Жаңалықтар

«Домбыра-менің жан серігім»

Домбыра – қазақтың болмысы, жан серігі. Елдің – асыл мұрасы, өткен ғасырдың куәсі. Осынау киелі аспап мәдениетіміздің жаңа кезеңінде өзінің айрықша келбетін, қайталанбас құндылығын ашқандай. Әсіресе, Елбасы Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісін – Ұлттық домбыра күні деп жариялағаны ойымызды қуаттай түсті. Тіпті, текті өнердің жағасын қисайтпай, алтындай аялап, асылдай мәпелеп, өрісін ұзартып, өресін биіктетсін деген зор сенімді арқалатты. Халқымыздың рухани өркендеуінің, мәдениетінің сарқылмас бір саласы – өнер. Сол өнерге үн берген – қасиетті домбыра. Көшпелі мәдениеттің құндағында жүріп, бізге жеткен аспап жайлы әңгіме тиегін ағытқанды жөн көрдік. Бүгінде домбырасын жанынан тастамай Дәулеткерей мен Құрманғазы, Қазанғап пен Тәттімбет, Абыл мен Адай, Байсерке мен Мәмен, Дина мен Сүгір сынды кемеңгер күйшілердің күйлерін елге дәріптеп жүрген күйші, «Мен қазақпын» мегажобасының облыстық кезеңінің жеңімпазы Айдар ОМАРБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Күй – құдіретті, күй – сиқыр. Күй бізге домбыра арқылы жетіп, бүкіл әлемдік қазынаға айналды. Айдар Қайратұлы, домбырамен бала кезден доссыз ба?

– Мен туған топырақ Осакаров ауданы, Молодежный кентіндегі өнерпаздарды көргенде осы аспапқа деген ерекше ықыласым ауатын. Сол кезде қасиетті домбыраға, күйге деген үміт сәулесі жанған болар. Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектебіне 2004 жылы оқуға келдім. Негізі ән айтып келген маған ән класында орын болмай қалды. Сәті түсіп, музыкалық аспаптардан домбыра класына құжаттарымды тапсырып, сол жерде білім алдым. Содан бері домбыра – менің жан серігім. Сол шақтан бастап домбыраны ешқашан жанымнан тастаған емеспін. Бірден меңгеріп кеткендігім – әкем және нағашыларым өнерден алыс болмады. Күй тартпаса да, домбырамен ән салады. Арғы аталарымда күйшілік өнер болса керек. Менің ойымша, сол заманда аталарымыздың өнері биік тұрды. Ол кісілерді әрдайым үлгі етемін. Он жерден оқысақ та, олардың деңгейіне жартылай да жете алмаймыз ғой. Өйткені, ол кісілер сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі небір қатал сындардан өтсе де, халық рухының алтын діңгегі саналатын домбыра өнерін ешқашан жоғалтпай, ұлттық, көркемдік сипатын сақтады. Оны дамытып, өркендетті. Һәм әлемге паш етіп, еліміздің рухын асқақтатты.

– Кәсіби біліміңіз бар ма?

– Әрине, мамандандырылған музыка мектебінің табалдырығын аттағанда, алғашқы ұстазым, белгілі күйші Жеңіс Дайырұлы үйретіп қана қоймай кәсібилік тәжірибемізді арттырды. 2011 жылы Астана қаласындағы Өнер университетіне оқуға түстім. Күйші – Еділ Басығараевтың төл шәкірті болдым. Сонымен қатар, Жанғали Жүзбай ағамыз да дәріс оқыды. Астанадағы қазақтың жоғары дәрежелі музыка өнеріне баулыған білім ордасында біз күй тартып қана қоймай, домбыра туралы терең білім алдық. Домбыра – қазақ музыка аспаптарының арасында неғұрлым көп зерттелгендігін, қазақ халқының ерте заманнан тараған, аңыздар мен шежірелер бойынша, көне музыкалық ескерткіш ретінде танылатындығына көз жеткіздік. Тек, құрылымы, мағынасы, ойнау әдістері ғана емес, онымен қатар, аймақтардағы түрлері де зерттелгендігі жөнінде тарихи мәліметтермен сусындадық.

– Өнер адамы жайлы әңгіме қозғалғанда, оның атақ-даңқы қоса айтылады. Өзіңіз жеткен жетістіктерге тоқталып өтсеңіз…

– Мектепте жүргенде халықаралық «Астана Мерей» байқауында және республикалық жас орындаушылар байқауында, Ұлттық Дельфий ойындарында дипломант атандым. Рысбай Ғабдиев атындағы және Шығыстың шыңырау күйлері республикалық байқауларында дипломант болдым. Тәттімбет атындағы күй сайысы сынды басқа жарыстарда лауреаттар қатарынан көріндім. 2015 жылы университетті тәмамадаған соң Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектебіне жұмысқа тұрдым. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Ал, таяудағы жетістігім Арқада өткен «Мен қазақпын» додасында бағым жанып, үздік шықтым.

– Алдағы уақытта халықаралық «Мен қазақпын» атты телевизиялық мегажобада қарағандылықтардың намысын қорғайсыз. Дайындық барысы қалай?

– Додаға бүгінде дайындығымды бастап кеттім. Әзірге 150-ден аса күй тартамын. Жалпы, қазақтың домбырашылық, күйшілік өнеріне жеті түрлі орындаушылық дәстүр мен мектептер қалыптасқан. Бұл дәстүрлі мектептер Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау, Батыс мектептері екендігі жұртқа мәлім. Сонымен қатар, қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшелігіне, күйдің құрылымына байланысты шертпе және төкпе деп жіктелетіндігін жақсы білесіздер. Мен осы мектептердің бірқатар күйіне қанықпын. Оның ішінде, Арқа күйшілік мектебін толықтай меңгердім. Тәттімбетше күй шалу үрдісін және Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағауия сынды шертпе күй шеберлерінің барлық күйлерін тартамын. Домбыра шерткеннің бәрі домбырашы емес. Нағыз домбырашы тарих пен әдебиетті білуі керек. Мен білікті ұстаздардан сабақ алдым. Сол кісілердің соңында әлі жүрмін. Домбырашыға талмай іздену қажет. Күнде дайындалмасам, болмайды.

– Басқа қалаларда жастардың бастамасымен, үлкендердің қолдауымен «Домбыра пати» ұйымдастырылады. Бұл шараға қалай қарайсыз?

– Мен бұл жастардың идеясына қосыламын. Меніңше, күй өнерін дәріптеу үшін осындай шаралар керек сияқты. Мен де Қарағандыда осындай дәстүр қалыптастыруды ойластырып жүрмін. Күй халықтың рухани серігі болып, жас ұрпақтың болашағына деген толғанысын, арманы мен бақытына деген сенімін сақтайды деп сенімді түрде айта аламын.

– Арманыңыз қандай?

– Адамда арман таусылмаған ғой. Қарапайым жұрт күйді тыңдап отырып, оның көңілді не қайғылы екенін ажырата алмайтындығын талай байқадым. Сондықтан, қазір қазаққа күйді түсіндіруге жұмыс жасау керек. Сонда ғана бабадан қалған әуез құлағымызға сіңісті, жүрегімізге жұғысты болады. Келешекте осы істі тындырсам, өнердің биігіне шықсам деймін.

Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button