Жаңалықтар

Экомәдениет мектептен басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті, саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды», – деген болатын.

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы аймақтағы көшелер мен аулалар абаттандырылып, қоғамдағы бірлік нығая түсті. Халық арасында бір-біріне тілеулестік рухын оятатын акция оқушылар арасында үлкен қолдауға ие. Бүгінде оның бір тармағына айналған «Эко-Қаһарман» байқауы мәресіне жетті.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Осы орайда Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Эко-Қаһарман» байқауына қатысқан барлық мектептерге, мұғалімдер мен оқушыларға шын жүректен алғыс білдіруде. Олай дейтініміз, жоба қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастырып, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу арқылы балалардың экологиялық санасын арттырды. Байқау­ға сондай-ақ, «ВторСырье Караганда» ЖШС ұжымы атсалысты.

Қарағандыдағы Шәкәрім атындағы №12 гимназияның география және экология пәні мұғалімі Рысалды Каженаның айтуынша, оқушылар қағаз қалдықтары мен пластикалық бөтелкелерді тапсыр­ды.

– Байқауға Қарағандыдағы 1-7 сынып оқушыларынан құралған мектеп командалары қатысты. Оқушылар 150 келідей макулатура жинады. Бұл жұмыстар мектеп ішінен ашылған экоклуб аясында жүзеге асты. Жиналған қалдықтардың барлығы «ВторСырье Караганда» ЖШС ұжымына қайта өңдеуге жіберілді. Акция арқылы оқушылар бірінші кезекте өз жерімізге, үйімізге ұқыпты қарау­ды үйренді. Өздерінің үлгісімен еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін сезінді. Макулатура жинау барысында ата-аналар балаларын жауапкершілікке, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиеледі. Байқаудың терең тәрбиелік мағынасы осыған негізделді. Оған қоса, бұл табиғи ресурстарды сақтауға және аймақтағы экология­лық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Оқушылар кеңестер мен идеялар алып, Instagram желісінде 501 пост жариялап, экологиялық бастама арқылы қаланың басқа да тұрғындарын шабыттандырды, – дейді Рысалды Кажена.

Байқау аясында «ВторСырье Караганда» ЖШС мамандары оқушылар тарапынан көптеген макулатура жіберілгенін атады.

– «ВторСырье Караганда» ЖШС 15 жыл бойы жұмыс істейді. Осы аралықта қаламыз­ды қоқыстан тазартуға барынша атсалысып келеміз. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы мектеп оқушылары да макулатура және пластиктер, полиэтилендерді әкеліп өткізе бастады. Байқауға Қарағанды қаласынан 33 мектеп тобы қатысып, 3 573 келі макулатура және 540 келі пластик бөтелке жинады. Бұл нәтижелер экологияға зиянды қалдықтарды азайтуға ғана емес, сұрыптау­дың маңыздылығын көрсетуге де үлесін қосты, – деп атап өтті «ВторСырье Караганда» ЖШС менеджері Асқар Хамитов.

Менеджердің айтуынша, акция балаларды қоршаған ортаны қорғауға, қоқыстан тазартуға үйрететін жақсы үрдіске айналды.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында балалар қалдықтарға «екінші өмір» сыйлауды үйренді. Бұған дейін облысымыздың жер-жердегі жеткіншектері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 110 мыңнан аса пластик бөтелкесін балмұздаққа айырбастады. Мысалы, Майқұдық саябағында балдырғандар 50 мың бөтелке табыстап, 10 мың балмұздақ алыпты. Осы арқылы аулада шашылып жатқан бос бөтелкелер жиналып қалды. Теміртаудың кішкентай тұрғындары 45 мың бөтелке жинап, 4 500 балмұздақ алды. Шахтинскінің балалары 12 500 бөтелке тапсырыпты. Балалар пластмаст, шыны бөтелке жинау арқылы қалдықтарды қайта өңдеуге, осылайша өлкемізді таза ұстауға үлесін қосты. Экологиялық мәдениет дағдыларын үйренді. Қазіргі таңда біздегі арнайы бөтелке қабылдау пункттеріне отбасымен келетіндер көп. Макулатура қалдықтарын өткізеді. Демалыссыз жұмыс істейтіндіктен, кез келген уақытта тұрмыстық қалдықтарды әкеліп өткізгені үшін жарна төлейміз. Мәселен, пластик – 60 теңге, картон – 30 теңге, макулатура – 50 теңге, ал, алюминий банкаларды 300 теңгеден қабылдаймыз, – дейді Асқар Хамитов.

Қазіргі уақытта «Эко-Қаһарман» байқауы аясында әр аталым бойынша қорытынды есептер жасалуда. «Қағаз жина – ағашты сақта» және «Пластикті кәдеге жарат – планетаға ауа қажет» номинациялары бойынша ең үздік топтар анықталып, Instagram желісінде белсенділік танытқан топтар да марапатталмақ. Жеңімпаздарды марапаттау 13 қарашада өтеді.

– Бүгінде байқауға 5000-нан астам бала қатысуда. Байқаудың басты мақсаты балалар мен жасөспірімдерді қалдықтарды сұрыптау дағдыларына үйрету. Оларды қағаз қалдықтары мен пластикалық бөтелкелерді жинау­ға тарту да басты міндеттің бірі. Күнделікті өмірде экологиялық мәселелерге саналы түрде қарап, халыққа экологиялық мәдениет пен сананы сіңіруге бағытталған. Еліміздің әрбір тұрғынын үй қоқыстарын сұрыптаудан бастап, электр энергиясы мен суды үнемдеуге, полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырамын.

Байқауға қала тұрғындары, әсіресе, балалар белсенді қатысты. Алдағы уақытта осындай акцияларды тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді «Эко-Қаһарман» жобасының жетекшісі Әлия Ескендірова.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button