Әдебиет
Домбыра
Егіз сәби үніндей іңгәлаған,
Домбыраның әуенін тыңда, балам.
Күй сырымен мерейім өсіп бірге,
Онсыз кейде көңілді мұң қамаған.
Арулардың арманы қол жетпеген,
Қара бала қиялы ержетпеген –
Бәрі-бәрі қос ішектен төгіледі,
Қоңыр сазды жүректе тербеп келем.
Ер жігіттің ерлігін ол жасырмаған,
Пернесінде сөйлейді жасыл далам.
Құрманғазы, Тәттімбет, Диналардың
Өзі болып күй шертер ғасыр маған.
Сыр ашады Махамбет, Мәдилерім…
Ұрпағымен ұзартып ән-күйлерін.
Домбырасыз үйімнің сәні келмес,
Домбыра боп, туған жер, әлдилегін…
Кәрім САУҒАБАЕВ.