Дерт жұқтырғандар саны көбейді
Қабылданған қатаң шараларға қарамастан, вирус жұқтыру көрсеткіші артып келеді. Жұртшылық жан-жағына үрке қарап, күдік жайлаған күпті көңілдер коронавирустың беті қайтатын күнді зор үмітпен күтуде. Көңілге медеу тұтар жайт – кеселден айыққандар қатарының өсуі. Содан кейінгі жағымды жаңалық – инфекция жайлаған Қытайдың індетті жеңіп, Италия, Испания тәрізді елдерде вирус жұқтыру санының төмендеуі.
Індеттің ел шетіне кіргеніне 25 күнге жуықтады. Осы аралықта Қазақстанда 629 адамнан вирус анықталып, оның 6-ы көз жұмды. Өкінішке орай, алдыңғы үштікте Нұр-Сұлтан және Алматымен бірге Қарағанды да бар. Кешегі дерек бойынша Қарағанды облысында науқастардың саны 48-ге жетті. Күні кеше ғана вирус жұқтырған 32 адам болса, небары бір тәуліктің ішінде тағы да 16 сырқаттың тіркелуі жағдайдың ушыға түскенін көрсетіп отыр. Ал, әлгі 48 адамның 3-і – ауыр жағдайда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың 1-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қалғандарының жағдайы бірқалыпты.
Вирус жұқтырғандар қайтыс болған науқастың отбасы мүшелері мен жақын байланыста болған жандар арасынан анықталуда. Бойындағы дерті кейін тіркелген науқастар эпидемияға қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып оқшауланған, қажетті емдеу курстарынан өтуде.
Үй карантинінде жатқандар саны да аз емес. Облыста 1 346 адам оқшауланса, 862 адам – карантин жағдайында тәулік бойы бақылауда.
Құзырлы органдар қалың ел болып науқастардың айығуын тілеген қазіргі қиынқыстау кезеңді өткеру үшін екі аптаға жуық уақыт керек дейді. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «10 сәуірге қарай дерт жұқтырғандар саны арта түседі» деген болжам айтқан еді. Айтылған межеге аз ғана уақыт қалды.
Ал, қазір жағдайдың қандай бағыт алатынын тап басу – қиын.
Салтанат ІЛИЯШ.