Жаңалықтар

Діни ұстанымы мүгедек етуі мүмкін

Қарағандыда 23 жастағы бойжеткен діни ұстанымына байланысты қан құюдан бас тартқандықтан мүгедек болып қалуы мүмкін. Науқас Иегова куәгерлерінің діни ағымын ұстанады. 

Бойжеткен жол апатына ұшырап, аяқ-қол сынықтарына бірнеше ота жасалған. Алайда омыртқасына күрделі ота жасау үшін дәрігерлер қан құю қажет болғандықтан, науқас отадан бас тартқан. Оның бұл шешімін күйеуі мен туыстары да қолдап отыр. Өйткені, Иегова куәгерлерінің сенімі бойынша қан қасиетті, оның ішінде адамның жаны бар. Дәл сол себепті олар үшін қаны бар кез келген тағамды да жеуге болмайды.

Ал, дәрігерлердің айтуынша гемоглобин деңгейі науқаста критикалық деңгейге дейін төмендеген. Олар қан құюсыз омыртқаға ота жасай алмайды. 

– Бұл ота оның өміріне қауіп төндірмесе де болашақта мүгедек болып қалуы мүмкін. Қазақстанда Иегова куәгерлерінің діни ағымы ресми тіркелген. Қан құюдан бас тарту жағдайлары бір бұл емес. Қыркүйек айында осындай оқиға Көкшетауда болған. 2 жастағы баланың ата-анасы процедураға тыйым салып, сәби шетінеп кеткен, – дейді Х. Мақажанов  атындағы емхананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі Берік Төлеубаев.

Заң бойынша ересек науқастың есі дұрыс болса, одан қан құюға келісім сұралады. Ес-түссіз жағдайда болса  шешімді дәрігерлер кеңесі қабылдайды. Науқас қан құюға келісім бергенде, апаттан кейінгі алғашқы аптаның ішінде барлық оталар аяқталып, ол қазір үйінде болар еді дейді дәрігерлер. Енді  ол 6 айға жуық төсек тартып жатуы мүмкін және алда не күтіп тұрғаны белгісіз…

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button