Денсаулық саласы жанданар күн алыс емес
Аймақта биылғы жаздан бері салына бастаған 14 ауылдағы фельдшерлік акушерлік пункттің құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Облыстың құрылыс басқармасында хабарлағандай, құрылыс жұмыстары қарашада аяқталады деген жоспар бар. Аталған 14 фельдшерлік акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Екі жылға жоспарланған жоба бойынша облыстың ауылдық елді мекендерінде 92 медициналық мекеме бой көтеруі тиіс. Оның жартысына жуығы биыл қолға алынса, қалғаны келер жылдың еншісінде қалады. Бұл ауылдардағы денсаулық сақтауды жақсартуға, бастысы, маман тартуға жақсы бастама болмақ.
Әуелі – нысан
Жоба бірінші кезекте алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандарды салуды көздейді. Себебі, ауылдардағы медициналық нысандардың басым көпшілігі тозып тұр. Жалдап отырғандары да жетерлік. Мұндай жағдайда мемлекет көтеруді талап етіп отырған медициналық көмектің сапасы, Денсаулық сақтау министрлігі баса назар аударатын «алтын уақыт» қағидатының орындалуы туралы айтудың өзі артық. Бұл мәселені шешуді қолға алған Денсаулық сақтау министрлігі ел бойынша барлығы 655 ауылда медициналық нысан салуға кірісті. Аймақта бой көтеретін 92 нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттерден 21,3 млрд. теңге бөлінген. Жоғарыда айтқанымыздай, оның 14-інің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Қазіргі уақытта тағы 27 нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұлар – Қарқаралы ауданының Сарыобалы, Қызыл ту, Бесоба, Қарабұлақ, Жаңатоған, Жарлы, Талды, Абыз, Белдеутас, Борлыбұлақ, Өсібай және Айрық ауылдары. Шет ауданының Еңбекшіл, Ақсу, Қарамұрын, Дария, Қызылқой, Ақшоқы, Еркіндік, Ақой, Талды, Кеншоқы, Батық ауылдары. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының Самарқан және Тасауыл ауылдары. Басқарма мен «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» РМК арасында келісім жасалды. Сараптама номерлері берілді. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша жобалаумен айналысатын «Күмбезтас» ЖШС, «Шабыт-21» ЖШС және «Макет-Строй» ЖШС-мен келісім бар. Облыстың құрылыс басқармасында хабарлағандай, нысандардың жобасын қараша айының соңына дейін алу жоспарланған. Бұдан басқа 48 нысан бойынша жұмыс басталды.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша облыста қазіргі уақытта 7 аудандық орталық аурухана, 4 ауылдық аурухана, 60 дәрігерлік амбулатория, 47 ФАП пен 143 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. 2017 жылдан бері жалпы сомасы 3,5 млрд. теңге болатын 31 медициналық нысан салынды. Ал, 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 7 фельдшерлік амбулаториялық нысан ашылған. Одан бөлек, соңғы үш жылда 23 нысан жөндеуден өтті.
Кейін – заманауи техника
Әрине, олардың бәрінде заманауи аппараттар мен құрал-жабдықтар табыла бермес. Дегенмен, соңғы үш жылда 2,7 млрд. теңгеге медициналық техника мен санитарлық автокөлік сатып алынған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова ауылдық елді мекендердегі медицинаны дамыту бойынша жақында өткен конференцияда ауылдардағы медициналық инфрақұрылым біртіндеп жаңарып келе жатқанын айтқан еді.
– КТ аппараттары, ӨЖЖ аппараттары, маммографияға арналған жылжымалы рентгенографиялық кешендер, видеоэндоскопиялық жүйелер, ота жасау үстелдері және басқа да техника жаңарды. Сонымен бірге, 60 автокөлік, 7 жылжымалы медициналық кешен мен осынша жылжымалы дәріхана пункті алынды. Биыл Осакаров және Қарқаралы аудандарында екінші деңгейлі инсульттік орталық ашылды, – деді ол.
Бүгінде ауылдық ауруханаларда тәулік бойы жататын 375 орын, күндізгі стационардың 327 орыны бар. Оның ішінде, гемодиализге арналған 12 орын жабдықталған.
Соңғысы – білікті маман
Жұмыс істеп тұрған, салынып жатқан медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз ету де оңай болмай тұр. Айтылып та, жазылып та жүргендей ауылдарда медицина мамандары қат. Бұл ретте облыс биыл өзгелерден бірінші болып, ауылдық жерлерге баратын мамандарға жаңа әлеуметтік қолдау көрсетуді қолға алды. Ол – бәріміз білетін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясындағы көтерме шараларынан бөлек, қосымша қаржылық қолдау. Аса қажетті деген жалпы тәжірибе дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар мен педиатрлар 5 миллион теңгеден алады. Кардиолог, хирург, невропатолог және офтальмолог сияқты бейінді дәрігерлерге – 3 миллион теңгеден, ал орташа медициналық қызметкерлер, акушерлер мен фармацевттерге 1,5 миллион теңгеден беріледі.
– Бұл – тікелей облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бастама. Бүгінде ауылдарға 47 маман барды. Бірақ, бұл тапшылықты толық жаппайды. Қарашаның ортасына дейін мамандардың келуін күтеміз. Медбике, фельдшер мен акушерлердің 56 орны бос тұр. Жалпы, ауылдық жерлерде 1 698 медициналық қызметкер еңбек етуде. Оның 342-сі дәрігер, 1 356-сы – орта медициналық қызметкер, – деді Бибігүл Райханқызы.
Абай ауданының аудандық ауруханасының директоры Айгүл Башекова жұмысқа 11 маманның келгенін айтады.
– Оның сегізі – дәрігер, қалған үшеуі орта медициналық қызметкер. Үш акушер 1,5 млн. теңгеден, біреуі – 3 миллион, жетеуі 5 миллион теңгеден алады. Құжаттарын комиссияға жібердік, шешімін күтіп отырмыз, келесі апта болуы керек. Әзірге тек екеуі ғана қаражатын алды. Бұл мамандар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша бір реттік 5 млн. 175 мың теңге алады. Баспанамен қамтамасыз етілді, туыстарында тұрып жатқаны да бар, – дейді Айгүл Жорабекқызы.
Жас маман Саидакбар Қанатов Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылына келгеніне көп болмапты. Биыл оқуын бітіре салысымен мемлекет алдындағы міндеттемесін орындауға ауылға келген.
– Резидентураны радиолог мамандығы бойынша бітірдім. Мұнда жалпы тәжірибе дәрігері ретінде орналастым. Үймен қамтамасыз етті. Адамдары да қарапайым, үйреніп келемін. Үш жылдық міндеттемем аяқталғаннан кейін жұмыс істеуге мүмкіндік, жағдай болса, қалатын шығармын. 5 миллион теңге енді беріледі. Күтіп жүрміз. Анамның көзіне ота жасатқым келеді, – дейді жас маман.
Денсаулық сақтау министрлігі ауылдық елді мекендерге баратын мамандарды көтермелеу үшін бір реттік қаржылай көмек көлемін 10 млн. теңге жеткізбек. Бұл жоба қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттарының талқылауында.
Аймақ ауылдарына маман әлі де керек. Бұл мәселені шешуді жергілікті билік алдағы екі жылдағы басты міндет деп біледі.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz