Дербестік дақпырт емес
Өскелең ұрпаққа Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұқтыру – аға буын алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Жас толқын қазақтың азаттыққа қалай және нендей құрбандықтармен жеткенін тарих беттерінен ғана оқиды. Арқадағы азаматтар – бұл міндеттеріне адал. Достық үйінде «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Тағылымды кешті облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.
Әдеби-танымдық кеш ерекше форматта өтті. Патриоттық әндер шырқалып, ағыл-тегіл жыр оқылған жоқ. Мәселен, ақын, «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері Қойлыбай Асан спикер болды. Ол тәуелсіздік турасында толғамды ойларын айтып, 1986 жылы орын алған оқиғалардың естелігімен бөлісті.
– 1986 жылғы көтеріліске оқиға деп айдар тағып қойғанбыз. Негізінде бұл – ұлт-азаттық көтеріліс. Көтеріліс Алматыда басталғаны рас. Бірақ, бұл көтеріліс ұлттық сипатқа ие болды. Қазақ жастары әр қалада өре түрегелді. Қарағандының көшелері де азаттықты аңсаған намысты, қайратты жастарға толды. Қазақ деген халық үшін «Азаттық» деген сөз қасиетті. 25 қазан – Республика күні деп бөркімізді аспанға атып, қуанамыз. Бірақ, 16 желтоқсанның қадірі бөлек. Халқымызға Кеңес Одағының қатал жүйесі озбырлықтың небір үлгісін жасады. Аштыққа ұрындырды, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратты. Қазақтан сескенді. Сескенгеннен кейін әлсірету үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған қазақтың арманы ғұмырлық мәніне айналған сол жылдағы жастар намыстарын қалқан, қайраттарын қару етіп, көшеге шықты. Осы уақытқа дейін бір шындық айтылмай келеді. Азияны жалпағынан басып, қаншама халықтарды қан қақсатып отырған кеңестік жүйенің уығын шайқалтқан – қазақ жастары. Колбиннің басшылыққа тағайындалуы – жүз себептің бірі ғана. Бұл күндегі менің жалғыз тілегім – сол кездегі жастардың рухын бүгінгі буын өкілдеріне берсе екен, – деді Қойлыбай Асан. «Негізінде бұл – ұлт- азаттық көтеріліс» дегенінде, залдағы жұрт қошемет көрсетті. Бұл сөз зиялы қауымның да, жұрттың да көкейінде «осылай деп мойындалса екен» деген тілек тамыр жайғандай.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, алаштанушы ғалым, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова да мінберге шығып, жастарға сөз айтты.
– Тәуелсіздіктің киесі мен құндылығы неде? 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігін жариялаған Декларация әлемді дүр сілкіндірді. Жаһанға тарыдай шашылған қазақ сүйінші жаңалықты естіп, жер жастанып қуаныштан жылаған. Ата жұртқа оралғандары топырақты сүйген. Бұл деректер тәуелсіздіктің, туған жердің құндылығы қандай екенін көрсетіп тұр. Елтаңбамызды қастерлейік. Отаршылдар қасиетті шаңырағымызды аяққа таптаған бір кезеңде. Бұл күнде шаңырағымызды төбемізге тұтып отырмыз. Кейбір адамдар елтаңбаның қадірін білмейді. Мені осы күйіндіреді. Ата-бабамыздың қанына боялған қызыл туды, мойнымыз орылған сондағы ораққа бас ұрған едік. Ғасырлар бойы армандаған арманымыз орындалып, Көк туымыз желбіреді. Көк туымызды қастерлейік! «Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді» деген сөздің мағынасын түсінгенде ғана құндылықтың не екенін білеміз. Тәуелсіздік – қарақшы мен сатқындардың қоржынында кеткен хандар мен батырлардың басын қайтаруға мүмкіндік берді. Жаламен сотталған, атылған жақсыларымызды, тұлғаларымызды ақтадық. Жерімізге, оның астындағы, үстіндегі байлыққа ие қылды. Ана тілімізде сөйлеп, нәрін тұла бойымызбен сезініп жүрміз. Міне, тәуелсіздіктің құны – осындай, – деді Нұрсахан Бейсенбекова.
Кешті тізгіндеген Айтбай Жұмағұлов та тереңнен ой толғап, жалынды сөздерін жолдады. Кешке қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай азаттық тақырыбында өлең оқыды.
Қарағанды медицина университетінің студенті, «Серілер» ұлттық-аспаптық ансамблінің жетекшісі Орынбасар Ерболат та спикерлер қатарында ой толғады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz