Жаңалықтар

Ділмар шешендердің сөз сайысы

Кеншілер қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Даналар сөзі – ақылдың көзі» облыс­тық шешендік өнер байқауы өтті. Тарихтың әр бетін парақтап, шешен, би, жырау аңыздарына ой толғап, сыр шерткен тәрбиелік мәні зор шара жоғары деңгейде өрбіді.

Шешендік сөз – ғасырдан-ға­сыр­ға жалғасып, өмір иірімімен ұштасып жатқан, қара қылды қақ жарған әділдік пен шындықтың жарқын бейнесі. Түйткілді дауды екі ауыз сөзбен шеше білген билердің тапқыр­лығы мен алғырлығы аңызға айналып, ел аузында сақталып келеді. Қазақтың төл өнері, шешендік өнер жайлы сөз қозғағанда, ұлы жүздің Майқы биінен бастап, Жиренше, Асанқайғы, Шалкиіз, Төле, Әйтеке, Қазыбек, Бұқар, Сырым, Досбол, Бала билер бастаған шешендердің ұлы көші еске түседі.

Айтулы шара шешендік өнер иелерін ұлықтап, олардың әр шығармасын келешек ұрпаққа дәріптеуге тікелей бағытталған. Байқауға Қарағанды, Абай, Шет, Нұра ауданы және Саран, Шахтинск қаласынан келген үміткерлер қатысып, өзара бақ сынасты. Әр өнерпаз шешендік өнердің табиғатын ашып, әр сөздің мәнін жеткізуге тырысты.

Сөз сайысы «Ойтамызық», «Ділмар», «Көкпар» сынды үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде, ұяшық таңдау арқылы шешен, би нақыл сөздерінің мағынасын ашумен басталса, әрі қарай, жыраулардың шығармасын баяндауға ұласты. Әр сайыста қатысушылардың сөйлеген сөзі мен тапқырлық танытып жауап беруіне баса мән берілді.

– Қазақта «Айтпаса – сөздің атасы өледі, бермесе – қарияның батасы өледі», «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың», – деп жиі айтылады. Мұның барлығы шешендік өнерді дамытуға ұлт ретінде атсалысып, жастардың өз ойын толық әрі айқын айтуға, баяғы қазақи мақамды бұзбай сөйлеуге жетелейді. Жалпы, қазақ өз ойын қалай жеткізген, тіл байлығының қандай деңгейде болғанын жастардың ой санасына сіңіру, оларды жүйелі сөйлеуге тәрбиелеуге жол ашқан шара дер едім. Сөз бәйгесінде жастардың шешен сөйлеуге деген ынтасы, әр сөзді жігерленіп айтуы ерекше көзге түсті. Сондықтан, тағылымға толы шара өз жалғасын табатынына сенімдімін, – дейді Мұхаммедғали Ілиясұлы.

Байқаудың басы-қасында жүрген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы Айгүл Оралбайқызы да сайыс жөнінде айтты.

– Шарамыздың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру, шешендік сөз өнерін насихаттауды негізге ала отырып, қазақ даналығының өнерін биік бағалау, – дейді Айгүл Бөгенбаева.

Дүбірлі додада үшінші орынды Саран қаласының жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Аяна Қадірбаева және Қарағанды қаласының М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Фариза Кебекбаева, екінші орынды Шахтинск қаласының «Бастау» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Меруерт Кәрібаева, бірінші орынды Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің филология факультетінің III курс студенті Ерсұлтан Нұртай қанжығаласа, бас жүлдені Шет аудандық орталық кітапхананың қызметкері Азамат Нұрахметов иеленді.

Кеш соңында жеңіске жеткен жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен арнайы диплом тарту етілді.

Аружан СЕРІКБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button