Бас тақырып

Егінді әртараптандыру өзекті

Халқымызда «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген ұтымды сөзі бар. Күні кеше Осакаров ауданында «Ауыл» партиясы облыс фермерлеріне арнап, «Егістікті майлы, дәнді-бұршақты және жем-шөп дақылдарымен әртараптандырудың өзектілігі» тақырыбында мәнді семинар өткізді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Шараға «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Мұрат Іргебаев, облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин, Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов, ауыл шаруашылығы өнімдері мен құрал-жабдықтарын өндіруші компаниялардың өкілдері, облыс фермерлері қатысты.

Жиылған жұрт алдымен мәдениет үйі фойесінде ұйымдастырған отандық тұқым өндірушілердің, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізушілердің селекциялық жетістіктері көрмесімен танысты. Осылайша өндірушілермен тікелей байланысқа мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында фермерлерді отандық тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сорттарды шығару және өсірумен айналысу туралы атап өтті. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келгенін еске салып, егіс түрлерін көбейтуіміз қажеттігін қадап айтты. Аталған шараның да астықты алқап Осакаров ауданында өтуі де тегін емес. Өйткені, облыстағы егісті аудан – осы. Былтыр ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз жыл болғанына қарамастан облыс шаруашылықтары 679 мың тонна дәнді дақыл, 364 мың тонна картоп, 78 мың тонна көкөніс жинаған. Ол ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті көрсеткіш.

Бауыржан Асанов: – Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі әртараптандыру, ең алдымен, өндірілетін өнім түрін жаңа және дәстүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары негізінде кеңейтумен байланысты. «Ауыл» партиясының бүгін ұйымдастырған семинар-кеңесі осы мәселені қарастырады, озық тәжірибені зерделеу, қорыту және тарату, сондай-ақ, отандық тұқым шаруашылығы проблемаларын шешу жолдарын іздеуді мақсат тұтады, – деді.

Қайрат Айтуғанов партиясының жұмыстарына шолу жасап, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынына тоқталса, Мұрат Іргебаев өз сөзінде өте өзекті мәселені дер кезінде көтерген «Ауыл» партиясына алғыс айтты.

– Бірер жылдың көлемі болды, елімізде бидайдың бағасы түсіп жатыр. Жағдай оңай емес. Ел фермерлерінің арасында барды ұқсатып, өз тіршілігін жасап жатқандар жеткілікті. Олар ешкімге алақан жаймай, өз кәсіптерін дөңгелентіп те келеді. Осы мәселелерді шешу үшін еліміз бойынша осындай семинарлар өткізіп жатырмыз. Арпа мен бидайдың жағдайы күрделенген шақта не екпек керек? Мысалы, майлы дақылдарға жататын өнімдер, бұршақ дақылы, көпжылдық шөп, біржылдық шөппен алмастырмақ ойымыз бар. Сондықтан, шаруашылықтардың мүмкіндігіне қарай біртіндеп, осыларды жергілікті топыраққа сіңіру керек, – деді Қайрат Айтуғанов.

Сондай-ақ, семинарда «А.И.Бараев атындағы АШ ҒӨО» ЖШС Басқарма төрағасы Т.Савин «Майлы және дәнді-бұршақты дақылдарды өсірудің өзектілігі», аталған серіктестіктің майлы және дәнді-бұршақты дақылдарды селекциялау бөлімі меңгерушісі И. Ошерина «Майлы және дәнді-бұршақты дақылдарды өсіру технологиясы» туралы баяндады. Көпжылдық шөптер бөлімінің меңгерушісі Н.Филиппова «Біржылдық және көпжылдық шөп өсіру тәжірибесі», ШҚО «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас агрономы Н.Баймут «Күнбағыс пен соя өсіру арқылы өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыруға» тоқталды. Қостанай облысы «Қарабалық АШТС» ЖШС басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары В.Чудинов «Жаздық арпаның жем-шөп өндірісінің өнімділігі мен әртараптандырылуын арттыру факторы ретіндегі сорттық әртүрлілігі», «Қазазот» АҚ бас директорының корпоративтік даму жөніндегі орынбасары Т.Нағыманова ««Қазазот» АҚ азоттық тыңайтқыштарын алу тәртібін» еске салды. «Kazchemicals trading house» ЖШС директоры Ж.Бектеміров «Қазфосфат» ЖШС фосфорлық тыңайтқышымен қамтамасыз ету тәртібі», облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Мусин өңірдің көктемгі дала жұмыстарына дайындығына тоқталды. Осакаров ауданының әкімі Р.Нұрмұханбетов аудандағы өсімдік шаруашылығы, Қазақстан фермерлер Одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, «Шанс» шаруа қожалығының басшысы И.Жабяк облыс ауыл шаруашылығының ағымдағы жағдайы туралы айтты.

– Облыс егістіктерін әртараптандыру бойынша биыл бидай алқабы 8 мың гектарға, арпа алқабы 12 мың гектарға азаяды. Бұл ретте жоғарғы рентабельді басым дақылдардың алқабын ұлғайтамыз. Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 27,3 мың гектарға, мал азығы алқабын 9600 гектарға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облысымызда 37 741 бірлік ауыл шаруашылығы техника жабдықтары бар, – деді Саят Мусин.

Қатысушылар семинар барысында бірқатар мәселе бойынша сұрақтар қойып, тиісінше жауап алды. Шара ауыл шаруашылығы ардагерлерін, еңбеккерлерді марапаттаумен түйінделді.

Әділет ШОПЕН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button