Жаңалықтар

«Еңбек бәрін жеңбек»

Қарағанды қаласында ерекше тігін фабрикасы жұмыс істейді. Оның ерекше аталуының себебі – тігіншілердің ондағы 60 пайызы мүкіндігі шектеулі жандар. Фабрика Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы ұйымдастырған халықаралық «Жан шуақ» сыйлығының иегері. Оған қоса «Үздік жұмыспен қамтушы» атағын да алған. Бұған дейін тек киім-кешек тігумен айналысқан фабрика бүгінде сал ауруына шалдыққан балаларға орындық және экоойыншықтар тігуді қолға алған.

Бұндай игі іске мұрындық болуға атсалысқан фабрика басшысының орынбасары – Асхат Жұмағұлов. Ол өзі екінші топтағы мүгедек. Осыған қарамастан Асхат ұзақ жылдар бойы ізденісте жүріпті. Ондағы мақсат – маңайына пайда, қоғамға көмегін тигізу. Бұл кәсіпке келмес бұрын Асхат пиар және маркетинг маманы ретінде еңбек еткен. Алайда, қатардағы көптің бірі болып, қоғамдағы, өзі секілді жарымжан жандарға көмек бере алмасын түсінген Асхат бәрін басынан бастауды жөн көріпті. Қазіргі таңда кәсіпорын арнайы тапсырыстар арқылы киімдер, ойыншықтар тігеді. Онда 58 адам жұмыспен қамтылған.

– Бәрі 2015 жылы небәрі екі тігін машинасымен басталды. Ал, енді үлкен істі қолға алып, қоғамға пайдамызды тигізердей қуат алдық. Сегіз жылдан бері нарықта өз орнымызды қалыптастырдық. Біз қазір облысымыздың үш үлкен мекемесімен келісімге отырдық. Енді солардың тапсырыстарын уақытылы орындауға жұмылдық. Атап айтсақ, арнайы жұмыс киімдері, сал ауруына шалдыққан балаларға кресло-орындықтар және экоойыншықтар. Ауру туа біткен, не дертке туғаннан соң шалдығатын балалар болады. Оларға дүкеннен немесе онлайн дүкеннен алған орындықтар кейде жарамай жатады. Көбінде өлшемі келмейді. Бізде бәрі керісінше. Өйткені, біз арнайы тапсырыс арқылы жұмыс жасаймыз. Мысалы, ата-ана тапсырыс берер алдында дәрігердің нұсқауы бойынша баланың барлық жағдайын түсіндіреді. Әрі қарай біздің мамандар орындықтың компьютер бағдарламасы арқылы өлшемін алады. Содан кейін барып, оны жасауға көшеміз. Сондай-ақ, ерлер мен әйелдерге біздің фабриканың таңбасы бар спорттық киімдер де тігеміз. Ол киімдерге сұраныс өте жоғары, – дейді Асхат Жұмағұлов.

Мұндағы көп жұмысшы өз еңбектеріне дән риза. Себебі, шектеулі мүмкіндікке қарамастан басқаларға көмек беру арқылы өздерінің қоғам мүшесі екендеріне сенімдері молаяды. Мысалы, бұдан бірер жыл бұрын жол апатына түсіп, мүгедек болып қалған Дәркен Аймағамбетовті алайық. Ол бұған дейін құқық қорғау орнында қызмет еткен.

– Өздеріңізге мәлім, бізді көп жерге жұмысқа ала бермейді. Бірақ, отбасы бала-шағаны асырау керек. Мұндайда сенің мүгедек екенің әсте естен шығады. «Жұмысқа алам» деген жерге таңдаусыз барасың. Алайда, менің жағдайым олай болмады. Осы жұмысымды өзім қатты жақсы көремін. Бастапқыда медициналық бетперде тігуден бастадым. Одан әрі қазір үлкен көлемде тапсырыс орындауда қатарымнан қалмаймын. Тіпті, өзіме күнделікті жұмысқа да киімдер тігіп киемін. Маңайымдағы әріптестерім өзіме өте ыстық. Достарымның көбісі «Полиция мен тігіншінің арасы жер мен көктей ғой» деп таңданады. Ал, менің айтарым адамда өмір сүруге құлшыныс барда, кез келген мамандықты меңгеруге болады, – дейді Дәркен Аймағамбетов.

Расында, мұндағы жанның бәрінің жүзінен жылу мен мейірім еседі. Біріне-бірі көмек сұрай барса, егжей-тегжейлі түсіндіріп, тіпті, тігіп көрсетіп, қатардан қалдырмауға тырысады. Олар өздерін бір отбасы санайды.

Кәсіпорын бұдан бөлек жаңа оқу орындарын және арнайы курстар ашпақ ниетте. Қаламыздың кез келген тігін фабрикасымен терезесі тең кәсіпорынның дамуға жағдайы толық жеткілікті. Асхат Жұмағұловтың сөзіне сүйенсек, 500 адамды жұмыспен қамтуға жаңа бағдарлама жасап, тиісті орындарға өткізген. Келешекте мұнда тігіншілер арнайы оқытылып, теориялық және практикалық білім алатын болады.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button