Елдің индустриалды жүрегі әрі тірегіне айналған Қарағанды аймағы үшін экология мәселесі – өзекті. Өндірісті өңір бұл істе қол қусырып, қарап отырған жоқ. Десек те, ірі өндірістер бұл мәселені жіті назарда ұстауды талап етеді. Аймақтың ел бойынша зиянды қалдықтар шығарудағы үлесі – 21 пайыз шамасында. Бұл – 479 мың тонна. Теміртау қаласы облыстағы ең көп зиянды қалдықтар шығаратын шаһар ретінде қалып отыр. Теміртаудың бұл орайдағы «еншісі» – 48 пайыз. Жалпы, аймақта негізгі ластаушылар – «Qarmet» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорындары дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Аймақтағы экология проблемасын талқылау үшін Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қарағанды қаласында облыс тұрғындарымен, коммерциялық емес және қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Вице-министр Қарағанды аймағындағы экология ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, ірі өндіріс орындарынан шығатын зиянды қалдықтарды бақылау мақсатында министрлікке деректерді бере отырып, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бүгінгі таңда облыста жүйені 10 кәсіпорын енгізсе, үш кәсіпорын жүйені орнату кезеңінде көрінеді. Жалпы алғанда, автоматты мониторинг жүйесін қалдық шығаратын 60 нүктеге орнату көзделуде.
Өңірдің экологиясын жақсарту мақсатында облыстың 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы бекітілген. Ол картада 50 шара бар.
Қазіргі уақытта карта негізінде жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, Жол картасы аясында Қарағанды және Теміртау қалаларын газдандыру, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу, кәріз желілері мен тазарту құрылыстары, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен жасыл желектерді ұлғайту жұмыстары қолға алынған.
Бұдан басқа, Қарағанды облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өткен жөн. Оған жерді рекультивациялау жөніндегі шаралар, сондай-ақ, қоршаған ортаны жақсарту жөніндегі маңызды жобалар кіреді.
Тұрмыстық қалдықтардың заңсыз полигоны да экологияға соққы болып тұр. Дегенмен, кейінгі уақытта бұл полигондар кеміп келеді. Кездесуде жария етілген деректер де облыста рұқсат етілмеген полигондардың азайғанын мәлімдейді.
Мәселен, мұндай 2021 жылы 1360 орын анықталса, 2023 жылы – 739 (2022 – 745), ал, 2024 жылы – 335-ке кеміп, екі есе азайған екен. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан мұндай заңсыз полигондарды жою ұдайы назарда. Айталық, соның нәтижесінде, былтыр осы полигондардың 92 пайызы, биыл 45 пайызы жойылған. Бұл жұмыс үздіксіз жалғаспақшы.
Кездесу аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Өз тілшімізден