Бас тақырып

Егіс науқаны басталды

Мемлекет басшысы «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын» деген сындарлы сөзі бұқара жұрттың есінде. Көктемде көктің басы қылт етісімен көктемгі егіс амалдарына даярлық қызу басталып кеткен. Ал, мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай егіс науқаны жарияланды. Оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары қарқын алған. Бүгінгі күнге дейін 1,5 млн. гектар алқап­қа егін егілді.

Сурет: potatosystem.ru сайтынан

Мақсат пен меже

Облыс әкімдігінің деректеріне сүйенсек, осы жылы жалпы 23,8 млн. гектар егіс алқабы игерілмек. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидай егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарып, 13,3 млн. гектарды құрады. Сонымен қатар, майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және жемшөп дақылдарын 66 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Президент пәрмені аясында суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мақта алаңдарын 16 мың гектарға, күрішті 12 мың гектарға азайту болжануда. Бұл орайда дала жұмыстарын табысты жүргізудің негізгі факторларының бірі – минералдық тыңайтқыштарды енгізу.

Мемлекет басшысының тапсырмасы­на сәйкес, биылға арналған тыңайту жос­пары 1,5 млн. тоннаны құрайды, оның 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өнімі.

Жалпы, бүгінгі таңда фермерлерге барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш жө­нелтілді, бұл 2024 жылға арналған жос­пардың 30%-на шамалас. Ауыл шаруа­шылығы құрылымдарында егіс науқанын жүргізу үшін 150 мың трактор, өнімділігі жоғары егіс кешендерінің шамамен 5 мың бірлігі, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бүгінгі таңда өңірлердің жариялаған мәліметтеріне сенсек, техниканың дайындығы 98% көлемінде. Айта кету керек, көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдікпен қаржыландыруға 580 млрд. теңге бағытталған. Оның 400 млрд. теңгесі қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі бойынша жылдық таза 5%-бен шаруаларға несие беріледі. Көктемгі дала жұмыстарына дизель отынының көлемін қалыптастыруға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден өтінімдер қабылдау басталды.

Өңірде

Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көктемгі егіс жұмыстарына ойдағыдай кіріскен. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов жұмыс сапарымен Абай ауданына барған еді. Онда ол егіс жұмыстарының барысымен танысып, егістік жұмыстарын агротехникалық мерзімде аяқтау жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінде бір ғана Абай ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 3635 гектар алқапқа дәнді дақылдар егілді. Оның ішінде, 3020 гектар бидай, 415 гектар арпа, 200 гектар сұлы.

Қарағандылық шаруашылық иелері ауа райының, егін жинау науқаны кезіндегідей жағымсыз жайттары қайталанбайды деп үміттенеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша диқаншылар мен техника науқанға тастүйін дайын. Көктемгі егіс науқанына барлығы 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 254 бірлік заманауи егіс кешені, 9,8 мыңнан астам трактор, 4,0 мың бірліктен астам тұқым сепкіш, 2482 топырақ өңдеуші агрегат қатысады.

Дәнді дақылдар тұқымы негізінен «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен және облыстың басқа шаруашылықтарынан, көршілес өңірлер мен Ресей Федерациясынан тасымалдануда. Қазірдің өзінде 567 тоннадан астам элиталық сорт тұқымдары сатып алынды.

Ведомство басшысының орынбасары еске салғандай, Қазақстанда 13 наурыздан бастап, Ауыл шаруашылығы министрінің отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігін енгізу туралы жаңа бұйрығы күшіне енді. Субсидиялау механизмі нормасы 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды көздейді.

– Ал, шетелдік тыңайтқыштар үшін ол ең төменгі құнның 40% деңгейінде төленеді. Субсидиялаудың жаңа тәсілі фермерлерге тыңайтқыштарды алдын ала төмендетілген бағамен алуды, ал отандық өндірушілерге кепілдендірілген сатып алуды қамтамасыз етеді. Бұл тетікті іске асыру өңделетін алқап көлемін ұлғайтуға және химия өнеркәсібінің дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы бұйрықпен 2023 жылы сатылып алынған тұқым, минералды тыңайтқыштар және пестицидтерді субсидиялауға өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған, – деп атап өтті Сырым Бошпанов.

Атап айтқанда, Қарағанды облысы бойынша нормаға сәйкес, 150,1 мың тонна минералды тыңайт­қыштар енгізілуі қажет болса, ағымдағы жылы 581 мың гектар алқапқа, шамамен 71,5 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге көп.

Несие шарттары қандай?

– Өздеріңіз білетіндей, «Қаз­АгроҚаржы» акционерлік қоғамының желісі бойынша егіс науқанын жүргізуге 7 млрд. теңге көлемінде несиелік қаражат жоспарланған. Бүгінгі күнге, 61 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге несиелендіріліп, 128 бірлік техника лизингке берілген. Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы бүгінгі таңда шаруашылыққа 6,5 млрд. теңге сомасына «Кең дала» бағдарламасы бойынша 124 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 5,5 млрд. теңге, «АгроБизнес» бағдарламасы 12 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге – 1,0 млрд. теңге несие берді, – деді Сырым Бошпанов.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге облыс үшін 17,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отыны Қарағанды қаласы және Осакаровка кентіндегі мұнай сақтау базаларынан литрі 245 теңгеден босатылады. Бұл – Қазақстандағы ең төмен баға. Дизель отынына өтінім беріп үлгермеген фермерлер үшін, былтырғы пайдаланылмаған көлемнен литрі 250 теңгеден босату көзделген. Қазірдің өзінде 2,4 мың тоннадан астам көлемге өтінім берілді, деп атап өтті ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары. Ал, Осакаров ауданына қарасты Ошағанды ауылында орналасқан «Zheltau» жас фермерлік шаруашылығының басшысы Мадиар Мұхамбедин егіс науқанын мамыр айының ортасында бастауды жоспарлауда. Өткен жылы шаруа­шылықпен «Астана», «Шортанды», «Нерда» сортты бидай 700 гектарға жуық алқапқа егілді. Мемлекет басшысы, елімізде бидайдың шамадан тыс артық өндірілуіне байланысты, аграршыларды егіс алқаптары көлемін әртараптандыруға шақырды. Осы үндеуге сүйене отырып, «Zheltau» шаруа қожалығының басшысы дәнді дақылдар алқабын 300 гектарға дейін қысқартып, азықтық дақылдар себу туралы шешім қабылдады.

Халық қалаулысының пікірі

– Егер мемлекеттік қолдау тетіктері туралы айтатын болсақ, оларды өзекті және ойластырылған деп атауға болады, – деп есептейді «Zheltau» шаруа қожалығының басшысы. – Алайда, осы бағыттағы жұмысты дамыту қажет деп санаймын. Атап айтқанда, Ресей Федерациясынан бидайдың кіруі біздің фермерлерді қолайсыз жағдайға душар ететіні тағы жасырын емес.

Егіс көлемінің көп және өнім­ділігі жоғары болуы ресейлік өнім­нің өзіндік құнын арзандатып, жағ­дайды қиындатады. Жаңа нарықтарды іздеу керек және біздің ай­мақ деңгейінде бұл мәселе күрделі. Осы жағдайларда, ауыл шаруашылығы саласының табысты жә­не тиімді дамуына мемлекет та­ра­пынан қолдау көрсету стратегиялық мәселеге айналады деп есептейді фермер. 2023 жылы Осакаров ауданы халқы, жас жігіттің табандылығы мен бастамашылығы үшін аудандық мәслихат депутаты лауазымына кандидатурасын қолдап дауыс берді. Халық қалаулысы бола отырып, ол ауылды дамыту, жұмысқа орналастыру, жергілікті инфрақұрылымды жақсарту мәсе­лелерін көтеруге, және әрине, ау­ыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілердің мүдделерін қорғауға ни­етті.

Субсидиялау стратегиясы

Айта кету керек, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі агро өнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды несиелеудің қолданыстағы ережелеріне түзетулер пакетін әзірлеуде. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Үкіметте хабарланды. Шешім «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2023 жылғы нәтижелерін талдау қорытындысы бойынша және өңір тұрғындарының өтініштері нәтижесінде қабылданды. Бүгінде өткен жылы ауыл тұрғындарына бөлінген 100 млрд. теңге көлеміндегі қолжетімді шағын несиелердің 82,4 млрд. теңгесі игерілді. Оның 80%-ы – мал шаруашылығын дамытуға, 5,2%-ы – техника мен жабдық сатып алуға, 4%-ы өсімдік шаруашылығына бағытталған. Үкімет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы еліміздегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына серпін бергенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы Түркістан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында 407 кооператив құрылды. Қазір өңірлер қолданыстағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің осы бағдарлама бойынша лизингке техника сатып алуға қолжетімді қарыз қаражатын алу мәселесін көтеруде.

– Субсидиялау қағидаларына түзетулер жобасы Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жылдық 2,5%-бен және 5 жылға дейінгі мерзіммен техника лизингін ресімдеу мүмкіндігін көздейді. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін кооперативтер мен біз қаржыландыру нормативін арттырамыз, – деді вице-министр Азат Сұлтанов.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button