Бас тақырып

Екі жылда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Сурет: trends.rbc.ru

– Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керегін де айтты. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдауға тапсырма берді.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс. «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр.Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету  нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деп қосты Президент.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button