Денсаулық пойызы жолға шықты
Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шықты. Алдағы жарты жылда 20 мың шақырымнан астам жол жүріп, еліміздің түпкір-түпкіріндегі 123 шалғай ауыл мен стансаға тоқтап, медициналық көмек көрсетеді.
90 мыңнан астам қазақстандық медициналық пойыздың қызметін пайдалана алады. Жылжымалы медициналық бригаданың құрамында 36 білікті дәрігер – терапевттер, хирургтер, педиатрлар, невропатолог, рентгенологтар, кардиолог, стоматолог, офтальмологтар, оториноларинголог, онколог-маммологтар, гинекологтар және урологтар. Сондай-ақ, медиаторлар мен заңгерлер бар.
Дәрігерлер алғашқы тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасайды. Бұған қоса, диагностика жүргізу үшін қажетті зертханалық және құрал-жабдықтармен ЭКГ, УДЗ, флюорограф, гастрофиброскоппен жабдықталған.
Жоба іске асқалы бері 15 жылдың ішінде 800 мыңнан астам адам дәрігерлердің көмегін алды. Олардың әрбір бесіншісі – бала. Хирургтер шамамен 37 мың операция жасады. Өткен жылы пойыздың дәрігерлері 104 250 пациентті қабылдаған.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының әріптестігімен жүзеге асырылуда.
www.medpoezd.kz сайтында жарияланған дерек бойынша пойыздың қозғалыс кестесі еліміздің батыс аймақтарынан басталып, сапар соңы желтоқсанда Алматы және Жетісу облыстарында аяқталады деп жоспарланған. Қозғалыс кестесіндегі мәліметтерге сәйкес облысқа пойыз қазанда келеді. Ол Ақадыр, Айса, Жарық, 17-разъезд, Атасу, Қарсақпай, Қоскөлде болады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»