Еңбекке бейім ел озады
«Еңбек – адамның екінші анасы» дейді қазақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бірегей бастама егемен елдің еңбек нарығын дамытуға, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге және жастарды жұмысшы мамандығын мықтап игере түсуге даңғыл жол ашады. Іздеген кілтипанымыз осы тұстан табылмақ. Кейіптелген кешенді жылда еңбек адамын ардақтаған ұлттың болашағы айқындалып, экономикалық өсімге серпін беретін шашау шығармас шаралар қолға алынбақ.
Маңызы артқан мамандықтар
«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деді Президент.
Иә, ұзақ уақыт бойы өміршең өзгеріс пен реформаны қажет ететін санқилы сала ақыры дамуға серпін алып, талайға табыс тарту етеді. Бүгінде елімізде жұмысшы мамандардың тапшылығы барлығын да жоққа шығармаймыз. Сарапдал сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға дейін атаулы бағытқа 410 мың адам қажет болуы ықтимал. Мәселен, көлік жүргізушілері, дәнекерлеушілер, құрылысшылар-әрлеушілер мен суретшілер, сантехниктер, жұмысшы-фермерлер, тракторшылар, құрылысшы-монтажшылар, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарьлары тапшылығы мыңдап саналады.
Мемлекет қолдауы
Өз кезегінде Үкімет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауда жалт қаратар қадамдар жасап келеді. Аталған бағытта Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобы жұмысын жалғастыру үстінде. Сонымен, колледждер 3-4 деңгейге бөлініп, жұмысшы мамандарды даярлауға арналған оқу бағдарламасы жаңартылмақ. Талапкерді жұмысшы мамандығын таңдауға ынталандыру үшін қосымша гранттар қарастырылған. Былтыр жоғары оқу орнына түсу үшін 112 мың грант берілген болса, оның 60%-ы техникалық мамандықтарға тиесілі. Машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия сияқты техникалық мамандықтарға ерекше назар аударылады.
– Техникалық мамандықтар арасында ақпараттық-технологиялық коммуникациялар саласында 10 900 грант бөлінді. Жаратылыстану, статистика мамандықтарына 8 288 грант берілді. Жалпы, бұл техникалық бағыттарға қызығушылық жастар арасында өте жоғары, – деді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаменті басқармасының басшысы Қарлығаш Қалыбекқызы.
Тақырыпты толайым зерттеп, зерделген жандар мамандық таңдаудағы басты мүдде, жалақы мөлшеріне келіп тірелетіндігін аңғартады. Бұл орайда «екі қолға бір күрек» іздегеннің «қарауыл әйнегі» болып үлгерген электрондық еңбек биржасы базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін өндірістік практиканы ұйымдастыру, кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын ашу, оқушылар мен студенттер үшін жетекші кәсіпорындарда ашық есік күнін өткізу, «мансап компасы» платформасында оқушылар үшін кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру көзделді. Сондай-ақ, жұмысшы кәсіптері бойынша бос орындар жәрмеңкесін өткізу, кәсіптік стандарт пен жұмысшы кәсіптері бойынша оқу бағдарламасын жаңарту қамтылады. Электрондық ңбек биржасы шеңберінде жұмысшы мамандықтар бойынша VR курстарын әзірлеу және жұмысшы мамандықтар бойынша субсидияланатын жұмыс орындарының санын ұлғайту әдепкі іске айналмақ.
Маман мәртебесі
Жұмысшы маманның абыройы да асқақтай түспек. Атап айтқанда, кей-кейде аспаны тұтылған жұмысшы кәсіптерінің еңбек құқықтары мен лайықты іскерлік қағидатын ілгерілетуін меңзеп отырмыз. Бұдан бөлек, еңбек қатынастарын декларациялау тетігін енгізуге, консультациялық орталықтар ашу жоспары да жоқ емес.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін жалақы мөлшерін арттыру жеткілікті.
– Кез келген мамандық жастар тарапынан қызығушылық туғызуы үшін ең алдымен, еңбекақыны көтеру қажет. Өңірлерде болған кезде біз елде дәнекерлеуші, кран машинисі, су жолының қызметкері, слесарь сияқты қажетті мамандар жетіспейтінін көрдік. Өйткені, жалақысы аз. Қазір Парламент қабылдаған нормативтік-құқықтық база осы бағытта жұмыс істеу үшін жеткілікті. Заңдар бар, енді атқарушы органдар біз айтып отырған жалақыны көтеру мәселелерімен айналысуы керек, – деп түсіндірді ол.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz