Біздің сұхбат

Денсаулық күзетіндегі игілікті істер

        Гулбаршын Office WordГүлбаршын Мондыбаева Қарағанды мемлекеттік медицина институтының түлегі. Еңбек жолын 1994 жылы Приозерск қаласының орталық ауруханасында бастаған. Қалалық мәслихаттың V және VІ шақырылымының депутаты. Бұл күнде аурухана директорының міндетін атқарып отыр.

Гүлбаршын Қайроллақызы, бір кездегі жабық әскери қала болған Приозерскінің денсаулық сақтау ахуалы қандай дәрежеде?

Қай кезде болмасын халықтың денсаулығын сақтау, сапалы медициналық қызмет көрсету бірінші кезекте тұрады. Қала тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуді кешенді түрде дамытуды алдымызға негізгі мақсат етіп қойғанбыз. Бұл ауқымды жұмыста аурухана директоры Нұрлан Шагировтың басшылығымен бірталай шаруа тындырылды. Қалалық аурухана негізінен жедел жәрдем, стационарлық, күндізгі стационарлық, амбулаторлы емханалық бөлімдерден тұрады. Халықтың денсаулығын нығайту, сақтау және медициналық көмекке мұқтаждығын қанағаттандыру уақыт талабы болып табылады. Сөйтіп, денсаулық саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасымен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен қызмет көрсетеміз. Соның нәтижесінде ел азаматтарына және оралмандарға тегін, барынша дәлелденген тиімді профилактикалық- диагностикалық, емдік медициналық қызметтерді ұсынамыз.

Енді, осыған орай атқарылған жұмыстар жайлы айтып өтсеңіз?

Тіршілік барда медициналық қызмет көрсету жыл он екі ай бойына үздіксіз жалғасады. Уақыт та тоқтаусыз өтеді. Атам қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған ғой. Халықтың денсаулығы мықты болса – ел экономикасы қуатты болады. Қалалық аурухана ұжымы жылына мыңнан аса науқасқа стационарлық ем көрсетеді. Сондай-ақ, 200-ден аса нәресте дүниеге келеді. Ал, күндізгі стационарлық бөлімде 300-ден аса науқас ем қабылдайды. Мұнымен қоса «Жедел жәрдем» бөлімі Приозерск қаласы, Саршыған кенті халқына 8000-нан аса жедел медициналық қызмет көрсетеді.

Емханада аурудың алдын алу, тексеру жұмыстары толассыз жүргізіледі. Неғұрлым кең тараған ауруларды, сондай-ақ, жарақаттарды, улану, басқа да шұғыл жай-күйлерді диагностикалау жүзеге асырылады.Жұқпалы аурулар ошағындағы санитарлық эпидемияға қарсы, санитарлық профилактикалық іс-шараларды ұдайы жүргіземіз. Біздің тарапымыздан халыққа гигиеналық білім беру, отбасын, ана болу, балалық шақты қорғау бойынша насихат, түсіндірме жұмыстары белгіленген кесте бойынша жүзеге асырылады.

Скринингтік тексерулер, жүрек қан тамырлары ауруларын, сусамырды, глаукоманы, гепатиттерді, сонымен қатар инсульт, инфаркт, зағиптық, бауыр циррозы мен обырды тоқ ішек обыры, сүт безі, жатыр мойыны обыры сияқты науқастардың қатты асқынуын алдын алуға жол бермеуге қарсы ем шаралар жүргіземіз.

Халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық тексеру жүргізу мамыр айында өткізілді. Балқаш қаласынан жылжымалы медициналық кешені жеткізіліп, біздің қаламызда жан-жақты медициналық тексеру жұмысын атқарды. Мұндайда қала тұрғындарына скриниг бағдарламасы бойынша тексеріс жасалды. Шара барысында тексерілген халықтың 20 пайызы түрлі патологиялық ауруларға шалдыққаны анықталды. Соның ішінде дәрігерлер заманауи медициналық құрылғылар арқылы жиі кездесетін жүрек, бүйрек, бауыр аурулары, қант диабетін жедел түрде анықтады. Жылжымалы медициналық кешеннің бригадасы 2000-нан астам қала тұрғындарын тексерді. Бүгінгі таңда сүт безі обыры – әйелдерде ең кең тараған онкологиялық ауру болып саналады. Осыған байланысты Шет ауданынан маммография құрылғысы жеткізіліп, 300-ден аса әйел тексерістен өтті. Мұнымен бірге 1500 адамға флюорографиялық тексеріс жүргізілді. Бүгінгі күні туберкулез, обыр аурулары қаламызда өткен жылмен салыстырғанда аз тіркеліп отыр.

Келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі, бұл жөнінде не айтар едіңіз?

Уақыт бәріне төреші, тіпті, денсаулық саласында да әлемдік деңгейдегі озық бастамаларды қолдап, оны біздің елімізде жүзеге асырудың берер пайдасы зор болмақ. Қалай болған күнде де халыққа медициналық қызмет көрсетудің тиімді жағына бейімделгеніміз дұрыс қой. Бұдан қашудың реті жоқ. Иә, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық медицинаны еуропалық талаптарға сай ету мақсатында – жаңа реформа Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Осы жүйені іске асыру мақсатында елімізде сәуір айынан бастап «Емханаға тіркел – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінеде өз статусыңды анықта!» акциясы өткізілуде. Акцияға емхана қызметкерлері де белсене ат салысып, қала халқымен тығыз жұмыс жасауда.

Орайы келгенде айта кетейін, ұжым жас мамандармен толықтырылады, оларға қамқорлық көрсетіледі. Былтырғы жылы 9 жас маман еңбек жолын бастады. Дәрігер мамандар жетіспейтін. Бұл мәселе де біртіндеп шешіліп келеді. Мереке күні қарсаңында көңіл-күйіміз көтеріңкі,шат-шадыман жүретініміз шындық. Бір жылғы еңбегімізді қорытындылаймыз, атқарған ісімізді саралаймыз. Алдағы жаңа жоспарларды жүзеге асыруға бағдарлама жасаймыз. Сонымен қатар ардагерлер, абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлер еңбегін атап өтеміз. Мәселен, медицина саласында 40 жылдан аса қызмет атқарған дәрігер, психиатор-нарколог Қ.Көшербаев, лор дәрігер Ж.Оразов, бактериолог Ж. Нұрашева, эпидемиолог А.Құтжанова, терапевт А.Сартаева, тағы басқалар өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, төл мерекелеріне лайықты тарту әзерлей білді.

Уақытпен санаспай денсаулық күзетінде өзімізге жүктелген ауыр да ардақты міндетті мүлтіксіз өмір жүзіне асыра беретін боламыз.

Әңгімеңізге көп рахмет.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button