Бас тақырып

«Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады»

Алғашқы құрылтай былтыр маусымда ұлт ұясы – Ұлытауда өткені мәлім. Сол жерде Мемлекет басшысы екінші құрылтайды ер түріктің бесігі болған Түркістанда ұйымдастыруды ұсынып еді. Өткен демалыс күндері қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ғалымдар мен сарапшылар Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайға жиналды. Екі күнге созылған басқосуда елдегі өзекті мәселелер талқыланды. Жиналғандар ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

«Ұлттық құрылтай той емес»

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында сөз сөйледі. «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған» деп, жиын маңызы туралы сөз басында бірден айтты.

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым.

– Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады, – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бері өткен бір жылда елімізде конституциялық реформа жасалғанын атап өтті. Өз кезегінде бұл өзгерістер еліміздің алдағы жылдарға арналған бағыт-бағдарымызды айқындап берді.

– Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Дегенмен, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес екенін де айтты. Оған бүкіл қоғам болып жұмылу керек екенін де ескертті.

– Ал, түпкі мақсатқа жету үшін саясиэкономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер, – деді ол.

Геосаяси қауіп сейілер емес

Президент геосаяси жағдайға тоқталып, әлемде болып жатқан жағдайларға алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Және осы кезең Қазақстан халқының біртұтастығын талап ететінін айтты.

– Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне зор кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан, Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек, – деп қадап айтты.

Ол үшін не істемек керек? Бұл сауалдың жауабын да Президент өзі айтты. Оның айтуынша, «қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек».

– Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз, – деді.

Бұл жолда отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандарға аға буын ретінде еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды үлгі көрсету арқылы дәріптеу керектігін де айтты.

– Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі.

Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы керек. Президент ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру мақсатында сегіз бағытты алға тартты.

Мәселе – көп, тапсырма – сегіз

Әуелгісі – ұлттық нышандарды жетілдіру. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік нышандарды жетілдіруді тапсырып, олардан бірегей ұлттық кодымыз айқын көрініп тұруы тиіс екенін айтты.

– Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасының мазмұны мен пішіні әркелкілігіне қатысты қоғамда көп сын айтылатынын, сол үшін оларды бірыңғай үлгіге келтіру керектігін айтты. Сонымен бірге мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасауды, орден-медальдің жұрт көңілінен шығатындай, терең мағыналы әрі ерекше болуын тапсырды.

– Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады, – деп атап өтті.

Екінші кезекте Президент ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.

Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті, – деді Мемлекет басшысы.

Нәтижесінде ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақ әзірленген. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керектігін айтқан Президент, жинақты бірыңғай үлгіде безендіруді және еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауын, оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтарды түгел енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді жүктеді. Бұл орайда ономастика саласын тәртіпке келтіру маңыздылығына тоқталып өтті.

– Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды, – деді Президент.

Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу – Президент айтқан үшінші бағыт.

– Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның лі жандардың қатысуымен «Рух желкендері» регатасының өтуі жоспарланған. Қарқаралы өңірінде де туризм саласын дамытудың Жол картасын әзірлеу басталды. Кәсіпкерлік басқармасы басшысының айтуынша, бұл іспен Урбанистика орталығы айналысуда. – Жол картасында Қарқаралы бөгетінің іргелес аумақтарын, Қаратөбе учаскесіндегі тоғанды абаттандыру, Қарқаралыдан Бұғылы шатқалы мен Үлкенкөл курорттық аймақтарына электр желілерін, автомобиль жолын, су құбыры мен кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарастырылған, – дейді спикер. Қала маңындағы туризмді дамытуға да көңіл бөлінуде. Қарағандының төңірегінде азаматтардың бос уақытын өткізетін 75-ке жуық орын бар. Демалыс күндік турлар бар. Абай ауданы, Топар ауылындағы қоғамдық жағажайды жабдықтау жоспарлануда. Биыл Балқашта, Қарқаралы, Бұқар жырау және Нұра аудандарында туризм саласында сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. – Туристік әлеуетті дамыту үшін жол бойындағы сервистік нысандардың жетіспейтін инфрақұрылымын дамыту қажет. Демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударған жөн, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын, – деген Президент биыл Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жылдығына орай «Яссауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ұсынды. «Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет», – деді.

Төртіншіден, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тоқталды. Оның маңызды екенін айтты.

– Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі, – деп ашық айтты.

Бұл ретте Президент баланың тәрбиесіне жауапкершілік бірінші кезекте ата-анасына, одан кейін балабақша мен мектепке жүктелетінін айтты. Және бұл мәселеде «ақсап» тұрғанымызды тілге тиек етті.

– Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек, – деді Президент.

Балалар мен жасөспірімдерді патриоттық, экологиялық тәрбие берудің маңыздылығына да тоқталды. Жас ұрпаққа нағыз еңбек адамын насихаттау, түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру, нашақорлық пен вейп және түрлі электронды темекілердің зиянын түсіндіру қажеттігін баса айтты.

– Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет, – деді ол.

Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру – бесінші бағыт. Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саясатының тиімділігін арттыру креативті индустрияны дамытуға баса назар аударған жөн деп санайды. Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала, билік пен қоғам арасындағы байланыс құралы екенін айта келіп, осы саладағы мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігіне тоқталды.

– Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар, – деді Президент.

Сонымен қатар, идеологиялық маңызды құрал – кітап екенін айтып, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Ол үшін қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалып, сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болады. Одан бөлек, қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал ететін кино өндірісі туралы да айтылды. Бұл саланы да реформаландыру қажеттілігін айтты.

Алтыншыдан, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс екенін айтты. Президенттің айтуынша, қоғам тынысы әрдайым назарда болуы керек. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет.

– Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында, – деген Президент мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» қызметі көңіл көншітпейтінін, бір-бірінің жұмысын қайталайтынын айтты.

– Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Шекаралас аймақтарды дамытуды стратегиялық маңызы бар мәселе деп атаған Мемлекет басшысы оған айрықша тоқталды. Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын тағы бір мәрте қайталады.

– Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз, – деген ол шекаралас аймақтарды дамыту маңыздылығына тоқталды.

– Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз.

Облыстардың ішкі аумақтықәкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді, – деді Президент.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталып өтті. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами беретінін атады.

– Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз – айқын, баршаға түсінікті, – деді Президент.

Сегізінші бағыт мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты болды. Президент ол салада біраз сын-пікірлер барын білетінін және оның басым көпшілігі орынды екенін айтты.

– Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру, – деді Мемлекет басшысы. Және басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табатынын жеткізді.

– Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес, – деді Қ.Тоқаев.

Жиынды Мемлекеттік кеңесші, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жүргізіп отырды. Құрылтай мүшелері атынан Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин, «Қазақстан Заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды сөз сөйледі. «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясы бойынша мәселе көтеріліп, шешу жолдары ұсынылды.

– Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана, – деп атап өткен Президент биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да ауқымды екенін тілге тиек етті.

– Бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button