттық емес секторларға тікелей шетелдік инвестициялар 11 млрд долларды құрады. Бұл елдің мұнай мен газ өндірісіне тәуелділікті біртіндеп төмендететінін көрсетеді.

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) ұстанымына оралсақ, осы алғышарт республиканың ТМД елдерінің экономикасына кірігуге мүмкіндік береді. Одақ шеңберіндегі экономикалық интеграция Ре­сеймен, Беларуссиямен және ЕАЭО-ның басқа мүшелерімен сауда байланыстарын кеңейтуге ық­пал етеді. Алайда, қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, Қазақстан Азияда, Еуропада және Таяу Шығыста жаңа өткізу нарықтарын іздеуде.

Мұнымен қоса, Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы сау­да және көлік байланыстарын құ­руға бағытталған «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық Қытай бастамасының маңызды қатысушысы. Осы көлемді бағдарлама шеңберінде Қазақстан көлік ин­фрақұрылымын дамытуға инвестиция салады. Сәйкесінше, рес­публика Шығыс пен Батыс ара­сындағы негізгі логистикалық хабқа айналуға мүмкіндігі зор.

Мамандар көзқарасы

Әлемдік деңгейде есімі мәш­һүр экономистер Қазақстанның жа­һандық экономикадағы рөлі ту­ралы бірнеше рет айтып, мемлекетіміздің әртүрлі секторлардағы стратегиялық жағдайы мен әлеуетіне байыппен назар салғаны, пайымды пікір келтіргені бар. Зер салайық.

– Қазақстанның географиялық орналасуына байланысты Еуропа мен Азия арасындағы көпір бо­лудың бірегей мүмкіндігі бар. Ел­дің экономикалық дамуы, әсі­ресе табиғи ресурстар мен инфра­құрылым саласында, басқару инс­титуттарын жақсарту жөніндегі шаралармен сүйемелденуі тиіс, бұл «ресурстық қарғыс» тұзағын айналып өтіп, ұзақ мерзімді басымдық сапарында тұрақты өсуді қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц.

Ал, экономика тәуекелдерін мықтап зерттеген автор Пол Кругман «Қазақстан өзінің бай ресурс­тық базасынан пайда көре алады, бірақ ол үшін адами капитал мен технологияларды дамытуға инвес­тиция салу қажет. Елдің жетістігі оның экономикасын қалай әртараптандыруға және жаһандық экономикалық сын-қатерлерге бейімделуіне байланысты болады» деген дәйекті пікірін қосады.

2008 жылғы дағдарысты бол­жаған экономист Нурель Ру­бини «Қазақстан «жасыл» энер­гияға көшу және мұнай бағасы­ның ауытқуы сияқты жаһандық өзге­ріс­тер жағдайында өзінің экономи­калық саясатында абай болу керек. Экономиканы әртараптандыру жә­не инновацияларды қолдау сияқты ішкі тұрақтылық тетіктерін дамыту маңызды» деген пайымды пікірін алға тартқан.

Рубини мұнай экспортына тә­уелділікке байланысты тәуекелдерге назар аударады және жасыл технологияны дамытуды ұсынады. Белгілі экономистердің бұл пікірлері Қазақстан үшін жаһандық экономикадағы негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді көрсетеді: әртараптандыру, адами капиталға инвестициялар, инновациялар және жаһандық өзгеріс­терге бейімделу қажеттілігі сап басына шыққан.

Экономикалық өсім: сан мен басымдық

Ал, Үкіметтің болжамы бойынша 2024 жыл соңына дейін Қазақстан экономикасы 5,3%-дық өсімге табан тіремек. Бұл – соңғы жылдары байқалған оң динамиканың жалғасы. Мәселен, былтыр өсім 5,1% құрағанын ескерсек, бұл жаһандық сын-қатерлер жағдайында экономиканың тұрақтылығын айқындап берген. Өсу мен өркендеудің негізгі драйверлері ретінде құрылыс (13,3%), сауда (11,3%), ақпараттық және көлік қызметтері (сәйкесінше 7,1% және 6,9%) және өнеркәсіпті (4,3%) атап өтпеске болмас. Бұған Мемлекет басшысының Жолдаудағы әлеумет әл-ауқатына қосқан ескертуін ескере кетелік.

«Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеу­меттік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», – деді Президент.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,7%-ға өсті, ал, 2023 жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 19,7 млрд долларды құраса, оның 11 млрд-тан астамы экономиканың шикізаттық емес секторларына бағытталды. Бұл, әсіресе, елдің өз жемісін беріп жатқан экономиканы әртараптандыруға деген ұмтылысы аясында өте маңызды: өңдеу өнеркәсібінің өсуі шикізат секторының даму қарқынынан озып кетті.

Өңір салымы

Қарағанды облысы еліміздің индустриялық орталықтарының бірі ретінде, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосуды жалғастыруда. Өңір көлік желісін жаңғырту және жаңа өнеркәсіп объектілерін салу сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсенді қатысып келеді. Өңірлік стратегияның маңызды бөлігі өңдеу өнеркәсібін дамытуға және шикізаттық емес секторларға инвестициялар тартуға баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру жолында жемісті еңбек етіп келеді.

Сондай-ақ, Қарағанды өзінің көлік инфрақұрылымын жаңғыр­туды жалғастыруда, бұл өңірдің логистикасын жақсартуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл шаралар жаңа өндіріс орындарын дамытумен бірге аймаққа тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етеді.

Қалтарыстағы қақпақылдар

Біршама оң үрдістерге қарамастан, Қазақстан бірқатар сын-қатерлерге тап болары жаздың жарық күніндей шындық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздіктерді жою, сондай-ақ, экономиканың нақты секторына кредит беруді ынталандыру қажеттілігін атап өткен-тін. Негізгі проблемалардың бірі шағын және орта бизнесті шектеулі қаржыландыру болып қала береді. Бұл іскерлік белсенділік деңгейін төмендетеді және экономикалық өсуді тежейді. Технократтық жарыс және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық өзгерістерді ескере отырып, Қазақстан инновацияларды енгізуді жеделдетуі, цифрлық активтерді реттеуді күшейтуі және «жасыл» экономикаға көшу бағытын жал­ғас­тыруға бейіл.

– Қазақстан экономикасының да­муы – әрқашан күрделі, бірақ қызықты үдеріс. Соңғы жылдары біз еліміздің жаңа сынақтарға бейімделіп жатқанын көріп отырмыз, әрі мен бұл жолды «іркіліссіз даму кезеңі» деп атар едім. Әсіресе, Қарағанды облысында экономиканың серпіні айтарлықтай өсуді көрсетіп отыр. Бірақ, әрине, бұл сандардың артында күрделі шешімдер мен ауқымды жобалар тұр. Оларды дұрыс бағалау және қолдау қажет. Мәселен, тек соңғы бес жылда пандемия мен геосаяси тұрақсыздық сияқты әлемдік сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты да­му көрсеткішінен танбады. Ел­дің жалпы ішкі өнімі кемінде 4,3%-ға өсім берген. Бұл – біздің стратегия­лық жоспарларымыздың нәтижелі екендігінің дәлелі. Ал, бір ғана қазыналы өңіріміз осы ретте Қазақстанның өнеркә­сіп өндірісінің жалпы көлемінің 10%-ын арқалап тұр. Ойланып көріңіз! Сандар шабыт шақырғанымен, тоқмейілсуге болмайды. Өңірде заманауи инфрақұрылымның қалай дамып жатқанын, жаңа нысандар салынып жатқанын, жұмыс орындары ашылып жатқанын қос көзімізбен көріп, бақылап отырамыз. Бойымызда ептеген мақтаныш сезімі де ұялайды. Әрине, бізде әлі де қиындықтар бар. Қиындық кімде жоқ?! Шағын және орта бизнесті дамыту үлкен қолдауды қажет етеді, ал жаһандық инфляция кейбір бастамаларға зарарын келтірмей қоймайды. Есесіне дұрыс таңдалған стратегия мен табандылықпен біз бұл қиындықтарды жеңе аламыз деп сенемін, – дейді облыстық мәс­лихат депутаты Елдос Жүнісов.

Байлам

Қазақстанның 2024 жылғы экономикалық саясаты елдің өнеркәсіптік қаңқасын нығайтуға, теңсіздікті азайтуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Президент Жолдауында баяндалған негізгі бағыттарды іске асыру елдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуін нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады. Қарағанды облысы, басқа өңірлер сияқты, осы мақсаттарға қол жеткізуде, инвестициялар тартуда және жаңа өнеркәсіптік қуаттарды дамытуда маңызды рөл атқарады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button