Донор бар жерде өмір бар
Қазақстанда 4 мыңнан астам адам трансплантация кезегінде тұр. Нақты айтсақ, 4 080 адам. Оның 102-сі – балалар. Көбісі бүйрекке зәру, бауыр, жүрек пен өкпеге де мұқтаждары бар. Оларға сәйкес келетін донордың табылуы оңай емес. Сондықтан, олар донорды сарыла күтуге мәжбүр.
Негізінде донорлық трансплантация елде 2012 жылдан бері жасалып келеді. Алайда, саланың дамуы баяу. 2012 жылдан бері барлығы 2 942 трансплантация жасалыпты. Оның көбісі тірі донордан. Яғни, отбасы мүшелері, туысы, жақынынан алып салынған орган. Ал, мәйіттік трансплантацияның үлесі небары 15%. 3 мыңға жуық отаның 454-і ғана мәйіттік донордан алынған. Күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе үнемі дәрігерлердің назарында. Осы жолы да Астана қаласындағы «Университеттік медициналық орталық» корпоративтік қоры аймақтағы медицина мамандарына донорлық және трансплантология бойынша шеберлік сағатын өткізді. Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада өткен шараға дәрігер-анестезиолог, реаниматолог, қарқынды терапия мамандары, неврологтар және нейрохирургтер қатысты. Оларға спикерлер – корпоративтік қордың медициналық-нормативтік мәселелер жөніндегі бөлімнің бас менеджері Сәуле Шайсұлтанова мен Ерик Зугаров ми өлімінің қайтымсыз екенін анықтау, әлеуетті донорды дайындау және оның отбасы мүшелерімен дұрыс сөйлесу тақырыптарында сөз қозғады.
– Ел бойынша 7 трансплантация орталығы бар, – дейді Сәуле Талғатқызы. – Әр өңірде донорлық стационарлар бар. Әлеуетті донор табылса, олар бізге хабар беруі керек. Ықтимал донор дегеніміз – миы өлген науқастар. Ми өлсе, демек, ол адам өлдіге саналады. Олар тек жасанды тыныс алу аппаратына ғана қосылып тұрады. Бұндай адамдар донор бола алады. Алайда, барлығы жаппай емес. Егер ми өлімі тіркелсе, бір тәуліктен астам өмір сүру белгісін білдірмесе, мидың өлгені туралы шешім комиссия арқылы қабылданады. Егер марқұмның тірі кезінде донор болуға келісімі немесе бас тартуы болмаса, марқұмның туыстары шақырылып, рұқсат сұралады. Егер туыстары бас тартса, марқұм донор болмайды. Одан бөлек, қайтыс болған адамның ішкі органдары донорлыққа жарамды-жарамсыздығы анықталады.
Спикердің айтуынша, мәйіттік донорлықты дамытуға заңнама тұрғысына кедергі жоқ. Шешім қабылдау қоғамның әр мүшесінің еншісінде.
– Қазіргі күні кез келген қазақстандық еgov порталында немесе тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханасында өзінің еркін білдіре алады. Өкінішке қарай, мәйіттік донор болуға келісім бергендер өте аз, – дейді Сәуле Шайсұлтанова.
Қарағанды облысы бойынша күту парағында 350-ден астам адам тұр. Қарағанды облысы бойынша аумақтық трансплантация үйлестірушісі Салтанат Сариеваның айтуынша, аймақта жылына 10-12 адамға трансплантация жасалады.
– Трансплантация мәселесінде аймақта аз да болса, өсу бар. Жыл сайын 2-3 науқасқа артып келеді. Бірақ, оның барлығы туыстық донорлар. Біз тірі донорлардан гөрі мәйіттік донорлықтың дамығанын қалаймыз. Сай келетін донор табылғанша науқастар емін ала береді. Көп науқастар кейінгі жылдары Беларуссияға барып ота жасатып келіп жатыр. Әрине, ол жақта ақылы. Қазақстанда трансплантация да, одан кейінгі күтім де тегін, – дейді Салтанат Сабырқызы.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»