Жаңалықтар

Дарынды балаға жағдай керек

Қалалық педагогика қызметкерлерінің тамыз кеңесінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капиталды» арттыру және білім беру жүйесіндегі жаңа реформалар талқыланды. Басты назар – өнеркәсіпті өңір оқушыларының біліміне жаңа мазмұн енгізуге бағытталды.

Облыстық тамыз кеңесінде облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев жаңа оқу жылынан бастап облыс мектептерінде халықаралық «Күшті ғылым» білім жобасы жүзеге асатынын айтқан болатын. Осы ретте, Қазақстанды сандық жүйеге енгізуде, әсіресе, STEAM-білім беру жүйесін қолдану көзделген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының білім беру саласындағы маңызды аспектілері талқыланған болатын.

Қалалық №102 мектеп-гимназиясында өткен пленарлық отырысқа 500-ден аса адам қатысты. Мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, инклюзивті білім беру педагогтары, директорлардың ақпараттандыру жөніндегі орынбасарлары, психологтар, педагогикалық еңбек ардагерлері пікірлерін ортаға салды.

Жиынға №102 мектептің таңдалуы да тегін емес. Екі жыл бұрын ашылған жаңа білім ошағында қазір робот сыныбы жұмыс істеп тұр. 2100 оқушыға білім берумен қатар, тиімді жағдай жасап қойған.

Сондай-ақ, білім саласының қызметкерлері жиында бастауыш сынып оқушыларына физика, химия, биология пәндерін оқытудың маңызды екенін атады. Баяндама барысында облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рашит Белгібаев, Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Глеб Давлетгариев, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың оқытушысы Нұрсахан Бейсенбекова, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Р. Кенешова сөз алып, Жолдау аясында атқарылған істерді атады.

Білім саласының қызметкерлері бастауыш сынып оқушыларына физика, химия, биология және астрономия пәндерінің негізін түсіндіру маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ, компьютерлік сауаттылық – цифрландыру процесін жүргізудің басты нысаны екенін жиынға қатысушылар тілге тиек етті.

– Оқушылар гаджеттер қолдану арқылы қоршаған орта мен ғылымды тани алады. Бір-бірімен диалог құрып, тәжірибе жасайды. Осылайша балаларда орта мектептерде жаратылыстану ғылымын зерттеуге қызығушылық артады. Ал, мұғалімдерге сабақ беру әдістемесі онлаин-платформада цифрлы түрде беріледі. Бұл – сандық технологияны тиімді әрі нақты қолдануға мүмкіндік береді, – деді ұстаздар қауымы.

Жалпы, Қарағандының мектептерінде робототехника қарқынды дамыған. Бүгінде облыстың 230 мектебінде робототехника зертханалары бар екенін ескерсек, жыл соңына дейін тағы 10 мектепте осындай кабинеттер пайда болмақ. Қосымша білім беру мекемелерінде осы жылы Шахтинск, Балқаш, Жезқазған қалаларында технопрактер ашу жоспарланған.

Мәселен, қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының қолдауымен мектептерде ІТ-сыныптар ашылуда. Қазір олардың саны 10-ға жетсе, жыл аяғына дейін 40-қа жеткізу көзделіп отыр. Осыны тілге тиек еткен мұғалімдер «оқушының интеллектуалдық білімін жетілдіру аса маңызды» дейді. Ол үшін тек дарынды балаға жағдай жасау керек. Ұстаздардың айтуынша, балалар салған суреттер, жаңа мазмұндағы оқулықтар көрмесі – зияткер оқушының дүниетанымын кеңейтеді.

Сондай-ақ, кеңесте STEAM – орталықтар жобаларының көрсетілімі, мектеп жасына дейінгі балалардың робошығармашылығы ұйымдастырылды. №2 ӨМ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Мұғалімдерге арнайы пәндер бойынша секциялық отырыстар №№ 5, 15, 16, 23, 39, 57, 59, 77, 83, 101, 102 білім ошақтарында және «Достық үйінде» жалғасын тапты. Ұстаздар отырыстарда еліміздің білім беру мазмұнын жаңартуға бағытталған әдістемелік нұсқаулықты талқылады.

Қала әкімдігі және білім бөлімі тамыз кеңесіне қатысушыларға, білім беру ұйымдарының басшыларына жемісті еңбектері үшін алғыс білдірді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button