Бас тақырып

Дуальді білім: тәжірибе теориямен ұштасқанда

Президент білім саласындағы ілгерілеуге қарамастан, жұмыс берушілердің жоғары оқу орындары мен колледж бітірушілердің білім сапасына көңілі толмайтынын айтқан. Осы олқылықты жою мақсатында жыл сайын 100 мың студент колледждерде тегін оқитын болды. 2025 жылы колледждерде білім алу тегін болады деп күтілуде. Оған «Білімді ұлт» ұлттық жобасы негіз болды.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Кәсіптік білім – көркеюге сеп

Жалпы республикада Президент тапсырмасына орай «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Арнайы орталықтар мен заманауи ғылыми зертханалар құрылып, деңгейлері халық­аралық стандарттарға дейін жеткізілмек. ЖОО мен колледждерді модернизациялауға алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 58 млрд. теңге қарастырылған.

Осылайша, білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті оқытады. Ал, қосарлы білім алумен қамтылған студенттердің саны 35% пайызға жетеді. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 63%-дан 75%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл орайда колледжде білім сапасын дамытуға дуальді білім көмекке келеді.

Облыста қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 55 колледж жұмыс істейді. Мамандарды даярлау 97 мамандық және 114 біліктілік бойынша жүзеге асырылуда. Колледждерде 31 912 студент білім алатынын ескерсек, оның 21 516-сы – мемлекеттік тапсырыс бойынша. Кадрларды сапалы даярлау үшін 42 колледжде 6 425 адамды қамтитын дуальді оқыту енгізілді.

«Жас маман» жобасы аясында 14 оқу орны АҚШ, Италия, Германия, Швеция, Франция, Аустрияның әлемдік брендтерінің заманауи жабдықтарымен жабдықталған.

Кәсіпорынның колледжге қамқорлығы

Аймақта дуальді оқыту 2012 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Дуальді жүйе әуел бастан өзіне екі міндет жүктеген. Ол – сапалы әрі білікті кадрлар даярлау және облыстың кәсіпорындарындағы кадр жетіспеушілігінің орнын толықтыру. Бір жағынан бұл колледждерде кәсіптік білім берудің ерекше бір түрі. Қазіргі таңда білім беру бағдарламасының ­60%-ы (практикалық бөлімі) өндірісте жүзеге асса, ал, 40%-ы (теориялық бөлімі) колледждер аясында оқытылуда. Осы орайда дуальді оқытуды енгізу бойынша Германияға жұмыс сапарымен барып келген Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің 12 педагогы озық шет елдердің тәжірибесін тиімді пайдалануды меңгеріп келіпті. Отто фон Герике атындағы Маг­дебург университетінде және Эрфурт қаласындағы кәсіптік мектепте болған.

Білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда мамандарды кәсіпорындарда оқыту белсенді жүзеге асуда. Биыл келісім-шарт бойынша 467 студент білім алса, алдағы оқу жылына тағы 300 студент қабылдау жоспарда тұр.

Кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы аясында теориялық және зертханалық-практикалық сабақтар өткізеді. Экскурсиялар мен практикалар ұйымдастырып, колледждердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға және түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетеді.

Қазіргі таңда облыста дуальді оқыту 39 колледжде (28 мемлекеттік, 11 жекеменшік) енгізілді. 300-ге жуық кәсіп­орынның қатысуымен 6572 адам қамтылды. Бұл мемлекеттік тапсырыс бойынша барлық контингенттің 25%-ын құрайды. Кәсіпорындарға қамқорлық көрсету аясында 32 колледжбен 74 меморандум бар.

Ал, биылғы оқу жылына қабылдау 8144 орынды құрапты. Мемлекеттік тапсырыстардың 60%-ы – техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) бағытталған.

Бүгінгі таңда 6 колледжде 8 жаңа мамандық пен 9 біліктілік ашылған. Атап айтсақ, «Цифрлық технология», «Дене шынықтыру және спорт», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Құрылыс және ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану», «Банк ісі және сақтандыру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» «Интерьер дизайны» мамандықтары бар.

– Колледждер негізінде оқу фермалары мен шағын кәсіпорындар құруды мақсат еттік. ТжКБ ұйымдарында коммерция­ландыруды дамыту үшін коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың бағасы белгіленді. Биыл Қарағанды тағамтану және сервис колледжінің базасында шағын наубайхана ашу жоспарда. Бұл студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және сонымен бірге, колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ықпал етеді,– дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Жобаға қызығушылық артты

Жұмысшы мамандықтардың беделін көтеріп, колледж студенттерін дамытуда облыс жастары WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына белсенді қатысатынын атап өткен жөн. Дуальді білімді дамытудағы ерекше жоба аясында биыл Польшада өткен халықаралық турнирге («Сантехника және жылумен жабдықтау», «Флористика» және «Электроника» құзыреті бойынша) Қазақстан атынан үш қарағандылық қатысты. Осы орайда облыста бүгінгі таңда білім беру бағдарламаларына 50-ден астам WorldSkills стандарттары енгізіліпті. Колледждердің ­60%-ы­ жаңа бағалау жүйесіндегі демо емтихандарын енгізуде. Осы уақытқа дейін 28 техникалық-технологиялық колледждің 17-сі WorldSkills стандарты бойынша біліктілік емтихандарын өткізіп үлгерген.

Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Индира Ысқақованың айтуынша, соңғы үш жылда өңірде колледжге түскісі келетін білім алушылар саны артқан.

– Биыл өңірде Қарағанды кәсіптік-техникалық және Теміртау техникалық колледжінің базасында «Шаштараз өнері» және «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 10-11 сынып оқушыларын тәжірибелік оқыту енгізілді. 10-11 сынып оқушылары таңертең мектепте оқиды, ал, түстен кейін (3-4 сағат) осы колледждер базасында оқиды. Мектепті бітіргеннен кейін олар орта білім туралы аттестат пен біліктілік туралы диплом алады. Бұл жобаға мектеп оқушылары тарапынан қызығушылық артты, – дейді Индира Ысқақова.

Басқарма мамандарының сөзіне сүйенсек, өндірісті өңір болғандықтан, Қарағандыда дуальді білім аясындағы жұмыстар қарқынды. Білімге ұмтылған жастар уақытының үштен екі бөлігінде өндірістен қол үзбейді. Уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға және білімге арнайды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button