Диабет дендеген қоғамға айналмас үшін
Жақында өңірде диабеттік табан орталығы ашылды. Мұндай қадамға себеп – аймақта қант диабетімен ауыратындардың қатарының көбеюі. Соңғы екі жылда 19%-ға өсіпті. Дерек бойынша жыл сайын үш мың адамнан қант диабеті анықталады. Сондықтан, дерттің алдын алу мен науқастарды бақылау шараларына жіті көңіл бөліне бастады.
Қант диабеті адамның өмірін бұзады. Асқынса, науқасты мүгедектікке алып келуі де мүмкін. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, өңірде қант диабетімен 40 мың тұрғын ауырады. Оның 1800-і инсулинге тәуелді. Бұл – аурудың асқынған сатысы. Дерт меңдеген жүзге жуық науқастың аяқ-қолына ота жасалып, ампутацияланған. Облыстық клиникалық аурухана базасында ашылған диабеттік табан орталығы дәл осындай науқастарға көмек береді.
Орталық басшысы Евгений Морозов: «Мұндай орталық бұдан ертерек ашылуы керек еді» деп санайды. Себебі, қант диабетінің асқынуларынан зардап шегетіндер аймақта көп.
– Былтыр облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық инфекция бөлімі меңгерушісі болған кезімде 945 науқас емделіп шықты, соның 46%-ы, 450-і қант диабетінің асқынуларынан зардап шеккендер. Өңірде қант диабеті аурулары мен олардан туындайтын асқынулар өзекті мәселеге айналып тұр, – деп бөлісті ол.
Қант диабетінің бірінші түрі – ең қауіптісі. Ол туғаннан пайда болады.
– Дүниеге келген бала бір инфекция немесе вирусты ауруларға шалдықса, вирус инсулин гормонын шығаратын жасушаларды зақымдайды. Яғни, бұл науқастарда инсулин бөлінбейді, ол бөлінбеген соң глюкоза сіңбейді. Сондықтан, олар инсулинге тәуелді. Зат алмасудың бұзылуы бәрібір де өзінің салдарын тигізеді. Буыны енді қатып келе жатқан баланың көзінің көруіне, бүйрек, жүрек жұмысына әсер етеді, – дейді дәрігер.
Қант диабетінің ең көп кездесетін екінші түрі ересек адамдарда 30-40 жастан асқанда пайда болады. Евгений Семеновичтің айтуынша, оның пайда болуы тікелей адамның өмір сүру салтына байланысты.
– Қазір адамдарда қозғалыс аз, майлы, көмірсутегіне бай тағамдар ішеді. Артық салмақ, семіздік, стресс пен холестериннің артуы да аурудың пайда болуына әсер етеді. Олар қосымша дәрі-дәрмек пайдаланады. Мұндай адамдарға бақылау мен күтім керек. Біздің орталық оларды бақылауға алады, – дейді ол.
Аурудың асқынуы табандағы өзгерістерден байқалады.
– Табанда түрлі жүйке талшықтары бар. Сау адам денесіне тиген кез келген әсерді сезеді. Ал, диабеттік табан ауруы бар науқас ауруды сезінбейді, аяғы ыстық-суықты білмейді. Сондықтан, біз ондай ауру бар науқастарға аяқ киім киерде ішін міндетті түрде тексеріп көру керектігін айтамыз. Солай аяғын жарақаттап алса, оның жазылуы өте қиын. Екінші жағынан ол ауырсынуды сезінбегеннен, қалай болса, солай жүре беруі мүмкін. Ол да аурудың жазылуын қиындатады. Оның үстіне Қазақстанда қант диабеті бар ауруларға арналған ортопедиялық аяқ киімдер жоқ, – деді дәрігер.
Табандағы өзгерістер неврологиялық, қан тамырларының дұрыс жүрмеуінен немесе ортопедтік аурулардан болуы мүмкін. Сондықтан орталықта қан тамырлары хирургы, эндокринолог, невропотолог, ортопед, окулист, нефролог, кардиолог сынды дәрігерлердің командасы жұмыс істейді. Олар аурудың себебін анықтап, тиісті ем-дом жүргізеді. Науқас бір жерде кешенді медициналық тексеруден өте алады. Қант диабетімен енді есепке алынған тұрғындар да осында шақыртылатын болады. Орталық басшысы диабеттің асқынуынан аяқ-қолынан айырылған науқастарға өте көп көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте науқастың отбасы, қарайласатын адамы бар науқастар болса, жақсы, ал, жалғызілікті жандарға аса қиын.
– Әдетте ампутациядан кейін адамның өз-өзіне келуі қиын. Ерік-жігері мықты, өмір сүруге құлшынысы болса, осы қалпын қабылдай алса, ол адам өмір сүріп кетеді. Егер адам әлсіз, оның үстіне жалғыз, күтімсіз болса, ондай науқастар бес жылдан артық өмір сүрмейді. Сондықтан мұндай ауруға шалдыққан жақындарыңыз болса, жалғыз қалдырмаңыздар, – дейді дәрігер.
Сырқаттар ауруын асқындырып алмас үшін профилактикалық шаралардың маңызы зор. Ал, оның негізі – дұрыс тамақтануда. Сол себепті де бірінші кезекте не ішіп, не жегеніне көңіл бөлуі тиіс. Дәрігерлердің айтуынша, дерттің өршуі артық салмағы бар адамдардың арасында жоғары. Қала емханаларында дұрыс тамақтануды үйрететін кабинеттер бар. Басқармада мәлімдегендей, олардың саны жыл санап көбейе бермек.
Диабеттің негізгі үш проблемасы – мамандардың айтуынша, генетика, психосоматика және саламатты өмір салтын ұстанбау. Адамға алғашқы екеуіне әсер ету қиын болса да, соңғысына ықпал ете алады. Өйткені, саламатты өмір салтын ұстану – әр адамның қолындағы іс.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»