Республиканың ірі өнеркәсіптік аймағы болғандықтан, Қарағанды облысында бірқатар экологиялық проблемалар бары рас. Оның бірі – ауаның ластануы. Аймақта ауасы ең лас қала – Теміртау. 112 мың тонна зиянды шығарынды тіркелген мұнда. Одан кейін 37 мың тонна газ шығындысы бар Балқаш. Үшінші орында – Қарағанды. Облыс орталығында 18 мың тонна газ шығындысы тіркелген. Бұл деректерді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов айтты.
Өзекті проблема – өндірістен
Ол Қарағанды қаласында газдың ластануын жеке сектордың шығарындыларымен байланыстырды. Жеке секторда 25 мыңнан астам үй бар. Бұл бағыттағы басты жұмыс – газдандыру. Бүгінгі таңда 6 мың үй газға қосылған. Ал, Теміртау мен Балқаш қаласының ауа экологиясы сондағы өндіріс орындарына байланысты.
– Теміртау қаласында газдың ластануы «Qarmet» АҚ қызметімен байланысты, – дейді Дархан Ерғалиұлы. – Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту мақсатында кәсіпорында «Эмиссияны азайту жөніндегі стратегиялық іс-шаралар жоспары» әзірленуде. Шығарындыларды айтарлықтай азайту үшін кәсіпорынды толық газдандыру қажет. Бұл ауаға шығатын шығарындыларды 60 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Балқаш қаласында ауаның ластануының негізгі себебі – «Kazakhmys Smelting» ЖШС қызметі. Іс-шаралар жоспарына сәйкес кәсіпорын 2025 жылға қарай шығарындыларды 50%-ға дейін немесе 31 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін күкірт қышқылы цехының екінші желісін салуды көздейді. Бұл қоршаған ортаның экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, – деді спикер.
Дархан Исжанов күрделі экологиялық проблемалардың бірі ретінде стихиялық полигондардың пайда болуын атады. Олардың саны биыл 420-ға жеткен. Оның 167-сі жойылды. Бұл жалпы көлемнің 40%-ын құрайды.
Спикер мұндай полигондардың саны жыл сайын азайып келе жатқанын да тілге тиек етті. Мәселен, 2022 жылы 1360 болса, былтыр 745 полигон анықталған. Жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Биыл жүргізілген 47 рейд нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы 53 хаттама толтырылды.
– Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтардың заңсыз полигондары да назар аударатын мәселе. Облыста 168 сынақ полигоны болса, оның 61-і заңдастырылған. Жоғарыда аталған барлық мәселелерді шешу облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына және Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешудің 2020-2024 жылдарға арналған жол картасына енгізілген, – деп атап өтті Дархан Ерғалиұлы.
Эмиссия еселенген жоқ
Облыс бойынша нақты эмиссиялардың азаюы байқалады. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы шығарындылар 230 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға төмен. Былтыр бұл көрсеткіш 243,1 мың тонна болған.
– Төгінділердің де төмендеуі байқалады, – деді Дархан Исжанов. – Оның нақты көлемі 101 мың тоннаны құрады. Былтыр 108,4 мың тонна болған. 6%-ға төмендегенін көреміз. Эмиссияларды төмендету бойынша жұмыстар жалғасуда. Есепті кезеңде қолданыстағы жабдықтарды жаңғырту есебінен шығарындылар нормативтері 501 тоннаға төмендетілді. Суды технологиялық қажеттіліктерге қайта пайдалану есебінен төгінділер нормативтері жылына 22 мың текше метрге төмендетілді. Сондай-ақ, кәсіпорынның жол құрылысына сыйымды және аршылған жыныстарды пайдалануы есебінен қалдықтар нормативтері 2,5 млн тоннаға азайды.
Қоршаған ортаға шығарылған эмиссиялар үшін биылғы жарты жылда 9,8 млрд теңге төленді.
Табиғат қорғаудың таптырмас тетігі
Берілген рұқсаттар шеңберінде облыстың ірі кәсіпорындары есепті кезеңде 35 млрд теңгеден астам сомаға табиғат қорғау іс-шараларын орындауды жоспарлады. Оның 2,5 млрд теңгесі игерілді.
– Аталған соманы игеру жылдың соңына жоспарланған. Осы жылға «Kazakhmys Smelting» ЖШС 16,5 млрд теңге, «Qarmet» АҚ 16,5 млрд теңге және 1,3 млрд теңге салды. Жалпы, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында экология департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеп, сол бойынша жұмыс жасап жатыр, – деді спикер.
Құжатқа сәйкес Қарағанды және Теміртау қалаларын газдандыру, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу, Осакаров ауданының Осакаровка кентіндегі кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын жүргізу, Абай ауданының Абай қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бойынша 50 іс-шара көзделген. 2023 жыл қорытындысы бойынша Жол картасындағы 22 шара орындалды. Биыл жаңартылған жол картасы аясында 4 шара іске асты.
– Жаңа Экологиялық кодекс бойынша ірі кәсіпорындар ластаушы заттардың мониторингін жүргізу үшін автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу көзделген. Бүгінгі таңда өңірдегі 12 кәсіпорын аталған жүйені орнатуды жоспарлап отыр. Оның алтауы автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатты. Үш кәсіпорын шығарынды туралы деректерін қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне жіберіп отырады. Бұлар – «Карцемент» АҚ, «Kazakhmys Smelting» ЖШС және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Саяқ кеніші. Қалғандары жүйені орнату үстінде, – деді ол.
Департамент құзыреті кең
Құзыреті шеңберінде департаментте мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтетін жобалау материалдары қаралады. Бірінші жартыжылдықта 348 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде, жоспарланған қызметке скрининг беру, экологиялық рұқсат беру бойынша сондай-ақ, қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындыларын беру бойынша қызметтер жасалды.
Департамент мамандары тексерістерге де шығады.
– Биыл 42 тексеріс өткізді. Барлық тексерулер нәтижесінде 90 бұзушылық анықталып, оларды жою жөнінде ұсыныс жасалды. Бүгінде оның 73-і орындалды. 16 млн теңгеден астам сомаға 38 әкімшілік айыппұл салынды. Былтырғы жылғы әкімшілік айыппұлдарды қоса алғанда осы кезеңде барлығы 1,5 млрд теңге өндіріп алынды. Сонымен қатар, «Алтай Полиметаллы» ЖШС-нен қалдықтарды тиісті рұқсатсыз шығарғаны үшін 313 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Бұдан бөлек, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін бес кәсіпорынның қызметі тоқтатылды, – деді Дархан Исжанов.
Спикер брифинг барысында сәуірде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 10 743 кәсіпорыннан 122 мың адам қатысқанын атап өтті. Олар жұмылдырылған 1400 техниканың көмегімен 51 мың тонна қоқыс пен қалдықтарды тазалады.
– Біз экологиялық мәдениетті арттыра отырып, бірлесіп экологиялық жағдайды жақсарта аламыз. Былайша айтқанда, мен сіздерді тазалықтың қарапайым ережелерін сақтауға шақырамын. Экологиялық жағдайға бей-жай қарамауды сұраймын, – деді спикер.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»