Деңгейі биік Динара
Бір көрген адам осы бір қолтоқпақтай ғана қарапайым қазақ қызын Әлем чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы деп ойлай да қоймайды.
Осыншама атақ, марапатқа Динара Есілбаева оңайлықпен жеткен жоқ. Ол – қажымас қайратының, талмас табандылығының, тер төккен жаттығуларының арқасы. Тағдыры да бұған аз салмақ салмады. Өмірге 1986 жылдың 17 қазанында келген ол марқұм әкесінің түрін есіне түсіре алмаса, анасы Айторы 8 жасында көлік апатынан қаза болды. Тұл жетім қалған оны шешесінің. сіңлісі Алма Қарағандыдан Абай. қаласына алып келіп, осындағы №14 орта мектепке оқуға береді. Жас. күнінен басына түскен қиындыққа мойымаған балдырған сабағын да ақсатпай, бос уақытында жауынгерлік өнермен, каратэмен бірдей айналыса бастайды.
Сол кезде оған осы спорт түрлерінің әдіс-тәсілдерін жалықпай үйретіп, алдағы жеңістеріне жол ашқан жаттықтырушысы бүгінде өзімен Абай қаласындағы балалар-жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде еңбек ететін Асқар Оспанов еді. Оның тәлім-тәрбиесін алған бұл да сан сыннан сүрінбей, жан алысып, жан беріскен айқастарда маңдайы жарқырап, топ жарған.
Әдетте ұл балалар үйір келетін бұл спортқа Динараның құмартуына 90-жылдардағы кейбір жағдайлардың да себепші болғаны анық. Өйткені сол тұста біреуді-біреу жәбірлеу, бопсалау, күш көрсету етек алып тұрған-ды. Сондықтан да ешкімге есесін жібермеуге тырысқан қайсар қыз каратэден қол ұрысына көшеді.
Бұл жолғы аяқ алысы да сәтті болып 8-сыныпта оқып жүргенде облыс чемпионы атанды. Одан әрі жеңісті жолдары жалғаса берді. Республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі бірінші орындарды жеңіп алды. 2001 жылы оған «Қол ұрысының аруы» дәрежесі берілді. Ал, 2005 жылы республикада қыздар арасынан тұңғыш рет қол ұрысынан спорт шебері, 2007 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды. Соңғысын сол жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласына 3750 жыл толуына орай өткізілген әлем чемпионатында иеленді.
Сондағы ақтық сайысын Динара әлі күнге дейін еске алып: «Менің бұл ұрыстағы қарсыласым өзбек қызы болды. Ол өз еліндегі қалың жанкүйерлерінің жаңғырта айқайлаған қошемет-қолдауына арқаланып, үстін-үстін шабуылдады. Бірақ менің тәжірибем мен техникалық шеберлігім одан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілдім», – дейді. Небәрі 21 жасында қол ұрысынан Әлем чемпионы атанған бойжеткен даңқ дақпыртына даурықпай, 2009 жылы Алматы қаласындағы Қазақ туризм және спорт академиясын бітіріп, жаттықтырушы-оқытушы мамандығын алып шығады.
Міне, содан бері Динара Болатқызы табан аудармай Абай қаласындағы балалар-жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде жұмыс істеуде. Ол мұнда өзінің бір кездегі ұстазы Асқар ағасы мен оның баласы Данияр екеуі бірге жас жеткіншектерді қол ұрысының айла-амалдарына үйретіп, тынымсыз жаттықтырады. Динараның өз тобында әр жастағы жүзге тарта бала бар. Солардың ішінде осы спорт түрінен жақсы нәтижеге жетіп жүргендерін атап айтуға болады. Мәселен, Имин Шайхутдинов қол ұрысынан Әлем чемпионының алтын медалін тағынса, Данил Махамбетов республика чемпионы ал, Данил Фирсов еліміздің күміс жүлдегері.
Спортты серігіне айналдырған Динара оны өнер деп санайды. Затында біртоға, қарапайым қалпынан айнымайды. Алайда, басқа шығып, басынбақ болғандарды лезде сабасына түсіреді.
Біздің кейіпкеріміз бұл мектепте өзінің сүйікті ісін де, өмірлік жарын да тапты. Осында жаттықтырушы болып істейтін бокстан спорт шебері Евгений Соколовпен тұрмыс құрып, қазір екеуі Савелий, Евгений есімді алтындай екі бала өсіріп отыр. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, келешекте бұл бүлдіршіндер отбасылық дәстүрді жалғастырып, белгілі спортшы болар, бәлкім…
Ержан ИМАШ.
АБАЙ