Декларация тапсыру мерзімі аяқталуға жақын
1 қаңтардан елімізде кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіле бастаған болатын. Ал, 15 қыркүйекте декларациялаудың екінші кезеңі – активтер мен міндеттемелерді ұсыну мерзімі аяқталады. Тапсырып үлгермегендер декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» порталы, E-Salyq Azamat, eGov.mobile мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде ұсына алады.
Декларацияда не көрсетіледі?
Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Ахметбеков декларацияны бюджеттік ұйым қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор басшылары, яғни, барлық ұлттық компания басшылары өздерінің жұбайларымен бірге тапсыратынын айтады. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде ұлттық холдингтер, сондай-ақ олардың еншілес, тәуелді секторлары және басқа заңды тұлғалар кіреді.
250.00 нысанындағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда не көрсетілуі керектігіне де тоқталды Қанат Мұратұлы.
– Декларацияда шет мемлекетте тіркелген мүлікті көрсету қажет. Одан бөлек, Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі шоттардағы барлық салымдар бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын қаражат та көрсетіледі. Ел аумағынан тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, авторлық құқық, зияткерлік меншік нысандары – осының бәрін Қазақстанда да, ҚР шегінен тыс жерлерде де көрсету қажет, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Одан бөлек, жеке тұлғаның қалауы бойынша құны айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асып кеткен және бағалау құны бар мүлік те, одан бөлек, сенімгерлік басқаруға берілген мүлік те декларацияға енеді.
Декларация уақытылы ұсынылмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабына сәйкес, жауапкершілік көзделген. Бұл ретте алдымен ескерту жасалады. Ал, ескертуден кейін тағы қайталанар болса, айыппұл салынады.
Банкроттыққа өтініш беру – тегін
Брифингте Қанат Ахметбеков соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтініштердің қайтарылу себептерін де атады. Естеріңізде болса, биылғы жылдың 3 наурызынан «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігі мен банкроттығын қалпына келтіру туралы» Заңы күшіне енген болатын. Соған сәйкес, бүгінде облыста соттан тыс банкроттыққа 2534 өтініш берілген. Оның 578-і мақұлданып, 1878 өтініш қайтарылған. Ал, 78-і – қарастырылуда.
– Статистика көрсеткендей, қайтарылған өтініштердің дені 12 айда жүйелі түрде төлем қабілетінің болмауына байланысты. Яғни, қарыз ішінара өтелген. Одан бөлек, жеке сот орындаушылары берешекті мәжбүрлеп өндіріп алған. Мемлекеттік органдар базаларында дер кезінде түзету жасалмағандықтан, атына тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлігінің бар екенін білмейтін жағдайлар да бар, – дейді Қанат Мұратұлы.
Бұл ретте, деректерді соттан тыс банкроттықтың кіріс параметрлеріне сәйкестігін тексеру мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дерекқорларын салыстыру арқылы TAZALAU жүйесінде автоматты түрде жүзеге асырылады.
Қанат Ахметбеков соттан тыс банкроттыққа өтініш бергісі келетіндерге несие тарихын алдын ала тексеріп, тіркелген мүліктің болуы немесе болмауы туралы кадастрлық анықтаманы алуға кеңес береді. Содан кейін ғана соттан тыс банкроттықты қолдануға өтініш берген дұрыс. Өйткені, қайта өтініш беру үш айдан кейін жүргізіледі.
Соттан тыс банкроттық бойынша қызметті мемлекеттік кірістер органдары көрсетеді. Өтініш беру – тегін. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына немесе аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну жеткілікті.
Салықты уақытылы төлеу – міндет
Қанат Ахметбеков салық берешегін өтеуге қатысты да ақпаратпен бөлісті. Мәселен, 21 тамызда облыс бойынша жеке тұлғалардың берешегі 988 млн. теңгеге жеткен. Оның 960 млн. теңгесі – көлік құралдарының салығы.
– Мемлекеттік кірістер департаменті облыстың полиция департаменті және жеке сот орындаушыларымен бірге көлік құралдарына салынатын салық берешегін өндіріп алу мақсатында бірлескен іс-шаралар өткізеді. Борышкерлердің автомобильдері «Қорғау» бағдарламасымен анықталады. Яғни, көше камераларының деректері талданады және полицияның жақын маңдағы нарядының планшетіне хабарлама жіберіледі. Бұл көлік салығы бойынша қарызы бар жүргізушіні жылдам анықтауға және шара қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 46 млн. теңге сомасында берешек өндірілді, – дейді Қанат Мұратұлы.
Берешекті «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасынан, www.kgd.gov.kz порталынан, сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан білуге болады.
Қанат Мұратұлы 1 қазанда жеке тұлғалардың мүлкіне салық төлеу мерзімі аяқталатынын еске салады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»