Жаңалықтар

Егемендік Декларациясы: тарихи белестер

Биыл егемендік Декларацияның жарияланғанына 35 жыл толады. Тарих үшін мұндай уақыт үзігі қас-қағым сәт дерлік – аз ғана мерзім. Алайда, осынау қысқа уақыт ішінде республикамыздың тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа саяси және әлеуметтік өзгерістерді бұл мезгілдің шағын аясына сыйғызу мүмкін емес. Қазақ қоғамы өзінің тарихи-мәдени болмысының барлық бағыттары бойынша терең трансформациялық өзгерістерді басынан өткізді. Осы жылдар ішінде Қазақстан берік тұғырлы, қуатты мемлекет болып қалыптасты. Біздің дүниежүзілік қоғамдастықпен тереземіз тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын қабілетімізді әлемдік қауымдастық мойындады, таныды. Еліміз әлемдік өркениеттен өз жолын тауып, бүгінде Орта держава деген құрметті, тұғырлы орнына нық жайғасып, стратегиялық тұрғыдан тарихи географиялық аймақ – Орталық Азиядағы негізгі ойыншы тұрғысында беделі бар, Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа сүйенген мемлекетке айналды.

Коллажды жасаған А.Коктаева

2022 жылы ұлт ұясы Ұлытауда өткен І Ұлттық Құрылтайдың салтанатты жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деп ерекше тоқталып өткен болатын.

Содан араға 13 жыл үзіліс салып, еліміз мемлекетіміз үшін басты ұлттық мереке – Республика күнін салтанатты түрде атап өтті. 2009 жылдан бері бұл күн мемлекеттік мереке ретінде аталмағанына қарамастан, адамдардың тарихи жадысында берік сақталып, еліміздің саяси оқиғаларының күнтізбесіндегі маңызды күн болып келді. Белгілі-белгісіз себептермен кеткен сол олқылық түзетіліп, тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Парламент Республика күнін ұлттық мерекелер тізбесіне енгізіп, оған Президент қол қойды. «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация» оңайлықпен қабылданған жоқ. Оның жобасын даярлау жөніндегі комиссияны қазақ заңгерлерінің патриархы, академик-депутат Салық Зиманов басқарды. Алты сағаттан астам уақытқа созылып, түске дейін 27, ал түстен кейін 85 депутат сан алуан сұрақ қойып, мәтінге орынды-орынсыз өзгерістерін енгізумен болды. Академик С.Зиманов алты сағат бойына табанынан тік тұрып, жеке өз басы артық-кемі жоқ 60 рет сөз алып, барлық қарсы пікірге сабырмен, салмақпен тиянақты жауап қайтарды. Академик Салық Зимановқа тірек болып, Алтай мен Атыраудың арасын кең жайлаған барша қазақ халқының арман-тілегін аманат қылып арқалаған мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев бастаған тау тұлға азаматтардың тұтас шоғыры да егемендік Декларациясының қабылдануына себепші болғанын айтуымыз керек.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымының ІІ сессиясында тұңғыш рет халқымыздың мемлекеттік егемендігін бекітетін тарихи маңызды құжат – «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл құжаттың құндылығы өте жоғары. Ата-бабаларымыздың азаттық пен еркіндік үшін ғасырларға ұласқан Тәуелсіздік үшін күресі осы декларациямен түйінделді. 17 баптан тұратын Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, дербес ішкі әскерін құратындығы, тұтас мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баянды етті. Ондағы әр бапта халқымыздың басты құндылықтары мен ұлттық мұраты нақты түрде көрсетілген. Мысалы, егемендік Декларациясының 12-бабында «Қазақ КСР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды», – деп жазып, тағдырдың тәлкегімен әлемнің шартарабына шашырап кеткен халқымыздың ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекет екенін тайға таңба басқандай көрсетті. Ал, 14-бапта «Қазақ КСР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның ішінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерінің қызметіне қатысуға правосы бар», – деп жазып, осы қабылданған егемендік Декларациясы шеңберінде еліміздің халықаралық қатынастарда дербес сыртқы саясат жүргізуге және шет мемлекеттермен дербес экономикалық және сыртқы сауда байланыстарын жүргізуге толық құқығы бар екенін шегендеп көрсетті. Осы 1990 жылдың өзінде Қазақстанның сыртқы саясатын «экономикаландыру» міндеті ерекше өзекті сипатқа ие болды. Егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ дипломаттардың негізгі күш-жігері Қазақстан экономикасының дамуына барынша жәрдемдесуге, ең алдымен, банкроттық шегінде тұрған кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру, жаңа жұмыс орындарын құру, ең жаңа технологияларды енгізу үшін қажетті шетелдік инвестицияларды тарту міндеті қойылды. Осы егемендік Декларациясында көрсетілген басым баптың құқықтық-нормативтік заңдылығына сүйенген Республикамыз Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болуға батыл қадамдар жасай бастады. Қазақстанның дипломатикалық миссиясы Вашингтонда, Мәскеуде, Пекинде, Анкара мен Стамбулда, Женевада, Брюсельде, Рим және Нью-Йоркте мемлекет мүддесі үшін белсенді қызмет атқара бастады.

Декларацияның 16-бабында «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігінің символдары – герб, ту, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазылады», – деп мемлекеттік рәміздеріміз әр азамат үшін басты қасиетті құндылық екенін анықтап көрсетті. Сөз жоқ бұл халқымыздың бойындағы мемлекетшілдік пен патриоттық сезімдерін шыңдауға зор әсерін берді.

Егемендік Декларациясы қабылданған тарихи уақыттағы еліміздегі демографиялық ахуал қазіргімен салыстыруға келмейтін. Оның алдында 1989 жылы Кеңес Одағының соңғы санағында Республикамызда қазақ ұлтының үлестік көрсеткіші небәрі 39 пайызды ғана құраған болатын. Осындай қысылтаяң кезде қабылданған құжаттың тарихи маңызы зор болды, себебі Декларация – тәуелсіз демократиялық құқықтық мемлекетті құрудың бастамасын енгізді. Еліміз қысқа мерзімнің ішінде геосаяси кеңістікте өзінің даму жолын айқындап, ұлттық-мемлекеттік мүдделерін түгендей алды.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігін жариялау Қазақстан үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашқан тұңғыш акті болып, басқа демократиялық республикалармен терезесі тең мемлекет екендігін танытты. Ішкі саясатымызда қазақ халқының мәдени-рухани тұрғыда қайта жаңғыруы мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ал мемлекеттік мүддеге келсек өркениеттік және демократиялық ұстанымдарды басшылыққа алып, ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті қалыптасты.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылдаған кезде осы 1990 жылғы 25 қазандағы егемендік Декларациясындағы қабылданған қағидаларға сүйенді. Сондықтан, осы екі құжаттың арасында аса зор эволюциялық байланыс бар.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті PhD докторы.

Минар АМРИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button