Еңбек қатынастарын реттеу – әр қызметкердің құқығын қамтамасыз ету
Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының қызметі еңбек қатынастары саласында жүргізілетін, меншік нысанына қарамастан, ең алдымен, Қарағанды облысы кәсіпорындары басшыларының азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға және еңбек заңнамасының нормаларын сақтауға бағытталған.
2020 жылы 4-мамырда толықтырулар мен өзгерістер енгізілген «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі» еңбек қатынастары мәселелерін реттейтін, қорғалу құқығын бекітетін Қазақстан Республикасының Жоғары заң күші бар Конституциясынан басқа, негізгі нормативтікқұқықтық акт болып табылады. Елеулі өзгерістер вахталық әдіспен жұмыс істейтін жүкті әйелдердің еңбегін реттеуге, дистанциялық жұмыс форматына қатысты болды. Бұл, әсіресе, пандемия жағдайында өзекті. 18 жасқа толмаған қызметкерлердің еңбек ерекшеліктері, электрондық еңбек шарттарының құқықтық мәртебесін реттеу, мүгедек қызметкерлердің жекелеген санаттарының жұмыс уақыты режимі және т.б қатысы.
Басқарма өткен жылы азаматтардың 3755 (2019 жылы – 3720) өтінішін қарады. Онда жұмыс берушілердің демалыс және мереке күндері жұмысқа тиісті рәсімдеусіз және төлемсіз тартуға, тең еңбегі үшін әділ және тең ақы алу құқығына, жалақы төлемеуге, жалақы төлеудің ұзақ кідірістеріне және еңбек шарттарын заңсыз бұзуға қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілері бар.
Осы өтініштердің негізінде біздің аймақтың кәсіпорындарында 743 тексеру жүргізілді. Тексерулердің қорытындысында 459 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 343, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауда – 115 және халықты жұмыспен қамтуда – 1, бүгінгі күні жұмыс берушілер ол келеңсіздіктердің бәрін жойды.
Жүргізілген тексерулердің нәтижелері негізінде 68 заңды және лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалақыны кешіктіру және төлемеу бойынша жұмыс берушілерге 46 әкімшілік жаза қолданылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторларының актілері (жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті күшке ие.
Ағымдағы жылдың басынан бастап, 10 кәсіпорында 324 қызметкердің 74,4 млн.теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтелді.
2021 жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша жалақы жөнінде берешек сақталып отыр. 3 кәсіпорын – банкроттықта. Олардың 171 қызметкер алдында 67,8 млн. теңге сомасында («СП Оптим-Кран Казахстан» ЖШС – 8,7 млн. теңге (39 адам), «Ирбис KZ» ЖШС – 20,3 млн. теңге (38 адам), «Дорстройматериал» АҚ – 38,8 млн. теңге (94 адам) берешегі бар.
Жұмыста шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын облыс кәсіпорындарына ерекше назар аударамыз. Еңбекақы төлеуде кемсітушілік анықталған жоқ.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Kazzinc» АҚ және т.б. ірі кәсіпорындар COVID-19 пандемиясы кезеңінде материалдық көмек берді. Облыс кәсіпорындарының 84 мыңнан астам қызметкері сыйақымен қамтылды.
2020 жылы облыс кәсіпорындарында өндіріс жағдайында 213 жазатайым оқиға орын алды. Онда 260 адам зардап шекті, оның ішінде 35-і адам өлімімен аяқталды. 2019 жылы – 31. 2020 жылы – 216 адам, 2019 жылы – 158 адам ауыр жарақат алды. Сондай-ақ, 2020 жылы 66 адам зардап шеккен топтық жазатайым оқиғалар болды.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмыс беруші тарапынан жұмыс өндірісін қанағаттанарлық деңгейде ұйымдастырылмауы болды. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың ең көбі 3 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жұмыскерлер арасында (42%). Бұл қауіп факторлары жұмыс беруші тарапынан тиісті бақылау болмаған кезде (тәлімгерлік жүйесін қолданудың болмауы) және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша нұсқаудың жоқтығына тән болуы мүмкін. Сондай-ақ, жазатайым оқиғаларға өздерінің ұзақ жылғы кәсіби тәжірибесіне сүйенетін 55 жастан асқан жұмысшылар да ұрынды, ол – 57%. Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сонымен қатар, жарақаттанудың алдын алу және еңбек қорғау мақсатында
«Кәсіподақ орталығымен» өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кәсіпорындардың қызметін ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының нормаларын сақтау мәселелері бойынша үш жылға тексерулерден босататын сенім сертификаты беріледі.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс кәсіпорындары кезең-кезеңімен электронды форматқа көшеді. Жерасты бейнебақылау жүйесін пайдаланады. Бұл өндірістік жарақаттану қаупін азайтуға мүмкіндік береді. 31 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды тарту арқылы кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылауды күшейтуге арналған. 2020 жылы облыстың 60 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау жөніндегі стандарттар (OHSAS, ISO) және «Vision Zero» халықаралық стандарттары енгізілді.
Жұмыскерлердің еңбек жағдайларына сәйкестігін анықтау мақсатында облыстың 101 кәсіпорнында өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізілді.
Өндірісте өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін төмендету бойынша бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу бойынша 4 дөңгелек үстел өткізілді.
Бүгінгі таңда кадрлардың біліктілігін арттырудың маңызы зор, өйткені, нарық жағдайындағы кәсібилік, қатаң бәсекелестік жұмыс сапасына, өнім сапасына және жалпы өндіріс тиімділігіне әсер етеді. Осы бағытта басқарма жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруге бағытталған оқу орталықтары бекітетін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі оқу бағдарламаларын келіседі.
Әлеуметтік шиеленіске жол бермеу мақсатында 2020 жылдың басынан бері облыс кәсіпорындарында «Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының нормаларын қолдану», «Электрондық еңбек шарттарын есепке алу жүйесі» тақырыбында 766 кездесу өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 171 мақала жарияланды, 8(7212) 43-20-84 жедел желісі жұмыс істейді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Еңбек құқығы және еңбек қатынастары» және «Адал көмек» жобалары әзірленді, олардың міндеті азаматтар мен басқарма арасындағы өзара іс-қимылға қойылған. Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде мемлекеттік еңбек инспекторлары тікелей эфирлер өткізеді, бұл азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге мүмкіндік береді.
2021 жылғы 1-қаңтардағы жағдай бойынша мониторингте 4277 Ұжымдық шарт бар. Оның ішінде, 159 – ірі кәсіпорында (100%), 425 – орта кәсіпорында (100%), 22016 шағын кәсіпорында – 3693 (16,7%). Ағымдағы жылы жұмыс еңбек жағдайлын жақсарту, әлеуметтік қорғауды арттыру, еңбек қатынастары тараптары мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз ететін еңбек процесі сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу мақсатында шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерінің ұжымдық шарттар жасауына бағытталатын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 26-желтоқсандағы № 229 Жарлығына сәйкес, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2020 жылғы 1-қаңтардан бастап, 2023 жылғы 1-қаңтарда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексерулер мен профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу тоқтатылды. Бұл – Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайларды жақсарту мақсатында қолға алынған іс.
Бірақ, өз тарапынан, басқарма азаматтарды проблемаларымен жалғыз қалдырмайды. «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің» 46-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бойынша түсіндірме беру үшін соттарда маман ретінде мемлекеттік еңбек инспекторлары тартылады. Сотқа талап-арыздарды дайындауда көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, жұмыс берушілермен және жұмыскерлермен туындаған еңбек дауларын реттеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Facebook, Instagram ресми сайттарында, мемлекеттік инспекция басқармасының МО ИРБП платформасында «Сұрақ-Жауап» айдары бар. Онда кез келген адам түсініктеме алу үшін жүгіне алады.
Еңбек саласындағы мемлекеттік реттеу проблемаларын олардың қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуындағы орнын нақты түсінген жағдайда ғана шешуге болады. Қоғамның ұзақ мерзімді даму стратегиясы үшін ең өзекті мәселе – экономикалық өсудің әлеуметтік бағыты. Сондықтан, ол еңбек саласындағы мемлекеттік саясатта көрініс табуға тиіс.
2021 жылы басқарманың басты мақсаттарының бірі – Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасы нормаларының сақталуын бақылау, өндірістік жарақаттануды төмендетуде тиісті шаралар қабылдау.
Ирина ЛЮБАРСКАЯ,
Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы,
бас мемлекеттік еңбек инспекторы.