Руханият

Дыбысталған даналық

Көру қабілеті бұзылған балалар әңгіме, ертегілерді енді аудио­кітап арқылы тыңдай алады. «Ертегілер әлемі» атты аймақтық аудиоертегі байқауы жүлдегерлерінің аудио ­ нұсқадағы шығармалары таспаға басылып, тарту-таралғы ретінде кәдеге жарайтын болады. Мұнымен қоса, Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың ресми сайтына, «YouTube» әлеуметтік желісіне жүктеледі.

Бұл шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен екінші рет өтіп отыр. Аймақтық деңгейде өткен байқауға 50-ге жуық қатысушыдан өтінім түскен. Ұсынылған аудио­ертегілер арасында қазақ, орыс халқының ертегілері, сондай-ақ, авторлық ертегілер бар.

– Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Ертегілер әлемі» атты аймақтық аудио­ертегілер байқауында қазылық еттік. Байқауға келіп түскен материалдардың барлығын тыңдап, ұйымдас­тырушылар ұсынған байқау өлшемдеріне сай бағалап шықтық, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, қазылар алқасының төрағасы Салтанат Кеңесбекова.

Бұл байқауға Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және облысымыздың Балқаш, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Нұра, Ақтоғай аудандарынан 50-ге жуық қазақ, орыс тіліндегі жұмыс түскен. Сонымен, «Залым түлкі» аудиоертегісін шебер таспалаған Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынан Гүлмайра Саменова мен «Теремок» орыс халық аудиоертегісімен қарағандылық Екатерина Федотова бірінші орын алды.

Ал, екінші орынды «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» қазақ халқының аудиоертегісімен Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан Гүлмайра Жақыпова мен Шарль Перроның «Кот в сапогах» аудио­ертегісі үшін қарағандылық Роман Тен иеленді.

«Байқауға ертегі таңдағанда көп ойландық. Көп оқыла бермейтін, ерекшесін таңдауды жөн санадық. Сөйттік те, таңдау­ымыз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» шығармасына түсті. Уақытын да ұзартып алмау керек болды. Асығыс та оқымау керек. Бастысы, ертегіні тыңдаған баланың жүре­гіне әсер ету, ерекше иіріммен жеткізуді көздедік. Өзім де бала кезден осы бір ертегінің мультфильмін көріп өстім. Жаныма жақын болды. Қазылар алқасы біздің жұмысымызды үздік деп танығанына бір қуа­нып, бұл ертегілердің аудиокітапқа жинақталатынын естіп екі қуандық», – дейді байқау жеңім­пазы Гүлмайра Жақыпова.

Үшінші орын «Момынбай мен жеті қарақшы» аудиоертегісімен Қызылорда облысынан Еркебұлан Өтеуов пен «Ормандағы үйшік» орыс халқының ертегісі үшін Балқаш қаласынан Меруерт Утеноваға бұйырды.
Мұнымен қоса, «Үздік аудио­қойы­лым» аталымында «Бес ешкі» шығармасы үшін Шымкент қаласынан қатысқан Кәмшат Аппазова мен «Лучший чтец» номинациясы бойынша «Вздорный воробей» аудиоертегісі нұралық Раушан Ивашкина ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлық берілді.

Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы Ғалым Нұрланов аудиоертегілер байқауына еліміздің түпкір-түпкірінен қатысуға ынта білдіргендердің көптігін атап, келер жылы да өткізетінін мәлімдеді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Back to top button