Екібастұзға ел көмегі
Екібастұздағы төтенше жағдайға елдің көңілі алаң. Қақаған қыста жылусыз қалған қала жағдайын Үкімет өз бақылауына алды. Сонымен қатар, еліміздің түпкір-түпкірінен гуманитарлық көмек пен білікті мамандар жұмылдыруда.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен жылумен қамтуды қалпына келтіру үшін Екібастұзға 70 қарағандылық маман көмекке аттанды.
Бұл ретте құрылыс және коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлерінен арнайы жедел бригада құрылды. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Facebook парақшасында:
– Қажетті құралдармен және техникамен толық жабдықталған мамандарымыз Екібастұзға аттанды. Дәл қазір олар міндетіне кірісті. «Энергоцентр», «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, қаланың құрылыс компаниялары мен барлық қарағандылықтарға шын жүректен алғыс айтамын, – деген жазба қалдырды.
Апат айтып келмейді. Екібастұзға екіталай күн туғанда Қазақстанның әр тарапынан түрлі көмек шаралары қолға алынуда. Азаматтық альянстың ұйытқы болуымен жергілікті басқару органдары тарапынан да гуманитарлық көмекке қажетті қаржы жиналуда. Алғашқы көмек көлігі Екібастұзға жөнелтілді.
– Қазірдің өзінде Ата-аналар одағы сынды қоғамдық ұйымдар мен еріктілер, қоғам белсенділері мен қарапайым жандар тарапынан 1 млн. 500 мыңдай қаражат келіп түсті. Апатты жағдайға байланысты жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі мен Қарағанды қаласының ерікті, мейірімді тұрғындары қиын-қыстау жағдайға бейжай қарап отыра алмай, бірігіп көмек қолын созып жатыр. Осындай кезде біз қазақстандықтар бірге екенімізді көрсетуіміз керек! Мұндай игі істердің басы-қасында жүрген азаматтарға мың алғыс! Өте қиын жағдайда қалған кезде пана болу, жақсылық жасай білу жүрегіңді елжіретеді. Екібастұз тұрғындарына сабыр тілеймін. Біз сіздермен біргеміз, – дейді Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Дмитрий Полтаренко. Еске салып өтелік, Екібастұз қаласының тұрғындарына көмек жинау жалғасуда. Көмек қолын созам деушілер Гоголь көшесі, 31-үй мекенжайына жөнелте алады. Қазіргі таңда 100-ге тарта жылытқыш, 30 шақты термос, көрпе, жылы киімдер жиналып қалаға жеткізілген.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Зара Шалабаева да депутаттық корпустың бұл мәселеге бейжай қарамайтынын жеткізді.
– Екі-үш күннен бері Екібастұз тұрғындарына гуманитарлық көмек сатып алу үшін алым жарияланды. Қазіргі кезде Жанашырлар клубының түрткі болуымен 7 млн. теңгедей сома жиналды. Екі қала еріктілері бір-бірімен үнемі байланыста. Бүгін көмек көлігі Екібастұзға барып, көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне барып қолғабыс етпек. Қала тұрғындарының айтуынша, енді жылытқыштар жеткілікті көрінеді. Сантехникаға қажетті құрылыс материалдары қажет. Адам күші де тапшы. Мамандар керек. Жағдайға жанашырлық танытқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз. Біз қал-қадерімізше жағдайды бақылаудамыз, – деп қорытты қалалық мәслихат депутаты
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,