Еңбек ері ел есінде ме?
Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының ғана емес, Қазақстан республикасы бойынша ең үздік шопан болған, Социалистік Еңбек Ері Сатан ЫСҚАҚОВТЫҢ туғанына биыл 90 жыл толады екен. Еңбек ерінің есімін бүгінде біреу білсе, біреу білмейтін де шығар. Оның өмірден өткеніне де биыл 19 жылдың жүзі болыпты.
Сатекең көзден кетсе де көңілден кетпейтін, елінің ерен құрметіне бөленген нар тұлғаларымыздың бірі. Кеңес заманындағы өткен жолдарымыздың кейбіреуі бүгінде көмескілене бастағаны да бекер емес. Дегенмен, халықтың өз ортасынан шығып, адал еңбегімен биік белестерге көтерілген адамды әсте ұмытуға бола ма! Толағай табыстарымен ел байлығына лайықты үлесін қосып, аудан мен облыстың ерекше мақтанышына айналған еңбек өренінің есімін осындай оңтайлы сәтте еске алып, жастарға үлгі ретінде ұлықтап отырса артық болмас деп ойлаймыз. Сатан Ысқақов ондай құрмет пен қошеметке әбден лайықты жан еді.
Ол жастай жетім қалып, қиын кезеңге қайратын қарсы қойып жетілген болатын. Қабырғасы қатпаған 14 жастан енді асқанында ФЗО-ға алынып, 1942 жылдан бастап Жезқазған шахталарындағы ауыр жұмыстарға жегіледі. Екі-үш жылдан соң Түгіскендегі ел ішіне келіп, колхоз жұмысына араласады. Кірпіш құйып, қора-қопсы салысады, әйгілі Дарат тоғанының құрылысына да атсалысады. Жылқыда да, қойда да көмекші болып, тәжірибесі толысқан кезде өз алдына отар алуға бекінеді. Шопандықтың ақ таяғын қолға нық ұстаған 1964 жылдан бастап Сатан Ысқақовтың еңбектегі өрлеу кезеңі басталады. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, көрсеткіш көлемі де жыл сайын дөңгеленіп, табыс тайқазаны қайнап сала береді. Ол айналдырған үш-төрт жылдың ішінде «Жеңіс» совхозындағы озат шопандарының көшбасшысы болып, Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды. Мал шаруашылығына айтарлықтай ауыр болған 1969 жылы да шығынға жол бермей, әр жүз саулыққа 122 қозыдан алды. Ал, 1970 жылы отарындағы әр жүз саулықтан 140 қозыдан алып, әріптестерін былай қойғанда, осы сала мамандарын елең еткізді. Сол жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері атағына ие болды. Ленин орденімен марапатталды. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қатысушысына айналып, 1972- 1977 жылдар аралығында осы мәртебелі көрменің қола медалінен бастап, екі мәрте күміс және алтын медалін алып, абыройы асқақтай түсті. «Бағым — қойда екен» деді іштей шүкіршілік етіп.
Республика ауыл шаруашылығының озат еңбеккерлерінің шоғырына қосылған еңбек өрені сол замандағы бесжылдық межесін 3 жыл 8 айда орындап жүрді. Әр қойдан 3,37 келіден жібек жүн тапсырды. Осылайша еселенген табыс шарықтап, Сатекең жүзіне 150 қозыдан алып, жыл сайын рекордтық көрсеткішін жаңартумен болды. Еңбек Даңқы кітабына аты жазылды. Алдына түсетін шопан қалмады. Осы ерен еңбектері ескеріліп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1975 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алуымен қоса, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі омырауына тағылды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Атағы алысқа кеткен шопан тек «Жеңіс» совхозы емес, бүкіл облыстың, одан әрі Қазақстанның мақтанышына айналды. Жай ғана қойшы болуға болар, ал даңғайыр шопан болу бір басқа ғой. Қыстың қақаған аязы мен ақтүтек боранында, жаздың аптап ыстығында қой соңында жүріп, табыстың тайқазанын қайнату екінің бірінің қолынан келмесі анық. Әйгілі шопан 1984-1985 жылдары әр жүз саулықтан 164 қозыдан алып, ғаламат еңбек рекордын жасағаны да көпшілік жұрттың есінде. Ресми дерекке жүгінсек, С.Ысқақов 42 жыл еңбек өтілінің 25 жылында шопан болып еңбек еткен. Осы жылдар ішінде ол 30 мыңнан аса қозы алып, аман өсірген. Отарынан 39 тонна жүн қырқып мемлекетке тапсырған. Бұл өнімнен жобамен 40 шопандар бригадасына жететін киіз үй жабдықтарын жасауға болады екен. Сатекең миллионер шопан атаныпты. Оның ширек ғасыр ішіндегі шаруашылық экономикасына қосқан табысы сол кездегі ақшамен 1 миллион 666 мың сомды құраған. Сөйтіп, «Жеңіс» кеңшарының даңқын шығаруға лайықты үлесін қосты. Айталық, совхоз 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, облыстың тұңғыш орденді шаруашылығы атанған болатын. Ал, 1976 жылы республика Үкіметінің қаулысымен «Жеңіс» совхозының есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына енгізілуі де өңірдің өшпес тарихтарының бірі екені даусыз.
Ауыл шаруашылығының майталманы ретінде талай салтанатты жиынның төрінде отырса да кемелінен асып-таспаған Сатекең сарабдал, қарапайым қалпынан айныған жоқ. Орнымен сөйледі, толғамды пікірін ортаға салудан тартынбады. Осылайша елге сыйлы қалпында өмірден өтті. Түгіскен ауылындағы ақсақалдардың бірі, Сатекеңмен біраз жыл қатарласып қой баққан Балеке Хабаров: «Сатанның еңбегі деген керемет. Мәселен, қазақы қой баққан адамнан ешкім осындай жоғары табысқа жетіп, Социалистік Еңбек Ері атағын алмаған болар. Ол өзінің ғаламат мүмкіндігін, еңбек жасаса ұшан-теңіз табысқа жетуге болатындығын дәлелдеді. Елдің даңқын шығарған даңғайырдың атын жаңғыртып, есте қалдыратын бір ізгілікті шара жасаған жөн» дейді. Иә, айтса айтқандай, аудан мен ауыл басшылығы болып Сатан Ысқақовтың 90 жылдығына орай ізгілікті шараларды қолға алып, Еңбек ерінің есімін есте қалдырарлықтай игі қадамдарға барса, ол елдік іс болар еді.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.