Дерек пен дәйек

Өткен жылы облыста 7 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Жалпы, қылмыстық ахуал тұрақталып келеді. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері – қарақшылық, тонау, зорлау, бұзақылық, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы мен алаяқтық азайған. Құқық қорғау органдарының жедел әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, ұрлық сынды қылмыстардың ашылу көрсеткіші де айтарлықтай жақсарды.
***
Есірткімен күрес – басты міндеттердің бірі. 2024 жылдың өзінде ғана заңсыз айналымнан 26 килограмнан астам синтетикалық есірткі заттары тәркіленіп, 5 бірдей есірткі зертханасы әшкереленді. Сондай-ақ, улы заттарды насихаттап, таратуға тырысқан 270 интернет-ресурс бұғатталды. Биыл жыл басынан бері тағы екі жасырын зертхана мен үш фитозертхананың жолы кесіліп, 26 мыңнан астам есірткі дозасын таратуға әрекеттенген 36 «тасымалдаушы» құрықталды.
***
Жолдағы тәртіп те – басты назарда. Өткен жылы облыс аумағында 1343 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, өкінішке қарай, 191 адам қаза тапты. Шамамен 1500 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Қайғылы оқиғаларға көбінесе қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты шамадан тыс асыру мен жүргізушілердің шаршауы себеп болған. Жүргізілген рейдтер барысында алкогольдік ішімдік ішіп рульге отырған 1000-нан астам жүргізуші ұсталды.
Әзірлеген Жәлел ШАЛҚАР