Екінші деңгейлі банктер жұмыс істеп тұр
Карантин кезінде аймағымызда банктер мен банкоматтарда ақша тапшылығы жоқ, екінші деңгейлі банктер сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істеп тұр. Барлық қаржылық қызметтер іркіліссіз көрсетілуде.
Облыс бойынша банкоматтардан да қолма-қол ақша алуға болады және оларды қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Банкоматтар өзгеріссіз белгілі бір кестеге сәйкес толтырылады.
Құрметті екінші деңгейдегі банктерге келуші клиенттер, үй-жайдың ішінде 2 метр қашықтықты сақтау қажет екенін еске саламыз. Санитарлық ережелерге сай ғимаратта бір уақытта бірнеше адам болмауы тиіс, сондықтан қазір кейбір қалаларда кезектер көшеге дейін созылуда.
Сондай-ақ, зейнеткерлерге аса қажеттілік болмаса, банктерге бармауды сұраймыз. Карантин кезінде қарт адамдар қоғамдық орындарға бармауы үшін пошташылар төлем карталары мен зейнетақыны үйлеріне алып келеді.
«Қазпошта» бөлімшелері зейнеткерлерді ағымдағы шоттардан картаға аудару бойынша жұмыстар жүргізуде. Егде жастағы адамдарға өтінімді қалай ресімдеуге және карталарды қалай пайдалануға болатыны жөніндегі кеңестер телефон арқылы беріледі.
Картаны ресімдей алмайтындарға зейнетақыны мамандар үйіне алып келеді.
Төлем карталарының көмегімен дүкендердегі тауарлар, дәрі-дәрмектер, коммуналдық қызметтерді төлеуге, рost.kz порталында пошталық қызметтерді орындауға мүмкіндік бар.
«Қазпошта» мен Халық банкінің банкоматтарынан ақшаны комиссиясыз алуға болады.
Төлем карталарын ресімдеу және зейнетақы жеткізу бойынша барлық сұрақтарға тұтынушылар келесі телефондар арқылы жауап ала алады: (8-7212) 41-26-95, 41-26-91.
Өзіңізді қорғаңыздар, үйде қалыңыздар!