Бас тақырыпЖаңалықтар

Еңбектің еңселі ескерткіші

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің индустриялық даму бағытын нақтылап, өндіріс көлемін 1,5 есе, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыруды стратегиялық міндет ретінде айқындаған болатын. Межелі мақсатты жүзеге асыру жолында елдегі ірі өнеркәсіп ошақтары белсенді жұмыс істеуде. Соның жарқын мысалы – Қарағанды құю-машина жасау зауыты. Бүгінде бұл кәсіпорында 800-ден астам маман еңбек етіп, 7 мыңнан астам өнім түрі шығарылады. Ел экономикасын әртараптандыру мен өндірісті жаңғырту жолында бұл зауыттың қосып отырған үлесі айрықша.

Суреттер зауыттың ресми сайтынан алынды

Зауыттың негізі 1941 жылдың 21 наурызында қаланған. Дәл осы күні шағын механикалық шеберханалардың базасында жөндеу-прокаттық база құрылып, жаңа өндіріс ошағының іргетасы қаланды. Алғашқы қадамнан-ақ өндіріс қызу қарқынға ие болды. Ұлы Отан соғысының басталуы да бұл қарқынды тоқтата алмады. Керісінше, зауыт соғыс жылдарында елге қажет өнім шығарып, тылдағы ерлік еңбектің айшықты үлгісін көрсетті.

Жаңа цех өнімдері Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларының өндірістік қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырды. Ай сайын мұнда 150-200 тонна аралығында әртүрлі шойын бұйымдары құйылып, майдан мен тыл үшін маңызды өнімдер дайындалды. Сол жылдары механикалық, құрастыру, электр цехтары мен түрлі шеберханалар ашылды. Жұмысшыларға арналған асхана мен дүкен де жұмыс істеп тұрды. Ел басына күн туған сәтте де зауыттың «жүрегі» тоқтаған жоқ, керісінше, еңбек алауы бұрынғыдан да жалындай түсті.

Осылайша, жыл артынан жыл өтіп, тоқсаныншы жылдардың басына дейін зауыт қарқынды дамуын жалғастырады. Зауытта ПАЗ автобустары мен электр үтіктері шығарылады. Оттегі цехы да салынады, құрылыс крандары мен ауыл шаруашылығы техникасының сериялы өндірісі жолға қойылады. Орталық электрмеханикалық шеберханалар негізінде тау-кен жабдықтарын жөндейтін зауыт бой көтереді. Алайда, кейінгі жылдардағы экономикалық тұрақсыздық өндіріс өміріне кері салдарын тигізбей қоймады.

1999 жылдың қазан айында, жойылудың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорынға «Қазақмыс» компаниясы жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді дайындауға тапсырыс береді. Бұл зауыт үшін өзіндік бір құтқару шеңбері іспеттес болды. Арада бір жыл өтпей, нысан ірі компания құрамына еніп, қайта жаңғыру жолына түседі. «Қазақмыс» компаниясының алдында зауыт өндірісін қайта жандандырып, оны саланың көшбасшысына айналдыру міндеті тұрды. Қарағанды құю-машина жасау зауытының негізгі қызмет бағыттары айқындалды.

Компания құрамында алғашқы он жыл ішінде республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында зауыт ұжымы өз жұмысын өздігінен жүретін тау-кен техникасын шығаруға бейімдеп, жаңа техниканың өндірісін жолға қойды. 2010 жылы зауыт «ҚазБелАЗ» автокөлігін құрастыруды бастады. Сонымен қатар, әртүрлі жүк көтергіштіктегі крандар өндірісі кеңейтіліп, конвейерлер, байыту фабрикасына арналған күрделі жабдықтар мен 16 камералы флотациялық машина шығару үдерісі жолға қойылды.

2007-2010 жылдар аралығында компания үшін жабдықтар сатып алуға 6 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Зауыт өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін кеңейтті әрі бұйымдарды өңдеу сапасын жақсартты. Осылайша, тек 2010 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта кәсіп­орын айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Атаулы кезеңде жалпы құны 59 миллиард теңгеден асатын шамамен 75 мың тонна өнім шығарылды.

Түп нәтижесінде Карағанды құю-машина жасау зауыты шағын база ретінде құрылып, бүгінде аумағы 48 гектарды қамтитын алпауыт кәсіпорынға айналды. Мұнда 14 цех пен өндірістік учаске, инженерлік корпус, метрология қызметі мен өндірістік зертхана, әкімшілік ғимарат, медициналық пункт, асхана, спорт кешені және қоймалар орналасқан.

Зауыт шығаратын өнім түрі 7 мыңнан асады. Ел ішінде «КЛМЗ» деп аталып кеткен кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс тек Қазақстан ішінде ғана емес, шетелдік кәсіпорындар тарапынан да жоғары. Негізгі тұтынушылар – тау-кен, металлургия және байыту салаларындағы кәсіпорындар. Зәузатты зауыт жүк көтергіш және өздігінен жүретін машиналарды, шахта оқпандарын салу мен пайдалану үшін арналған жабдықтарды, кеніштік су шығару жүйесіне арналған сорғыларды, тау-кен өндірісіндегі қазбаларды бекітуге арналған түрлі құралдарды, кенді тасымалдау әрі байыту жабдықтарын, құрылысқа арналған металл құрылымдарын, сондай-ақ, теміржол құрамына, энергетика және мұнай өндіру салаларына қажетті өнімдерді шығарады.

Зауытта 800-ден астам адам жұмыс істейді, оның 724-і – тікелей өндірістік сала мамандары. Олар жыл сайын міндетті түрде оқудан өтіп, өз біліктіліктерін арттырып отырады. Өндірісті жаңғырту аясында шетелдік компаниялармен бірлесіп, кейбір мамандық иелеріне арналған арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Баянды бастама кәсіпорынның кадрлық әлеуетін нығайтып, заманауи талаптарға сай жоғары білікті мамандарды даярлауға жол ашты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, ел экономикасының іргесін қаласып отырған қарапайым еңбек адамдарына ерекше назар аударды. Бұл бастама қоғамда еңбекке деген құрметті арттырып, өндірістегі маман иелерінің мәртебесін биіктетуге бағытталғаны сөзсіз. Президент пәрмені ел ішінде үлкен қуанышпен қабылданып отыр. Бұл жайында алпауыт кәсіпорындағы цехтың бірінде еңбек етіп жүрген зауыт қызметкері Нұрғазы Абзалбек өз ойын былайша білдірді:

– Мемлекет басшысының бұл шешімі біз сияқты еңбек адамдарына жасалған үлкен қолдау деп білемін. Қарапайым жұмысшыға көрсетілген құрмет – оның еңбегіне берілген әділ баға. Бүгінде өз саламда аянбай қызмет етіп келемін. Еңбек еленген жерде нәтиже де, сенім де болады. Ең бастысы – еңбек адамының еңбегі еш кетпесе екен. Еңбекке құрмет – елге құрмет, – дейді ол.

Зауыт Қазақстан нарығында ірі габаритті сапалы құйма өнімдерін өндіру бойынша өз орнын алуды көздейді. Сонымен қатар, Жезқазған құю-механикалық зауыты мен Балқаш жөндеу-механикалық зауытының дамуына басымдық беріліп отыр. Инвестиция тарту жұмыстары да нақты жоспар бойынша жүзеге асуда. Келесі жылы құны 2,1 миллион АҚШ долларын құрайтын 3 тонналық пешті іске қосу жоспарланған.

– Бүгінде біз толайым табыстар туралы зор мақтанышпен айта аламыз. Кәсіпорын тұрақты дамып келеді, өнім өткізу көлемі жылдан жылға артып отыр. Мысалы, 2020 жылы зауыт сыртқы тапсырыс берушілерге өнім жеткізу көлемін 10,5 есеге арттырды. Сол жылы өндіріс көлемі ақшалай есепте 35%-ға, ал табиғи көлемде 52%-ға өсті. Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасалды. Сонымен қатар, компания жеткізу жағырапиясын кеңейтіп, өнімдерін Қырғызстан мен Өзбекстанға да экспорттауда, – дейді мақтанышпен компания өкілдері.

Қош, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында еліміздің өнеркәсіп саласын сапалы жаңа деңгейге көтеруді басты міндет ретінде айқындап келеді. Президент алдағы жылдары қайта өңделетін өндіріс көлемін 1,5 есе, ал, еңбек өнімділігін кемінде 30 пайызға арттыруды тапсыр­ған болатын. Бұл – жай ғана жоспар емес, нақты іс-қимылды талап ететін стратегиялық бағыт. Ал, аталған кәсіпорын бағдарлы бағыттан айнымай келеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button