Бас тақырып

Дербестік Декларациясы

«Егемендік туралы Декларация тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат. Егемендік Декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын», – дейтін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі жадымызда. Сөнбес үмітке кенелткен ұлттық мереке қарсаңында Егемендік Декларациясының мәнін зерделеп көрдік…

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Әуел бастағы әрекет

Қайдан келгенімізді ұмытпасақ, қайда барарымызды да қаперден шығармаймыз. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Тәуелсіздік жолындағы әр қазақ жүрегімен ардақтарлық ең маңызды құжат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. Осылайша, аталған тарихи қадам Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің толық тәуелсіздігі мен азаттықтың шуақты шырайына қол жеткізудегі маңызды қадам болды. Декларация Қазақстанды егемен мемлекет деп негіздеп, одан әрі саяси және экономикалық өзгерістердің берік негізін қалады.

Егемендік Декларациясы қабылданардан бұрын Қазақстанда президенттік басқару енгізілді. Бұл мәселе 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңесте талқыланып, академик Сұлтан Сартаев баяндама жасады және сол күні заң қабылданды. Бірақ сол кезде Мәскеу мұндай заңды қабылдауға қарсы болып, қысым жасағаны да елдің есінде.

Декларацияның мән-мағынасын тереңірек түсіну үшін 80-ші жылдардың аяғындағы саяси жағдайды ескеру қажет. Ол кезеңдерде КСРО саяси және экономикалық жүйенің дағдарысын бастан өткерді. Осы уақытта одақтас республикаларда тәуелсіздікке деген ұмтылыстар легі күшейгеннің үстіне күшейе түсті. Әсіресе, Молотов-Риббентроп пактісіне қол қойылғаннан кейін одақтас республикалардың өзін-өзі анықтау құқықтарын талқылағаннан соң, тәуелсіз мемлекет идеясы ғаламды құдды бір вирус сынды шарлап кеткен. Мәселен, Балтық жағалауы елдері КСРО құрамынан шығуды қарқынды түрде талап еткенімен, Қазақстан һәм өзге де Орталық Азия республикалары Одақ шеңберінде өз дербестігін кеңейту нұсқаларын ішінара дербес қарастыра бастады.

Декларацияның мәні

Мемлекеттік Егемендік туралы Декларация келесі таңдаудан өтіп, таңдалған негізгі ережелерді қамтыды. Алдымен, егемендікті ресми бекіту. Құжат әлемге әйгі болысымен, Қазақстан егеменді мемлекет болып жарияланды. Яғни, оның заңдары мен Конституциясы Одақтық заңдардан басым еді. Бұл тәуелсіз құқықтық жүйені қалыптастырудағы шешуші қадам болды. Ендігісі – тәуелсіз сыртқы саясат құқығы. Қазақстан өзінің сыртқы саясатына да басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен экономикалық қатынастарға қатысу бойынша толыққанды құқығын жариялады. Мұнан соң, өз азаматтығын белгілеу. Декларацияда кейінірек көші-қон және азаматтық саясатты әзірлеу үшін негіз болған Қазақстан азаматтығын белгілеу құқығы сөз болды. Табиғи ресурстарды бақылау аясында мұнай, газ, көмір және басқа да пайдалы қазбаларды қоса алғанда, табиғи ресурстар атаулысы ендігіде Қазақстанның ұлттық қазынасы болып жарияланды. Бұл жағдай елдің болашақ экономикасы үшін тағдыршешті үлкен маңызға ие болды.

Қаржылық дербестік. Декларация 1993 жылы енгізілген ұлттық валюта-теңгені құрудың бастапқы қайнары болып табылатын өзінің бюджеттік, салықтық және банктік жүйелерін қалыптастыру құқығын көздеді. Әскери бейтараптық. Құжатта Қазақстанның қорғаныс және Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін өз бетінше шешу құқығы атап көрсетілді. Бұл кейіннен ядролық арсеналдан бас тартуға, ядролық қарусыз мәртебе туралы шартқа қол қоюға әкелді.

Мезгіл өтіп, дәуір алмасқанда…

1990 жылы Декларацияны қабылдау тек символдық әрекет қана емес, сонымен қатар, нақты саяси бастама болды. Көптеген сарапшылардың пайымдауынша, өтпелі кезеңдегі салыстырмалы тұрақтылықты сақтай отырып, Қазақстанды тәуелсіздікке дайындаған, мұқият ойластырылған харекетке бастады. Экономистер табиғи ресурстар мен қаржылық тәуелсіздікке құқықты бекіту тәуелсіз экономикалық саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Егер Қазақстан бұл қадамдарды алдын ала жасамаған болса, 1991 жылы тәуелсіздік алу үдерісі әлдеқайда күрделі болар еді.

Саясаттанушылар Декларация Қазақстанның халықаралық субъект ретінде бекітілуіне негіз болғанын атап көрсетеді. Егемен мемлекет бола отырып, ел халықаралық ұйымдарға тиімдірек қатыса алды, сондай-ақ, Орталық Азиядағы қауіпсіздік шарттары сияқты маңызды экономикалық және саяси келісімдер жасай алды.

Қоғамтанушы, саяси шолушы Гүлнәр Шөменова 1990 жылғы Декларация Қазақстанның сыртқы саяси бағытының қалыптасуына үлкен әсер етті. Бейбіт қатар өмір сүруге және көпвекторлыққа бағытталған сыртқы саясат елдің егемендігінің негізін қалаған шешімдерге негізделген деп бағамдады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация ел тарихындағы бетбұрысты құжат болды. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған құжат тәуелсіздіктің негізін қалап, 1991 жылы егемендікке бейбіт және құрылымдық ауысым кезеңдеріне ықпал етті. Экономикалық әрі саяси тұрғыдан алғанда, бұл құжат табысты мемлекеттік құрылыстың берік тұғырнамасын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды жаңа сын-тегеуріндерге дайындады.

Құндылықты құндақтаған құжат

Сөзіміздің соңында құны кетпес құжаттың мәтінінің әрбір ұлтжанды азамат жадына тоқып аларлық зипа сөйлемдерінің бірқатарын оқырман назарына дөппе-дөп тартқанды құп көрдік.

«Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып, Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып, Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды.

Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы – егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады. Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады.

Қазiргi шекарасындағы Қазақ ССР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды.

Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi Республика iшiнде, сондай-ақ, Одақтық шартта белгiленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық болады.

Президент Республиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары өкiмшiлiк-атқару билiк болады.

Қазақ ССР территориясында, оның өз еркiмен Одаққа берген мәселелерiн қоспағанда, Қазақ ССР Конституциясы мен заңдарының үстемдiгi орнатылады, оларды барлық мемлекеттiк органдар, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар, азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар сақтауға және орындауға тиiс.

Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болады.

Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады.

Қазақ ССР-і одақтық органдардың, одақтас республикалардың және өзге мемлекеттердiң iс-қимылынан, сондай-ақ, өз территориясындағы ядролық және басқа полигондардың, әскери-өнеркәсiптік кешен объектiлерiнiң қызметiнен Республика халқының денсаулығына, табиғи ортасы мен экономикасына келтiрiлген зиянды өтетіп алуға праволы.

Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды.

Республика шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын ерiктiлiк пен тең праволылық принциптерiн сақтай отырып, өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құрады, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi.

Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің символдары – герб, жалау, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады.

Декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады».

Иә, оқығанның жанарында бір сәтке кідірген тағдыршешті түйіршік сөздер еңселі егемендігімізге осылайша кепіл болды. Ал, біз осы бір тәу етер тәуелсіздігімізді мәні зор мәңгілікте көзіміздің ағы мен қарасындай аялап сақтауға міндеткерміз. Жақұт тілегіміз де – осы. Бірдей үміт, бірегей арман, бір тілек!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button