Ресми

Дені сау ұлт – дені сау ұрпақ

Денсаулық сақтау саласына мемлекет қашан да баса мән береді. Қазір ауылдық медицинаны, инфрақұрылымды дамытуға, кадр тапшылығы мәселесін шешуде бірқатар шаралар қолға алынуда.

Негізгі көрсеткіштер

Өткен жылдың қорытындысы бойынша туберкулез сырқаты мен туберкулезден өлім-жітім азайды. Сырқаттанушылық 20,2%-ға, өлім-жітім 7,7%-ға төмендеді. Нәресте өлімін 30%-ға төмендетуге жағдай жасалды. Бес жыл және одан да көп өмір сүретін қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың үлес салмағы 54%-дан 56,5%-ға дейін өсті. Облыс тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 72,3 жылды құрап отыр.
2024 жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда өсті. Биылғы жылғы міндеттерді іске асыруға 185,2 млрд. теңге (2023 – 174,5 млрд. теңге) бағытталады.

 

Инфрақұрылымда даму бар

Былтыр екі жылға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырыла бастады. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің (дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер) инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылды. Облыста 92 нысан салынады. 2023 жылы – 14, биыл 78 нысан салу жоспарда бар. Ауыл тұрғындары үшін жаңа профилактикалық бағдарламалар енгізілді, бағдарламалар әр жас мөлшеріне есептелген және Check-Up түрінде жүргізіледі. Ауыл тұрғындары үшін көліктегі медицина да белсенді қолданылады.

Былтыр 14 денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жасалды. Мәселен, облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық корпустарын жөндеу бойынша ауқымды жоба аяқталды. Шет ауданы Ақадыр кентіндегі, Теміртау және Балқаш қалаларындағы ауруханалар жаңа келбетке ие болды. Облыстық онкология бөлімшелері және химиотерапия курсына арналған қосымша корпустарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл облыстық клиникалық аурухана корпустарына, Балқаш қаласындағы жедел медициналық жәрдем қосалқы станцияларына, Шахан кентінің отбасылық денсаулық орталығына, Қарағанды қаласындағы №1 емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалады.

 

Заманауи техника маманға сеп

Ауруханалар заманауи медициналық техникамен жабдықталды. 2023 жылы 5 600-ден астам медициналық жабдықтар мен техника сатып алынды. Бұл медициналық ұйымдардың жабдықталуын 87%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Инсультпен ауыратын пациенттерді уақытылы диагностикалау және онкологиялық пациенттерді емдеуге арналған жабдықтарға баса назар аударылған.

Тыныс алу жүйесі ауруларын уақытылы диагностикалау үшін, Осакаров және Қарқаралы аудандарының ауруханаларына компьютерлік томографтар алынды. Бір компьютерлік томография аппараты Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Жапония Үкіметі арасындағы экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламасы шеңберінде грант алу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді іске асыру шеңберінде тегін алынды. Бұл аппарат Қарағанды қаласында №1 көпсалалы аурухана базасында орнатылған. Қазіргі уақытта облыста 26 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді.

Жедел медициналық жәрдем автопаркі былтыр жыл соңында «Qarmet»-тен қайырымдылық көмек ретінде 10 автокөлікпен толықтырылды.

 

Алғашқы көмек – маңызды

Қарағанды облысында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастыру желісі 37 ұйымнан тұрады. Оның ішінде, 22 мемлекеттік және 15 жеке ұйым бар. 2023 жылы 26 млн. астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар үшін негізгі бағдарлама – отбасылық медицинаны дамыту, профилактикалық бағдарламаларды енгізу, диспансерлік пациенттерді динамикалық бақылауды жақсарту, әлеуметтік қызметпен интеграциялау.

2023 жылы Қарағанды қаласындағы №3 емхана базасында адам денсаулығын сақтауға және халықтың қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған кешенді медициналық, әлеуметтік және психология­лық көмек көрсететін үздік тәжірибелер орталығы ашылды. Орталықта отбасылық дәрігерлер, патронаждық медбикелер, акушерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар кіретін мультидисциплинарлық командалар құрылған, бұл пациенттерге барынша жан-жақты және кешенді күтім жасауды қамтамасыз етеді.

Барлық ұйымдар үшін кіре берісі, тіркеу орны, холдар мен пациенттердің күту аймағының бірыңғай тұжырымдамасының дизайны әзірленген. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда тегін дәрі-дәрмектермен проблема болмас үшін былтыр да, биыл да жеткілікті мөлшерде қаражат қарастырылған. Жыл соңына қарай әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында, диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер негізгі қажетті препараттардың үш айлық қорын алды.

 

Кадр тапшылығы шешілуде

Медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Ол үшін облыс бойынша кадрлық стратегия әзірленді. Жас дәрігерлерді жұмысқа тарту мәселесін қызметтік пәтерлер беру, оларды жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникамен қамтамасыз ету есебінен шешеміз.

2023 жылы алғаш рет ауылға баратын дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін қаражат бөлінді. Нәтижесінде ауылға 61 медицина қызметкері, оның ішінде, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, кардиологтар, неврологтар, акушерлер мен фармацевттер келді. 2024 жылы әлеуметтік қолдау үшін Балқаш және Теміртау қалаларына қаражат бөлінді.

2024 жылы келген мамандарға Қарағанды қаласында 138 қызметтік пәтер беріледі, ауыл дәрігерлеріне қызметтік пәтерлер беріледі. Атап айтқанда, Қарқаралыда – 27, Шет ауданында – 6, Ақтоғай ауданында – 3 пәтер. 2024 жылы Балқаш қаласында дәрігерлерге арналған 45 пәтерлік тұрғын үй ғимаратын қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында дәрігерлерге арналған тұрғын үй кешенінің құрылысы үшін жер учаскесі бөлінді, 2024 жылы медицина қызметкерлері үшін тұрғын үй салу жұмыстары жалғасатын болады.

Мақсатты жұмыс нәтижесінде ағым­дағы жылы 362 маман, оның ішінде, резидентураны аяқтаған 75 маман келді.

 

Кәсібилік бірінші кезекте

Мамандардың кәсібилігі мен құзыреттілігін арттыру тұрақты түрде қолға алынған. Балалар нейрохирургиясы, кардиология, инсульт қызметі, онкология және радиология, шұғыл жағдайлар бағыттары бойынша 63 дәрігер жақын және алыс шет елдерде оқып келді. 19 маман халықаралық жаттықтырушыларға оқытылды. Бұл үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. 300-ден астам жедел медициналық көмек көрсету жүргізушілері жедел медициналық көмек көрсете алуға және қауіпсіз жүргізу бойынша оқудан өтті.

Бұдан басқа, заманауи даярлау әдістерін пайдалана отырып, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін оқыту жалғасын табады. Бiлiм берудiң классикалық жүйесi маманды сапалы практикалық даярлау проблемасын толық шешуге қабiлетсiз. Мұның басты себебі, клиникалық жағдайлардың алуан түрлілігін қалпына келтірудің мүмкін еместігі, сондай-ақ, оқушылардың пациентпен қарым-қатынасында моральдық-этикалық және заңнамалық шектеулер болып табылады. Сондықтан біз практикалық іс-қимылдар үшін табиғи жағдайларға жақындатылған мүмкіндіктерді имитациялайтын тренажерлардың кең арсеналын пайдалана отырып, олардың даму серпінінде барлық клиникалық жағдайларды компьютерлік модельдеу – «Симуляциялық оқытуды» жүзеге асырамыз. 2023 жылы жедел медициналық жәрдем базасында барлық қажетті симуляциялық орталықтары бар оқу-жаттығу орталығы ашылды. Сонымен қатар, біздің дәрігерлер мен медбикелеріміз шеберлік сыныптарын өткізуге шақырылатын отандық және шетелдік клиникалардың жетекші мамандарынан үйренуге мүмкіндік алады.

 

Технология қолданысы артады

Тиiмдi медициналық көмек көрсету мәселесi қазiргi заманғы технологияларды, халықаралық стандарттарды енгiзумен тығыз байланысты. Оны заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарынсыз жүргізу мүмкін емес. Ғылым бір орында тұрмайды, біз бұрын армандай алмайтын медициналық техника жасалуда. Сондықтан, медициналық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жолдарын үнемі іздестірудеміз.

«Turar Healthcare» КЕАҚ-мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу бойынша үш бағыт бойынша келісімге қол жеткізілді. Денсаулық сақтау желісі бағытында ескі ғимараттардың орнына жаңа ғимараттар салу, күрделі жөндеу жасалады. Материалдық-техникалық жарақтандыру аясында медициналық техникамен жарақтандыру жөніндегі жоспар жасалады және кадрлық ресурстар бағыты облыстың медицина қызметкерлерін тарту, даярлау және біліктілігін арттыруды көздейді.

Бұл халықтың қажеттілігіне және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау ұйымдарының тиімді желісін құруға, денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мен жаңғыртуға, медициналық кадрлардың құзыретін арттыруға мүмкіндік береді.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button